Атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына – 115 жыл
Еңбегімен өзіне мәңгілік ескерткіш орнатқан Жазылбек Қуанышбаев туралы қалай ой толғаса да болады. Ол кісінің қасиеті мен қадірі көзі тірісінде де, одан кейін де ел арасында аңыз болып тарағанынан көпшілік хабардар. Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған қарияның есімі осындай еңбектің биік тұлғалары – диқан Ыбырай Жақаев пен шаруашылық басшысы Нұрмолда Алдабергеновтің қатарында тұрады.
Омырауына қос және үш Алтын Жұлдыз таққан өзге де тұлғаларымыз бар. Олар – екі рет Кеңес Одағының батыры атағын алған Талғат Бигелдинов пен халқымыздың біртуар азаматы Дінмұхаммед Қонаев!
Бүгінгі ұрпақ еңбегімен, ісімен қазақ тарихында қалған осындай ағалары үшін қалай мақтанса да болады. Кісіліктеріне дақ түсірмеген асыл азаматтар қай заманда да және әрқашанда ардақты!
Жазылбек Қуанышбаев көзі тірісінде-ақ қазақтың Шопанатасы атанған. Ардақты ақсақалдың туғанына алдыңғы күні 115 жыл толды. Осыған орай халқы мінезі мен кісілігіне қарай Жаз-Ата деп атап кеткен бабамыз туралы Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы құжаттарға үңілген едік.
Дінмұхаммед Қонаев Жазылбек Қуанышбаевпен ара-тұра әңгімелескенді ұнатады екен. Мұндайда шопан өзіне ғана тән мінезбен мәселенің тоқетерін ғана айтып, қысқа қайыратын болған. Осы орайда екі тұлғаға қатысты мойынқұмдықтардан естіген бір әңгімені айта кетпеске болмас.
Бірде жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау басталған кезде Жаз-Ата ауылдастарының көп аманатын арқалап, түлектерді жетектеп, КазГу-ге келіпті. Ауылдан еріп келгендердің көмегімен абитуриенттердің құжаттарын тапсырып, енді университет ректоры Өмірбек Жолдасбековке жолығайын десе ол кісі Орталық Комитетке кетіпті. Жазекең көп күтеді. Бірақ ректор келмейді. Ақыры үлкен үйге амалсыз өзі барады. Атақты шопанды аялдатпастан бірден ішке енгізіп, Димекеңе кіргізіпті. Шынында да іште Өмірбек Жолдасбеков отыр екен. Амандық-саулықтан кейін Димекең жөн сұрапты.
– Айналайын, Димаш, өзіңе көптен бері сәлем бермеп едім, бүгін соның орайы түскеніне қуанып отырмын. Елдің азаматының аман болғаны жақсы. Сен біздің желден қорғайтын айбарымыз бен қалқанымызсың ғой. Халқыңның тілеуі Сіздің амандығыңыз, абыройыңыз! – деп бір сәт тыныстап алып, әңгімесін қайта жалғапты. – Бірақ мен бүгін мына дәу басты (Өмірбек Жолдасбековті ол кісі осылай атайды екен) іздеп келіп едім. Ауылдастарым бірнеше баланы оқуға түсір, Жолдасбеков ауылдың балаларын оқуға көптеп қабылдап жатыр деген соң, оны ұялтпайтын, сабақтары жақсы деген балалардың құжаттарын тапсырдық, – дейді.
Бөлмеге шай әкелінеді. Қазақтың үш марқасқасы жарасымды әңгіме-дүкен құрады. Жаз-Ата орнынан тұрып жатып тағы бір әңгіменің тетігін ағытыпты.
– Мына шайларың буын-буынымызды жібітіп, бойымызды балқытып барады. Бұл шай далада таңның атысы күннің батысына дейін қойдың соңында жүрген шопандарға қажет-ақ екен, – депті.
Димекең рахаттана күліп, көмекшісін шақырып, Мойынқұмға үнді шайын жіберуді тапсырыпты.
