23 Қаңтар, 2017

Жәдігер

855 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өткен күндерден сыр шертетін жазба­ларға қара­ғанда, Әулие ата жерінде ал­ғаш рет музей 1931 жылы Қарахан кесе­не­сінің қасын­дағы молаға тиіп тұрған ша­ғын үйден ашылған екен. Талай көне жәді­гер­лерді төріне жинаған бұл ескі үй талай тарих­ты бастан өткеріп, соғыс жылдары есігі­нің алдында бір күзетшіден басқа қызмет­кері де болмапты. Бүгінде Жамбыл облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің өз алдына зәулім ғимараты бар. Және әр бөл­месі, әр бұрышы, әр сөресі көне жәді­герлер­ге тола бұл ғима­ратқа келушілер қатары көп. «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана та­басың!» деп орта ғасыр ақыны Фирдоуси жырлағандай шынында көне қаланың бойжеткендері шетінен сұлу болғанына күмәніміз жоқ. Мына бір биші қыздың мүсіні Х-ХІІ ғасырларда қоладан құйылыпты. Бұл жәдігер 1964 жылдың 13 тамызында орталық стадион­ның маңынан 1,5 метр тереңдіктен табылған. Ал киіз үй пішіндес шырақ пен тізерлеп отырған кісінің (Х-ХІІІ ғасыр) мүсіні, үш аяқты шам мен бүйіріне Құран аяттары жазылған жазуы бар құмыра да сол жылдары орталық базардың орнынан қазып алыныпты. Бүгінде көне қала орнында қазба жұмыстары қолға алынған. Археологтар Тараз қаласының әр кезеңіне жататын жәдігерлер, оның ішінде алтын, күміс, мыстан жасалған әшекей бұйымдар сияқты құнды жәдігерлерді топырақ астынан аршып алды. Тіпті біршама жақсы сақталған ортағасырлық ыдыс қоймасы да табылды. Бұл табылған жәдігерлерден көшпенділердің қолтаң­басын тайға таңба басқандай анықтауға болады. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын тауып, көне шаһардың тіршілігінен сыр шертетін дүниелер көптеп табылатынына сенім мол. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»Статуэтка Статуэтка-2 Статуэтка-1