Банк болжамдарын «сөйлетсек»
Дүниежүзілік банк биылғы жылғы болжамды көрсеткіштердің бұлайша берекелі болып отырғандығының бір себебін мұнай мен өзге де шикізаттық та- уарлардың қымбаттауы және Бразилия мен Ресей сияқты елдердің экономикасының қалпына келуі сынды жағдайлармен байланыстырады. Негізінен өткен жыл әлемдік экономикада ең ауыр жылдардың бірі болып, Дүниежүзілік банктің болжамынан да төмен өсім көрсеткені белгілі. Осылайша, әлемдік көрсеткіш 2,3 пайызды місе тұтты, ал Қазақстан өткен жылды 1 пайыз өсіммен қорытындылаған болатын. Дүниежүзілік банктің жуырда жарияланған «Әлемдік экономиканың келешегі» атты есебіндегі деректер бойынша, дамыған елдердің өсімі 2017 жылы 1,8 пайызға жетеді деп болжанған. Бұл көрсеткіш өткен жылы 1,6 пайыз еді. Ал дамушы елдер үшін былтырғы өсім 3,4 пайыз десе, 2017 жылы 4,2 пайыз болмақ. Сондай-ақ, Қазақстанға қатысты болжанған 2,2 пайыз өсім биржалық тауарлар бағасының тұрақталуы мен экономикалық үйлесімсіздіктің қысқаруынан болмақ.Қазақстанға қатысты не дейді?
Орталық Азияда экономикалық жағынан қуатты мемлекет деп бағаланған Қазақстанның ішкі жалпы өнімі қазіргі күні 217 млрд АҚШ долларына тең екендігі күні кеше ғана газетімізде жарияланған саясаттанушы Әзімбай Ғалидің мақаласында да мысалға келтірілген еді. «Егер мұны сараптап, мөлшерлесек, көрсеткіш Өзбекстанның ішкі жалпы өнімінен үш жарым есе көп болып шығады. Сол сияқты, Түрікменстан мен Тәжікстанды, Қырғызстанды салыстыратын болсақ, олардың экономикалық қуаты да Қазақстан экономикасынан 4,5 пен 3,5 есеге төмен болып шығады екен», деді саясаттанушы. Мұның өзі Дүниежүзілік банктің болжамдарын дәйектей түскендей. Негізінен, Дүниежүзілік банктің есебінде Қазақстанға қатысты жағымды болжамдар елімізде 2017 жылы мұнай шығарудың арта бастайтындығымен байланыстырылған. Қашағанда мұнай шығарып, соның нәтижесінде ІЖӨ артып, мемлекеттік бюджет пен ағымдағы шот теңгерімі жақсаруы мүмкін дейді сарапшылар. Сондай-ақ, қара алтын бағасы тұрақтанып, Ресей экономикасының жақсаруы да оң әсерін беруі тиіс деп жорамалдаған.Қытай көрсеткіші төмендей ме?
Аймақаралық жағдайға тоқталсақ, Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағындағы өсу 2017 жылы 6,2 пайызға дейін баяулайды деп болжанған. Ал алпауыт көршіміздің бірі Қытайдың ішкі жалпы өнімі өсімінің көрсеткіші 2017 жылы 6,2 пайыз шамасына төмендейді. Өткен жылы бұл деңгей 6,7 пайызды құраған. Дегенмен, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Индонезия мен Тайланд бастаған елдердің экономикасы жақсара түспек. Үндістанның экономикалық өсімі 2016 жылы 7 пайыз болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 7,6 пайызға ұлғаяды деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің есебіне мән берсек, Еуропа мен Орталық Азия 3,5 пайызға дейінгі өсу қарқынын көрсетеді. Оның өзі экспорттаушы елдердегі және Түркиядағы биржалық тауарлардың өсуінің жандануы арқасында орын алмақшы. Тек болжам биржалық тауарлар бағасының қалыпқа келуімен және саяси тұрақсыздықтың азаюымен ғана байланысты болады.Ресей өсімі қандай?
