Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Канада Парламенті Қауымдастықтар палатасының сыртқы істер және халықаралық даму комитетінің төрағасы Роберт Нолт бастаған парламенттік делегациямен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Н.Нығматулин атап өткендей, бұл сапар – Қазақстан Канаданың маңызды әріптестерінің бірі екендігінің жарқын көрсеткіші. Биыл – Канаданың 150 жылдық мерейтойы. Әріптестерін осы айтулы датамен құттықтаған Мәжіліс Төрағасы Канада халқына игілік пен гүлдену және табыс тілеген ізгі сәлемін жолдады.
Биыл қос мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толды. Н.Нығматулиннің пікірінше, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Канада Премьер-министрі Джастин Трюдоның былтыр Қытайда өткен «G20» Саммитінде кездесуі екіжақты саяси үнқатысу үшін маңызды орын алып отыр. Тараптар уран, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, білім беру мен туризм салаларына басымдық бере отырып, Қазақстан-Канада қарым-қатынасын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған Саяси үндеуіне айрықша назар аударды. Бұл – ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптастыру, БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция құру, деді өзінің сөзінде Н.Нығматулин.
Сондай-ақ, ол: «Біз Канадамен үнемі пікір алмасу, түрлі халықаралық құрылымдарда күштерімізді үйлестіру, бастамалар мен позицияларымызды өзара қолдау жолымен халықаралық аренадағы іс-қимылымызды нығайтатын боламыз», – деді.
Өз кезегінде мейман Қазақстанның қазіргі даму деңгейін жоғары бағалай келіп: «Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан құқық үстемдігі, плюрализм, мемлекеттік қызметті реформалаумен қатар, көптеген маңызды бағдарламаларды жүзеге асырды. Біз әрқашанда Қазақстанды қолдаймыз», – деді.
Тараптар парламентаралық байланысты тереңдету жайына да ерекше көңіл бөлді.
Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы канадалық әріптесіне біздің елімізге ресми сапармен келу туралы шақыру жолдады