01 Сәуір, 2011

Топжарғандар

499 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің солтүстік өңірлерінде қазір хоккейдің нағыз қызған шағы десе болады. Осы күндері төрт бірдей қалада хоккейден Қазақстан чемпионатының жартылай финалына шыққан командалардың ойындары өтіп, жеңімпаз атанған екі ұжым финалға жолдама алды. Сөйтіп, «Барыс-2» (Астана), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Ертіс-Павлодар» (Павлодар) мен «Бей­барыс» (Атырау) командалары ара­сында өткен матчтарда қарсы­ластарынан басым түскен елор­да­лық хоккейшілер мен атырау­лық­тар 2010-2011 жылғы ел чем­пио­ны атағы үшін күресетін болады. Бұл екі команданың алғашқы кездесуін 6-7 сәуір күндері Астанада өткізу жоспарлануда. Жалпы, биылғы Қазақстан чем­пионатына 10 команда қатыс­ты. Онда командалар үш кезең бойынша күш сынасты. Бірінші кезеңде қарсыластар өзара төрт кездесу өткізіп, 1-10 орын үшін ойнаса, екінші кезең екі айна­лым­ға бөлініп, онда жақсы көрсет­кішке ие болған ұжымдарға келесі айналымға шығуға басымдық берілді. Ал үшінші плей-офф ке­зе­ңіне алдыңғы екі кезеңде үздік нәтиже көрсеткен 8 команда жолдама алды. Осы плей-оффтың бірінші айналымынан сүрінбей өт­кендер екінші айналымға шығып, бәсекелесті. Олардың арасында жоғарыда атап өткен «Барыс-2» (Астана), «Сарыарқа» (Қараған­ды), «Ертіс-Павлодар» (Павлодар) мен «Бейбарыс» (Атырау) коман­да­лары бар. Жартылай финалдың екінші айналымы басқа кездесулерге қа­ра­ғанда қызықты және тартысты өтті деуге болады. «Барыс-2» мен «Сарыарқа» арасында өткен бә­секеде астаналықтар барлық жа­ғынан басымдық танытты. Мә­селен, Қарағандыда өткен бірінші ойында алаң иелері 2:4 есебімен жеңілсе, келесі матчта 4:1 есебімен ұтты. Астанада өткен ой­ын­дарда да дәл осындай жағдай қай­таланды. Бірінші кездесуде алаң иелері 2:1 есебімен жеңсе, екіншісінде 1:4 есебімен ұтылды. Қа­ра­ғандыда өткен бесінші және алтыншы матчтардың біріншісінде қонақтар 3:1 есебімен жеңсе, екіншісінде алаң иелері 7:1 есебімен басым түсті. Ал соңғы Астанада өткен екі кездесу де алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ең соңғы ойында «Барыс-2» қонақ­тарды 3:0 есебімен ұтты. Екінші қарсыластардың кездесуінде Атыраудың «Бейбарыс» ко­мандасы Ерлан Сағымбаевтың шәкірттерін алты ойынның нәти­жесінде төрт рет жеңіп, финалға жолдама алды. Осы ойындарда со­ғылған 25 шайбаның 15-ін аты­раулықтар қақпаға тоғытты. Қорыта айтқанда, хоккейден ел чемпионаты 1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқаны белгілі. Осы аралықта Өскеменнің «Қаз­цинк-Торпедо» командасы 13 рет Қазақстан чемпионы атанды. Қа­зір бұл ұжым Ресейдің ашық біріншілігінде өнер көрсетуде. Од­ан кейін 2007-2008 және 2008-2009 жылдары Астананың «Ба­рыс» командасының мерейі үстем болды. Бұл команда да қазір Құр­лықтық хоккей лигасында бақ сы­насуда. Сонымен бірге ел чем­пио­ны атағын Теміртаудың «Болат» (1998-1999) пен Қарағандының «Сарыарқа» (2005-2006) ұжымда­ры бір-бір рет иеленді. Дастан КЕНЖАЛИН.