Ана бір жылы парламенттік делегацияның сапында үнді еліне арнайы сапармен барғанымыз бар. Делиде қазақстандық депутаттар Үндістанның басшыларымен, үнділік әріптестерімен кездесіп, достық рәуіштегі емен-жарқын әңгіме өрбіді. Әлемге әйгілі Бомбей қаласына да ат басын бұрдық. Сонда ғой қазақстандық делегацияның басшысы, Парламент Мәжілісінің сол кездегі төрағасының ағынан ақтарылатыны. Еліміз туралы, байлығы мен дәулеті жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп, жер аумағы жағынан әлемде 9-шы орын алатынынан үнділіктерді құлағдар ете келіп, халық санының 17 миллионды төңіректейтінін кәдімгідей ауыз толтыра айтқан-ды. Қонақтың әңгімесін құлақ қоя тыңдап отырған Бомбей қаласының мэрі сол сәтте: «біздің шаһардың халқы да 17 миллион шамалас», деп сөз қыстырғаны...
Қазақ халқының көрмегені жоқ қой, тарих жадына жазылғанын айтқан күннің өзінде қалайша жер бетінен жойылып кетпегеніне жағаңды ұстап, Жаратушыға мың мәрте шүкіршілік айтатын кездерің болады. Әйтпесе, саны жағынан қазақты сан орап алатын, алайда тәуелсіздікке қол жеткізе алмай отырған халық аз дейсің бе бұ дүниеде. Болмаса, жоңғар дегенің де кезінде кімнен кеммін деп еді, бүгінде тарих сахнасынан ізім-қайым жоғалды емес пе. Ендігі жерде олардың аты аталса, қазақтың тарихы арқылы ғана аталады...
Арғы кезеңді, өткен тарихтың ащы сабағын еске алғандығымыз, бүгінгі «барымызға» барлау жасағалы отырғандықтан ғой. Әңгімеміз халық санына қатысты өрбитін болса, қайдағы бір жайсыз оқиғалар еске түсетіні бар. Өткенге салауат, ендігісі бүгінімізді бүтіндеп алайық та, келешегіміз кемел болуы үшін. Сонымен, 2015 жылдың басында 9-шы территорияны мекендеген халықтың саны 17 417 673 адам болса, халық ең көп шоғырланған өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы (2 788 404), келесісі – Алматы облысы
(1 922 107), үштікті Алматы қаласы
(1 642 334) түйіндейді. Халық саны аз өңірлердің қатарына Солтүстік Қазақстан облысы (571 759), Атырау облысы (581 473), Маңғыстау (606 892) және Батыс Қазақстан облыстары (629 951) жатады.
Бізді көп мазалайтын түйткілді мәселе – халық санының аздығы. Әсіресе, оның ішінде қазақ санының аздығы қабырғамызды қарып, бүйрегімізді бүлкілдетеді. 2009 жылдың басына жекелеген этностардың жалпы санындағы қазақтың үлесіне көз жіберетін болсақ, айбындана түсу үшін әлі біршама уақыт пен демографиялық саясатқа басымдық беру керек екенін аңғарамыз. Осыдан тура сегіз жыл бұрын мемлекет атын иеленген халық саны 60,47 пайызды дөңгелектепті. Әрине, екінші орында – орыс диаспорасының өкілдері – 24,53 пайыз.Үшінші орында өзбек диаспорасының өкілдері (2,94 пайыз) болса, төрттікті украиндар (2,68) түйіндейді. Жалпы, халықтың бір пайызынан жоғары пайызды құрайтын диаспора өкілдерінің санатына ұйғырлар (1,53), татарлар (1,44) және немістер (1,40) енеді. Әрине, одан бергі жеті жыл ішінде атажұртқа атбасын бұрған ағайындардың есебінен қазақтың қарасы көбейгені де белгілі. Әйтсе де, қазіргідей алмағайып заманда, оның үстіне санының көптігімен-ақ жаһанды жаулап аларлық деңгейге көтерілген халықтар бар кезде аталған өсімнің аздық ететіні тағы мәлім.
