23 Қаңтар, 2017

Бүгінгінің сал-серілері кімдер?!.

3893 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
nauryz 16Сал-серілік деген дәстүрлі ұғым ежелден қазақ қоғамында ерекше өнерпаздықпен байланысты қалыптасқан. Ел аузында сал мен серінің киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі һәм өзіндік мінезі туралы аңыз көп. Әйгілі Ақан сері мен Біржан салдың тарихтағы орны бір бөлек. Сол секілді, қазақ даласында кезінде атақты серілер мен салдар өмір сүрген. Мәселен, Жетісу өңірінде «Дәурен салдың белбеуіндей» деген теңеу қалыптасқан дейді. Дәурен сал Іле өзенін кешіп өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада, екінші ұшы бергі жағада қалады екен деген аңыз да бар. Арқадан шыққан Қаспақ шал атын шәйі шүберекпен тұсапты деген аңызды да ел айтады. Ал кей сал-серілер болса аттарына шөп орнына мейіз, су орнына бие сүтін берген дейді. Атақты Шашубай ақын туралы Ахмет Жұбанов, Әбділда Тәжібаев сияқты ұлт тұлғалары естелік жазды. Сонда «Шашубай ат үстінде тұрып баянмен ән салғанда бет-аузын адам танымастай өзгертіп, бас терісін жүгіртіп ойнатқанда қалпағы төбесінде мөңкитін, таяғын сиқыршыдай ойнататын» деп толғаған. Шашубай да Ақан мен Біржанның соңғы сарқытындай салдық, серілік құрып, ауыл-ауылды аралаған, қызды ауылға түскен. Салдық, серілік деген тек қана ауыл-ауылды аралап, думандатып жүру емес, әрине. Қымыз ішіп, қыз аулап, қызық қуу да емес. Ол – ең алдымен, ұлттық парасатты бойға сіңіру, қазақтың дегдарлығына дәл сондай көзқараста қарау, өнерін құрметтеу. Одан әрі қазақ өнерін қазақтың өзіне насихаттау. Халықтың барлығы бірдей өнерпаз емес, сондықтан, олардың сал-серілерге деген көзқарас-құрметі бөлек. Дегенмен, біздің сал-серілік дәс­түріміз Кенен Әзірбаев секілді ұлт­тық тұлғаларымызбен тәмамдалған сияқты. Біз кейінгі кезде осы бір қасиетті ұғымды басқаша түсініп, өзімізше жорып жүргендейміз. Айталық, бүгінгінің сал-серілері дегеніміз кімдер? Сал-сері деп кімдерді айтамыз?!. Бұл сұраққа нақтылы жауап беру қиындау. Заман мен қоғам бір орнында тұрмайды. Түн ескіріп, күн жаңарған сайын ол да өзгереді. Сол секілді, бүгінде Ақан мен Біржанның заманы емес. Шашубай мен Исаның дәуірі келмеске кетті. Енді, әрбір адам өзін тудырған заманына қарай бейімделеді ғой. Егер солай деп түсінсек, онда бүгінгі заманның сал-серілерінің қатарына әншілер мен айтыскер ақындарды жатқызуға болатын секілді.  Әншілер де, айтыс ақындары да халықтың ішінде көп жүреді, олардың ішкі әлемі қарапайым халықпен тығыз байланысты. Екеуі де халықтың өнерін халықтың өзіне насихаттайды. Бірақ, бұл сал-серілік деген аясы кең ұғымға қалай болар екен деп те ойланамыз. Бір жағынан, олқы түсетін сияқты. Біз салдық, серілік өнер дегенде алдымен Біржан сал секілді кесек тұлғаны алға тартамыз. Сол Біржан сал Қожағұлұлы салдық өнердің құдіреттілігі мен өміршеңдігі туралы «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, адамға зияным жоқ жүрген жанмын. Қасыңа мені сендер неге алмайсың, өзім сұңқар, өзім сал, кімге зармын» дейді. Баяғы сал-серілердің өзіндік ерекшелігі – өлеңді де, әнді де, тіпті, өнердің неше алуан түрін жанынан шығарып орындайтын болған. Бүгінде бұл қасиет өнер адамдарының арасында кемшін түсіп тұр. Тәттімбеттің бәшпайымен күй тартқаны сияқты, жан баласын тамсандыратын өнерді ешкімнен кездестіре алмайсыз. Халық әрдайым жаңа дүниеге ынтық. Таптаурын болған таланттарды жаны сүймейді. Ал халықтың қошеметіне бөленіп, ықыласына ие болып жүрген кез келген талант иесі өзін сал-сері санауы әбден мүмкін ғой. Бірақ, олар шын мәнінде сал-сері ұғымының үдесінен шыға ала ма?! Осы бір қасиет қонған дәстүрлі ұғым ұлт санасынан жылыстап бара жатқандай. Кеңес қоғамының қаһарына мініп тұрған шағында да Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайылов секілді көрнекті қайраткерлеріміз сал-серілікті дәріптеп, ежелгі дәстүрді халық арасында қайта­дан насихаттап еді. Бүгінде ол дәстүр де келтесінен қайырылды. Біз кейінгі кезде сал-серілік өнерді дәріптемек тұр­мақ, сал-сері деңгейіндегі тұлғаны да қалыптастыра алмағандаймыз. Себебі, бұл дәстүрдің бәсі әншейін «ел аралау­дың» деңгейіне дейін түскен сияқты. Ал бүгінгі күннің сал-серісі қан­дай болуы керек, ол жағы да белгісіз... Бұрынырақта «Шаншар» әзіл-сықақ театрының «Сал-сері» қойылымын көріп едік. Ел есінен де шыға қоймаған шығар. Сондағы атын айтуға тіл келмейтін «аса күрделі» салдың болмысы күлдіріп отырып жылатуға дейін апарып еді-ау. «Сал, сері, жырау, әнші, композитор...» дейсіз бе, әйтеуір, атағы көп. Соңы­нан «ит төбелестіреді» дейді. Әр нәрсе­мен бір айналысқыш, бірақ ешбі­рі­нің де биігіне жете алмайтын адам туралы ғой сонда. Ондайлар әр кездегі қоғамда болған, әлі де бар. Өздерін «сал-сері» деп атап, соңынан барлық атақ-абыройды тізіп қоятын мақтансүйгіш­тер де жетерлік. Ата-тегінің астына алпыс түрлі атақты жапсырғандардың дені де өздерін сұмдық «сал-сері» көреді. Кәнігі «қаңғыбастықпен» шатастырып алғандай көрінеді, қасиетті дәстүрді. Зерлі шапанды желбегей жамылып, көмейден күміс әуен төгіл­тіп, домбыраның қос шегінде өмір мен өлім күйін қатар ойнатқан дүлдүл шақ­тар бүгінде көзден бұл-бұл ұшқандай ғой... Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»  ТАРАЗ