Бітімгерлік мақсатты ту етіп, берік бейтарап ұстанымымен әлемдік қоғамдастықтың сеніміне ие болған Астана Сирия мәселесіне қатысты мүдделі тараптарға үнқатысу алаңын ұсынып отыр. Бұл орайда, негізгі ойыншыларды бір үстелдің басында тоғыстыратын Астана процесіне үлкен үміт артылып отырғанын атап өткен жөн.
Бітімгершілік мақсатта келіссөз өткізу үшін таңдау Астанаға түскені әлемдік аренада Қазақстанның зор сенімге ие ел екендігін, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биік абыройын көрсететіні сөзсіз. Жалпы, бұған дейін беделді саясаттанушылар айтып өткендей, Астана процесі Сирия мәселелерін шешу жолындағы ірі жетістік. Біріншіден, тараптардың ымыраға келуге, бейбітшілік орнатуға қадам жасауға ниетті екендіктері байқалды. Ал келіссөздер барысында аласапыран аймақтағы бірқатар аудандарға қатысты бейбіт байлам жасалып жатса, бұл үлкен табыс болмақ. Сөз жоқ, бұл соғыс өртіне шарпылған миллиондаған қарапайым халық үшін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес үлкен қуаныш болар еді.
Тағы бір айта кетерлігі, Астанадағы кездесуде Сирияның бірқатар аудандарындағы қарапайым халық үшін гуманитарлық көмек жеткізу сынды аса маңызды мәселе қарастырылмақ. Апталап-айлап ауыз су мен азық-түлік тапшылығын, тиісті медициналық көмек пен дәрі-дәрмек зәрулігін көріп жатқан халыққа көмек қолы созылса, адами тұрғыда бұл да бір сауапты іс болар еді.
Оған қоса, әлемдік қоғамдастық алдағы ақпан айында Женевада өтетін келіссөздерге де үлкен үмітпен қарап отырғанын айта кетуіміз керек. Астанадағы бәтуа Женева келіссөздерінің сәтті өтуіне оң ықпал ететін аса маңызды шара деп қабылдаған ләзім. Женевадағы келіссөздердің жемісті өтуіне Астанадағы диалог алаңы алғышарт болса, құба-құп.
Жалпы, Сирияда сонау 2011 жылдың көктемінде қарулы қақтығыстар басталып, содан бері оқ-дәрінің түтіні сейілмей жатқаны, бейбіт халықтың жапа шегуі халықаралық қоғамдастықтың, әлем жұртшылығының назарын аударып, жан күйзелтіп отырған жайт. Тарихы сонау біздің дәуірімізге дейінгі кезеңнен тамыр тартатын, ежелгі өркениет ошақтарының бірі саналатын елдің бүгінгі тағдырына бей-жай қарау мүмкін емес. Талай аңыз-әңгімелерге, жыр-дастандарға арқау болған, әдебиет пен ғылым дәуірлеп, даналар мен даналықтың ордасына айналған құт мекен... Иә, адамзат тарихындағы көне өркениеттердің кіндігі саналған өңір қазір қарулы қақтығыс ошақтарының біріне айналып отыр. Кезінде кеудесіне тылсым сыр мен тұмса даналықты толтырған, сәулет ескерткіштері әлем жұртының сүйінішін тудырған Шам елі бүгінде соның бәрінен ада болып, қирандыға айналуда.
Бір данышпаннан қалған «Соғыс – өркениеттің өтеуі» деген қанатты сөз бар екен. Сирияның бүгінгі тағдырына қарап отырып еріксіз осы тіркес тіл ұшына оралады. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген өткен жылдың соңындағы деректерге үңілсек, қақтығыс басталғаннан бергі аралықта 300 мыңнан астам адам опат болып, 1 жарым миллионнан астам адам жарақат алыпты. 1 миллионнан астам сириялық туған елінен бас сауғалауға мәжбүр болса, тағы 5 миллионнан астам адам үй-жайын тастап, қолына ілінген мүлкін арқалап, атамекенінің аумағында сая таппай босып жүр.