Бар қазақтың өзі де 9-шы территорияда қойдың құмалағындай шашырай орналасқаны өз алдына, теріскей өңірде селеудей селдіреп қалғаны тағы бар. Алаш баласының ортасын толтырып алаңсыз орналасқан, ата дәстүрін ардақтап отырған өңірлер – Қызылорда (95,78), Атырау (91,32), Маңғыстау (86,04), Ақтөбе облысы (77,96), Батыс Қазақстан (70,94) және Оңтүстік Қазақстан (70,11) облыстары.
Әуелі патшалық Ресейдің, кейіннен КСРО-ның сорақы саясатының ізі қазақ даласында әлі күнге дейін сайрап жатыр. Сайрағаны сол, қазақ халқы әлі еңсесін тіктей алмай, жалпы халық санының жартысына жетпейтін өңірлер әлі де бар. Масқара болғанда, ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасов туған өңірде қазақтың саны 33,71 пайыз ғана. Солтүстік өңір халқының үштен біріне жетер-жетпес халде. Ахмет, Міржақып ой қазығын үкілеген өңірде алаш ұрпағы 35,61 пайыздың айналасында. Қостанай қазағының жыртығы қазақы рухты Торғай арқылы жамалып отырғандығын несіне жасырамыз. Әйтпесе, қалың орыстың ортасындағы қостанайлық қазақтардың мемлекеттік тілге, ұлттық мүддеге деген солақай көзқарасы тәуелсіздік алып, тілімізді төрге оздырып отырған күннің өзінде де байқалады.
Бөкейхановтың кіндік қаны тамған Қарағандыда да қазақтың саны көңіл көншітерліктей емес, 44,14 пайыздың шамасында. Қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен қайраткер Жұмабек Тәшеновтің өмірге қадам басқан облысында да жергілікті халық 44,60 пайыздың төңірегінде. Орыс тіліндегі атауынан құтыла алмай келе жатқан Павлодарда да қазақтың саны облыс халқының жартысына да жетпейді. Бар болғаны 45,72 пайыз. Осындай демографиялық ала-құла деректерге қарамастан, оңтүстікте, батыста қалың қазақтың ортасында отырған ағайындар ұлттық мәселеге келгенде «аттан!» салуға құштар-ақ. Қазақтың саны жартысына жетпейтін өңір түгілі 70 пайыздан асқан аймақта мемлекеттік тілдің тасы өрге домалап, ұлттық мәселенің түйіні толыққанды тарқатылып болды ма екен?!
Қашанда кісінің көңілін қалдырмайтын қазекең солтүстікте, орталықта әлі күнге көп халықтың ыңғайында, солардың ықпалында өмір сүріп келеді. Ұрпағы әлі күнге дейін орыс тілінде білім алады, өздері де орыс тілінде сөйлеп, орыс мәдениетінен сусындайды. Сол себепті, солтүстіктегі алаш ұрпағының саны артып, қайнар бұлағына біржола бас қоймай, бір жарлықпен «қазақ» болуы неғайбыл.
Әрине, қазақ аз жерде орыс жұртының өкілдері басым екендігі белгілі. Орыс диаспорасының өкілдері Солтүстік Қазақстанда (48,35), Қостанайда (40,85), Шығыс Қазақстанда (41,04), Қарағандыда (39,56), Павлодарда (38,56) және Ақмолада (35,78) әлі де мұрты бұзылмай отыр. Егер де оларға өздерін орыстілділер санатына қосатын диаспораларды қосқанда 50 пайыздан асып жығылады. Мәселен, Қостанайда украиндар 11,64 пайызды құраса, Солтүстік Қазақстанда – 5,63 пайыз, Павлодарда – 6,52 пайыз.