Болжамдар тізбегін одан әрі жалғасақ, іргеміздегі Ресейдің өсу қарқыны 1,5 пайызды құрайды деп болжанған. Әрине, бұл мұнай бағасының төмен болуына бейімделудің аяқталуына байланысты делінген. Сондай-ақ, Әзербайжандағы экономикалық өсу 1,2 пайыз деңгейінде болмақ. Сонымен қатар, Украинадағы өсу де 2017 жылы 2 пайызға дейін жетуі мүмкін. Латын Америкасы мен Кариб бассейндеріндегі өсу 1,2 пайыз болады. Бразилиядағы өсу 0,5 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр, ал Мексикадағы инвестициялық қызметтің әлсіреуі Құрама Штаттардағы саяси тұрақсыздықпен байланысты болады, ол биылғы жылы өсудің 1,8 пайызға дейін айтарлықтай баяулауына әкеледі делінген.Мұнайлы елдер мұңаймас
Айтқандай, осы жылда мұнай импорттаушы елдерде де біршама өсу байқалмақ. Мұнай экспорттаушы елдер ішіндегі Саудияда биыл 1,6 пайызға дейінгі өсу болады деп болжанып отыр. Ал Ирандағы мұнайды одан әрі өндіру мен шетелдік инвестицияларды кеңейту өсуді 5,2 пайызға дейін жеткізуге көмектеспек. Болжамға мұнай бағасының өсу мүмкіндігі негіз болып отыр. 2017 жылы Оңтүстік Азияда 7,1 пайыз деңгейіне дейінгі біршама өсу қарқыны болады деп болжанған, мұндай қарқын бұған дейін Үндістанда болған еді. Үндістандағы қазіргі өсуді есепке алмағанда, 2017 жылы өсу 5,5 пайызға жетеді деп күтіліп отыр. Өсудің артуына инфрақұрылымдық инвестицияларды жекеменшік және мемлекеттік тұтыну деңгейінің жоғары болуы, сонымен бірге, жеке инвестицияларды қалыпқа келтіру себеп болады. 2017 жылы Сахарадан бастап Африканың оңтүстігіне дейінгі аймақта да экономикалық өсім 2,9 пайызға дейін барады деп күтілуде. Дегенмен, Оңтүстік Африка Республикасында және мұнайды экспорттаушы елдердегі өсу төмен болады, ал табиғи ресурсы үлкен емес елдердегі өсу тұрақты болуы керек деп болжаған банк сарапшылары. Нәтижесінде, Оңтүстік Африка Республикасында 1,1 пайызға дейін біршама өсу болады деп топшылайды.АҚШ-қа қатысты алаңдаушылық
Әрине, бұл деректердің бәрі әзірге болжам ғана. Ол қаншалықты жүзеге асатынын тым болмаса жылдың жартысын тауысқанда ғана байқауға болатын шығар. Алайда, Дүниежүзілік банктің өткен жылғы болжамдары айтарлықтай сәйкестік танытқанын ескерсек, бұл болжамдарға да жеңіл қараудың жөні жоқ. Дегенмен, экономикалық көрсеткіштердің құбылуына көбіне саяси жағдайлардың әсер ететінін де естен шығармаған абзал. Бастысы, әлем тыныш болсын дейік. Бұл ретте Дүниежүзілік банктің өзі де баяндамасында айтылған мәліметтерге толықтай кепілдік бере алмайтынын мойындайды. Өйткені, Дональд Трамптың сыртқы саясаттағы ұстанымдары мен АҚШ экономикасын қай бағытқа бұратыны сарапшылар тарапынан әлі де болса біржақты бағаланбай отыр. Ал АҚШ-тың биылғы ІЖӨ өсімі 2,2 пайыз болады деп күтілуде. Ол 2016 жылы 1,6 пайыз болған еді.Долларға қатысты долбар
Болжамдар төңірегінде қазіргі таңда әлем экономистерін АҚШ долларының құнына қатысты да біраз мәселе алаңдататынын айтпай кете алмадық. Мәселен, халықаралық «Саксо Банктің» инвестиция бойынша директоры, бас экономист Стин Якобсен 2017 жылғы макроэкономикалық көрсеткіштер туралы пікірінде қазіргі таңда доллардың өзіндік құны қаншалықты өзгеретіні әлем сарапшыларының тағатсыздана күтіп отырған жаңалығы дейді. Өйткені, әлемдегі ақша аударымдарының 75 пайызы доллардың үлесінде екен. «Сол себепті АҚШ ақшасы жыл сайын қазіргідей 20 пайызға нығаятын болса, оның кері әсері де болады. Нақтырақ айтар болсақ, базалық мөлшерлеменің біртіндеп көбеюі АҚШ экономикасының өсім қарқынын азайтады. Өйткені, дамушы елдер қуатты доллармен өздерінің қарыздық міндеттемелерін өтеуде қиналып қалады», депті Стин Якобсен халықаралық басылымдарға берген сұхбатында. Экономистің мәлімдеуінше, әлемдік ірі банктер дамушы елдердің нарығына шамамен 3,6 трлн доллар құйған. Оның тең жартысы Қытайға тиесілі. Осы тұрғыда Қытай экономикасы белгілі бір деңгейде доллардың құнына тәуелді. Ал шындығында, АҚШ ақшасы құнының құбылуына біздің елдің экономикасының да тікелей байланысы бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»