21 Қаңтар, 2017

Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылды

620 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне тек мүмкіндігі шектеулі адамдар шақырылды. Бір күнде барлығы 40 мүгедек жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жәрмеңкеде 24 мекеме 67 жұмыс орнын ұсынған. Алдын-ала шақырту алған мүмкіндігі шектеулі жандарға білім, денсаулық сақтау мекемелерімен қатар, өндіріс орындарынан жұмыс берілді. Коммуналдық мекемелер де өздеріне қажетті маманды іздеді. Мүгедектерге тігінші, күзетші, абоненттерді бақылау, компьютер бағдарламашылары секілді бірнеше жауапты жұмыс орындары ұсынылды. «Жәрмеңкеге 63 мүгедек жан келді. Олардың 32-сі тұрақты жұмысқа жолдама алып, сегіз адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Білімін жетілдіру, жаңа мамандық игеруге ниет білдірген үш адам қайта даярлау курсына жіберілді», – деді «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының саяси бөлімінің меңгерушісі Ақылбек Сахиев. Мүгедектер арасында кәсіпкер болып, шағын бизнесті қолға алуға ниет білдірушілер де бар. Оларға шағын несие алудың жолдары түсіндірілді.