Демография туралы әңгіме қозғағаннан кейін, көші-қон төңірегінде қалыс қала алмаймыз. Сыртқы көші-қонға назар аударатын болсақ, Қазақстаннан көршілес Ресейге қоныс аударғандардың басым екендігі байқалады. 2010 жылы – 23 499, 2011 жылы – 29 850, 2012 жылы – 26 998, 2014 жылы 23 859 адамды құраған. Беларусьқа 2013 жылы 1052 адам қоныс аударса, 2014 жылы 1605 адам болыпты. Алыс шет ел арасында Қазақстаннан Германияға көшушілер саны әжептәуір. 2011 жылы – 971, 2013 жылы – 1206, 2014 жылы 2179 адамды құраған. Израильге ат бұрғандар да бар: 2011 жылы – 104, 2013 жылы – 80, 2014 жылы – 91 адам. Қиырдағы Қанаданы таңдағандар да ұшырасады. 2012 жылы – 168, 2013 жылы – 92, 2014 жылы 112 адам Оттаваға қарай көш басын бұрыпты. Жаһандану заманында кімнің қай елде тұрамын десе де еркі бар, тек өзіміз ортамызды толтыра алмай отырғанда қазекеңнің ұрпағы Асан қайғы бабасының ізімен Жерұйықты жатжұрттан іздеп кетсе, сонысы жан ауыртады да. Өйткені, жатжұртқа қоныс аударғандардың арасында қазақтардың да өзіндік үлесі бар. Басқа мемлекеттерге қоныс аударғандар арасындағы қазақтардың үлесі 2009 жылы 5,0 пайыз, 2011 жылы 4,5 пайыз, 2013 жылы 4,3 пайыз, 2014 жылы 4,2 пайызды құраған. Өткен замандарда кіндігі туған жеріне байланған алаштың ХХІ ғасырдағы ұрпағы жаңаша өмір сүруге бейімделіп, жаһандану кезеңінде нанын басқа жұрттан теріп жеуге мүдделі. Кінәлауға болмас та. Бірақ, бабалар армандаған тәуелсіздігімізге қол жеткен тұста оның іргесін бекітіп, нығайту үшін қараның молдығы, халық санының көптігі айбын мен қаһар болатыны айқын.
Әрине, қоныс аударғандардың басым бөлігін орыстар құрайды: 2012 жылы – 74,2 пайыз, 2013 жылы – 70 пайыз, 2014 жылы 70,1 пайыз болған. Украиндардың да үлесі жоғары: 2012 жылы – 7,2 пайыз, 2013 жылы – 7,8 пайыз, 2014 жылы – 7,2 пайыз. Неміс диаспорасы да эмиграцияның басты кейіпкерлерінің санатында. 2012 жылы – 5,9 пайыз, 2013 жылы 6,9 пайыз болса, 2014 жылы тұп-тура 8 пайызды дөңгелектеді. Бауырлас татар халқының өкілдері де жыл сайын бірыңғай шамада қоныс аударып жатыр. Сыртқа көшкен татарлардың саны 2012 жылы – 2,3 пайыз, 2013 жылы – 2,4 пайыз, 2014 жылы 2,3 пайызды құрады.
Деректерде, оның ішінде ұлтқа қатысты демографиялық деректерде тағдыр бар. Керек десеңіз, біз сөйлеткен деректерде тұтас этностардың тағдыры бар. Бір ғасырдың ішінде қазақ даласы қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың табан тіреген жері болғаны өз алдына, сол арқылы жергілікті халық әп-сәтте азшылыққа айналып шыға келді емес пе?
«Көп халық жоғалмайды көптігімен, Мықты болмай болмайды, ал біздерге!» деп жырлаған еді кезінде қазақтың Қадыры, Мырза Әлінің ақын баласы. Ендеше, 9-шы территорияның төрі төрт түлікке ғана емес, төрт құбыласы түгел жанға толуы тиіс! Сонда ғана қауіпсіздік бұлты сейіледі, ал әзірге Қадыр айтқандай, алаштың «мықты болуына» тура келіп тұр.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»