Инфрақұрылымы түгелге жуық қирап, қатынас қиындаған елден кете алмай қалғандардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, әрбір бес адамның төртеуі кедейлік құрсауында. Тоя тамақ ішуді айтпағанда, жай ғана ауыз суға жарымай, лас суды тұтынуға мәжбүр. Шетелдік сарапшылар қақтығыс толастамаған жағдайда бейбіт халық арасында жұқпалы аурулар таралуы мүмкін екенін ескертуде.
Соңғы жылдары тыныш өмір іздеп, Еуропаға бас сауғалаған босқындардың басым бөлігін сириялықтар құрайды. Көші-қон мәліметтеріне сүйенсек, Еуропаға ағылып келіп жатқан босқындар нөпірінің ішінде бойында күш-қайраты бар, тепсе темір үзетін азаматтар көп көрінеді.
Инфрақұрылым мен жеке үйлер ғана емес, адамзатқа ортақ мәдени мұралар, сәулет туындылары, тарихи ескерткіштер қирап жатқанын айтпай кете алмаймыз. Өнертанушы ғалымдардың айтуына қарағанда, соғыс басталғаннан бері Шам елінде аса құнды деген 290 тарихи ескерткіш қираса, соның 29-ы ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізімінде екен. Алеппо қаласының төңірегіндегі туристер мен ғалымдардың көзқуанышына айналған 300-ден астам «өлі қала» болса, қазір олар шын мәнісінде жойылуға айналған.
Ал соғысқа дейінгі Сирия қандай еді? Шөлді аймақта орналасса да, экономикасын гүлдендіріп, шөл даланы шұратқа айналдырған елдердің бірі болатын. Жер қойнауындағы мол қазба байлықтарының арқасында шикізат экспорты жолға қойылған. Мұнай мен газ өндірісі дамығанын айтпағанда, ел табысының 30 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығымен де мақтана алатын. Шөл далада көкөніс өсіріп, өз халқын қамтамасыз етіп, көршілес мемлекеттерге де сатып қыруар табысқа келетін. Тоқыма өнеркәсібі дамыған Сирияның өнімдерін басқа елдерді айтпағанда, Франция, Италия, Германия сынды Еуропа елдерінің өзі құлшыныспен сатып алатын. Ашық экономика орнатып, сыртқы сауданы жетілдірген мемлекет ретінде Сирия құрлық, әуе, теңіз жолдары арқылы тауар тасымалдауды жолға қойған, аймақтағы экономикасы өрлеген елдердің бірі саналатын.
Қазір оның бәрі келмеске кеткені түсінікті. Инфрақұрылымның басым бөлігі қираған, сыртқы нарықпен ұзақ жылдар бойғы байланыстар үзілген. Мұнай-газ өндірісі мен экспорт құлдыраған. Соғысқа дейін жеке сектор қарқынды түрде дамып, өнеркәсіп өнімдерінің 25 пайызын бере алатын жағдайға жетсе, қазір оны елестетудің өзі қиын.
Беделді халықаралық қаржы ұйымдары қақтығыс басталғаннан кейінгі жылдары Сирия экономикасының қаншалықты құлдырағаны туралы мәліметтерді жариялап отырса, қазір оны есептеудің өзі мүмкін еместігін айтады.
Бабаларымыз Шам елі, Шам шаһары деп әспеттеген, жыр-дастандарға, аңыз әңгімелерге арқау еткен елдің бүгінгі жай-күйі әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отырғаны түсінікті. Бұл орайда, Астананың қашанда бейбітшілікті қолдайтын, өзінің бейтарап ұстанымына берік ел ретінде келіссөз алаңын ұсынып отырғанын өте орынды қадам деп бағалаған ләзім.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Сириядағы әскери жағдай 9 қаңтар 2016 жыл
Дараа – Дамаск – Алеппо
Латакия – Алеппо – әл-Ярубия
Хомс – Латакия
Хомс – Дейр Эзор
Ресми билік
Сирия демократиялық күштері
Ресми билік пен демократиялық күштер
Әскерилер
«Ислам мемлекеті»
Израиль
Су көздері
Әуежайлар мен әуе базалары