01 Сәуір, 2011

Дауыс беруді ұйымдастыру және дауыстарды санау хақында

2169 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүше­ле­рі, заң ғылымдарының докторлары Аманжол НҰРМАҒАМ­БЕ­ТОВ пен Виктор МАЛИНОВСКИЙ «Егемен Қазақстан» газетінің сұрақ­тары­на жауап берді. – Дауыс берудің және дауыс беретін орындарды  қам­тамасыз ету­дің тәртібі қандай? А.Н. – Учаскелік сайлау комиссия­лары дауыс беретін уақыт пен орын туралы дауыс беру өткі­зіле­тін күн­ге дейін кешіктірмей сай­лау­шы­лар­ды БАҚ-тар арқылы, сон­дай-ақ өзге де әдістермен хабардар етуі тиіс. Президентті сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні, яғни 2011 жылғы 3 сәуірде жер­гілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін өткі­зі­ле­ді. Ал дауыс беруге арналған үй-жай­лар­дағы адамдар дауыс беруді өт­кізу жөніндегі комиссия белгілеген ережелерді қатаң сақтауға міндетті.  Сол үй-жайларда тәртіпті қам­тамасыз ету ішкі істер орган­да­ры­на жүктеледі. Сайлаушылар дауыс беретін ғи­ма­ратта сайлау учаскесінің нө­мі­рі көрсетілген маңдайша, ал дау­ыс беруге арналған үй-жайда Қа­зақ­стан Республикасының Мемлекеттік туы Мемлекеттік елтаң­баның сол жа­ғы­на орналасты­ры­лады. Осы үй-жай­лар­да  дауыс беруге арналған тұрақ­ты және тасы­малданатын екі жәшік, жазу үстелдері, телефон аппараты, сейф немесе металл шкаф, көшіру аппараты, сайлау жәшіктерін, сайлау өткізу жөніндегі құжаттарды мөрлеу мен пломбалауға арналған материалдар, тағы басқа да қа­жетті бұйымдар болуы қажет. – Дауыс беруді ұйымдастыру және дауыс беру жәшігін ашу­дың үде­ріс­тері қалай жүреді? В.М. – Дауыс беретін күні учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру бас­тал­ғанға дейін бір сағат бұрын дау­ыс беруге арналған учаскені ашу­ға кіріседі. Учаскелік сайлау комис­сия­сы­ның төрағасы дауыс беру басталардан 30 минөт бұрын комиссия мү­шелерінің қатысуы­мен сайлау жә­шіктерінде бюлле­тень­дердің бар немесе жоқ екендігін, жәшіктердің бү­тіндігін тексереді, дауыс беруге ар­налған жә­шік­терге пломба сала­ды немесе мөр басады. Сайлау жә­шіктеріне мөр басқанда, оларға бай­қаушы­лар мен кандидаттардың сенім білдірілген адамдары қол қоюға құқылы. Осыдан кейін дауыс беру учаскесінің ашылғандығы туралы ко­миссияның хаттамасы толтыры­лып, учаскелік комиссияның төр­аға­сы дауыс берудің ашылғанын жа­риялайды және сайлаушыларды дауыс беруді бастауға шақырады. – Дауыс беруді ұйымдастыру тәртібі қалай жүзеге асыры­лады? А.Н. – Әрбір сайлаушы өзі дауыс беруі тиіс. Сайлауда дауыс құқығын басқа біреу үшін және басқа адам үшін беруге жол берілмейді. Дау­ыс беруге арналған бюллетень сайлау­шыға сайлаушылар­дың тізімдері негізінде оның жеке басын куәлан­ды­ратын құжатты көр­сетуі арқылы беріледі. Сайлау­шы сай­лау­шылардың тізіміне бюллетеньді алғандығы ту­ра­лы, ал ко­мис­сия­ның бюллетеньді берген мү­ше­сі оны бергендігі тура­лы  қолда­рын қояды. Учаскелік сайлау ко­мис­сияның төрағасы мен хат­шы­сының бюллетеньдер беруге құ­қы­ғы жоқ. Бюллетеньді  сайлаушы жасырын дау­ыс беруге арналған кабинада тол­тыруы қажет. Оны тол­ты­ру кезінде кабинада дауыс берушіден басқа адамның кіріп тұруына тыйым салынған. – Сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде дауыс беруіне бола ма? В.М. – Сайлау заңнамаларында жекелеген сайлаушылардың кейбір жағ­дайларға, атап айтқанда, ден­сау­лық жағ­дайына, отбасының сыр­қат мү­ше­сіне күтім жасау себебіне, сон­дай-ақ сайлау учаскелері құрыл­ма­ған шалғайдағы және қатынасуы қиын жерлерде бо­луы­на байла­ныс­ты сайлау учаскесіне келе алмай­тын­дығы туралы комиссия олардың 18 наурыздан бастап әрі 3 сәуір күні жергілікті уа­қыт бойынша сағат 12.00-ден кешіктірілмей берген жазбаша өті­ніші негізінде сол сайлау­шы­лар­дың тұрған жерінде дауыс беруді ұйымдастыра алады. Өтініш келіп түскен кезде учаскелік сайлау комиссиясының төр­аға­сы өтініш берген сайлаушының сайлаушылар тізіміне көрсетілген аты-жөнінің тұсына тиісті белгі қоюы керек. Ал учаскелік комис­сия­ның мүшелері байқаушы­лар­ды, кан­дидаттардың сенім білдірілген адам­дарын және БАҚ өкіл­дерін дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берілетіні туралы хабардар етуге міндетті. Дау­ыс беруге арнал­ған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйым­дастырған кезде тасымал­данатын жә­шіктерді учаскелік сайлау ко­мис­сиясының екі мүшесі ав­то­кө­лік­пен алып жүреді. Көлікте сон­дай-ақ байқаушының және БАҚ өкілінің бірге баруына болады. – Президенттік сайлауда сай­лау­шылардың дауысын санау қа­лай жүзеге асырылады? А.Н. –  Учаскелік сайлау комис­сия­сы­­ның төрағасы жергілікті уақыт бой­ынша сағат 20.00-де дауыс беру аяқ­талғанын жария етеді. Дау­ыс беру аяқталған соң, дау­ыс беруге ар­налған үй-жайға ешкім кіргізілмейді. Ал дауыс­тар­ды санау­ды сайлау комиссиясының мүше­ле­рі дауыс беру қорытын­дысы анықталғанға дейін үзіліссіз жүр­гізеді, қорытын­ды­лар дауыс­тар­ды санау кезінде қа­ты­сатын адам­дар­дың назарына жеткізілуі тиіс. Дау­ыстарды санау уақы­ты санау бас­тал­ған кезден бастап, 12 сағаттан аспауы керек. Дауыстар­ды санау президенттікке кандидат­тар­дың әр­қайсысы бойынша жеке жүргізіледі. – Дауыстарды санаудың ашық­­ты­ғы қалай қамтамасыз етіледі? В.М. – Сайлау заңнамаларында көрсе­тіл­геніндей, дауыс беру аяқ­талғанға дейін жәшіктерді ашуға тыйым са­лы­нады. Дауыс беруге арналған үй-жайда дауыс беруге ар­налған жә­шік­тер, кабиналар, дауыс­тарды санау жүргізілетін үс­телдер комиссия мүшелерінің іс-әрекетін үй-жай­дағы қатысушы бар­лық адамдардың көріп отыруы қамтамасыз етілетіндей етіп орна­ластырылады. Бұл ретте дауыс беруге арналған тұрақты жәшік­тер­дің қойылуы дауыс беретін адамдар оларға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар арқылы өтіп келетіндей болуы қажет. Сон­дай-ақ дауыстарды санау кезінде оған қатысатын байқаушылар мен БАҚ өкілдері дауыстарды санауды бюллетеньдердегі белгілердің көрі­ніп тұруы қамтамасыз етілетіндей қашықтықта тұрады. – Бюллетеньдердің жарам­сыз­­ды­­ғы қандай жағдайда таныла­ды? А.Н. – Дауыс беру учаскесіндегі сай­­лаушылар түгел дауыс берген соң, пайдаланылмаған және бү­лінген бюллетеньдер саналады. Одан кейін олар жойылуы тиіс. Бюллетеньдерді жою үшін оның кез келген бұрышы кесілуі немесе тесілуі керек. Пайда­ланылмаған және бүлінген бюллетеньдер сыр­тын­да тиісті жазу жа­зыл­ған пакетке (қапшыққа, конвертке) салы­нып, ол мөрленеді. Комиссия төр­ағасының және хатшы­сы­ның қол­дарымен әрі комиссия­ның мөрімен расталады. Үлгі бой­ынша белгіленбеген, сондай-ақ тиісті сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қой­ылмаған, қарындашпен белгіленген, түзету немесе өзге де бұрмалау іздері бар бюллетеньдер жарамсыз деп танылады. Бюллетеньдердің жарамсыз деп танылуына байланысты келіспеушіліктер кездескен жағдайда, мә­селені комиссия дауыс беру жолымен шешеді. Бұл ретте шешім комиссия мүшелерінің жалпы санының жар­тысынан астамының дауысымен қа­былданады. Ал учаскелік сайлау ко­миссиясы сенім білдірілген адам­ның талап етуі бойынша дауыстар­ды қайта санауды белгіленген мерзімде бір рет қана жүргізеді және ол негізгі санаумен бірге 12 сағаттан аспауы керек. Дауыстарды санау нәти­желері туралы хаттама үш бірінші данада жасалады, оған сайлау комиссия­сының төрағасы мен мү­ше­лері қол қояды. Дауыс беру нәти­желері туралы хаттамаларды қа­рын­дашпен және әр түсті сиялармен толтыруға, сондай-ақ олар­ға қандай да бір түзетулер енгізуге жол берілмейді. Хаттаманың кө­шір­месі көпшіліктің танысуы үшін сайлау учаскесінің үй-жайындағы арнайы белгіленген орынға дереу ілінуі және онда екі күн бойы тұруы қажет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.