– Оны алып кететін автолавкамыз да жоқ,-деп Жазекең бүйірден тағы бір сөзді қыстырып жіберіпті.
– Оны да берсін, сол автолавкаға шопандарға қажеттің бәрін толтырсын. Сәрсеновке солай дегеніңіз дұрыс болар, – деген Димекең ақсақалды құшақтап, бауырына қысып; – Ел бақыты үшін туған қариям-ай. Көп жәйтті жай сөзбен-ақ айтып хабардар еттіңіз ғой. Рахмет Сізге, – депті.
Бұл оқиға тура осылай болды ма, болмады ма, дөп басып айту қиын. Бірақ халқы сүйген азаматтар туралы осындай жақсы әңгімелер айтылатыны анық. Жалпы Жаз-Ата туралы аңызға айналған әңгіме көп. Соның бәрі Шопанатаның кісілік келбетін айқындайды.
Ал нақты дерекке сүйенсек, атақты шопанның еңбегі туралы Дінмұхаммед Қонаев былай деген:
– «Еңбек – денсаулық пен бақыт кепілі», дейді Жазылбек Қуанышбаев. Шындығында еңбек оған бақыт әкелді. Шопан далада малымен бірге көшіп-қонып жүріп, қаншама қиыншылықтарды, ұйқысыз түндерді бастан өткізді, оның бәрін қазір еске түсіру қиын. Жазекең өзі еңбек еткен жылдары мемлекетке мыңдаған тонна қой етін, тау-тау болатын алтын жабағы жүн, әсем ғажап қаракөл елтірілерін тапсырды! Жазылбек Қуанышбаевтың отарынан апарылған көздің жауын алатын елтірілерді халықаралық көрмелерден, жәрмеңкелерден, аукциондардан миллиондаған келушілер көрді. Ол өндірген елтірі Делиде де, Бухаресте де, Познаньда да, Нью-Йоркте де экспонатқа қойылды. Ол өсірген қозылардың елтірілерінің сапасы жөніндегі даңқ бүкіл дүние жүзіне мәлім!
Көңілі жаз, өмірге үнемі ғашық жүрекпен қараған Жазекең отыз жылдан астам еңбек еткен жылдары талай рекордтар жасағанын бір қауызға сыйдырып айту мүмкін емес. Димекең айтқандай «...қаншама қиыншылықтарды, ұйқысыз түндерді бастан өткізді» десеңізші. Әрқашанда жауапкершілік жүгін жете түсінген ол бастаған ісін соңына дейін сәтті жеткізуді мақсат еткен азамат. Бұл туралы ол өзінің «Ұрпаққа ұлағат» кітапшасында өте дәл айтқан. «Қолыңа іс алған екенсің – аяқсыз қалдырма, қайта – қалауын табуға ұмтыл, табандылық таныт, сәл сәтсіздікке ұнжырғаң түспесін, етігіңнің табанын нәл сақтаса, өзіңді әл сақтайтыны есте болсын деймін жастарға», деп ой түйеді атақты шопан. Табысты еңбек етудің, оның ішінде қой бағудың қыры мен сырын жетік білген, дала академигі әрқашанда биіктен көрінген. Шопан таяғын ұстаған отыз жылдың ішінде ол отарынан 18 мыңдай қозы өргізіп, орта есеппен жыл сайын әр жүз саулықтан 144-тен қозы алған. Отанға 4 мыңнан аса қаракөл елтірісін тапсырды. Оның 83 пайыздан артығы бірінші сұрыпта болды. Әр қойдан 4,8 килодан жүн қырқып, 2524 центнер қосымша салмақ алды. Малының 99 пайыздайын үнемі сақтап отырған. Осындай деректерді келтіре беруге болады. Шопанатаның тәжірибесін үйренушілердің Жамбыл облысында екі жүздей жазылбекшілер мектебі жұмыс істегенін бүгінде ұмытпағандар баршылық.
Еңбегімен ер атанған азамат ешқашанда ауылдастарынан алыстамаған, «төр менікі» деп көкірек қақпаған. Кеңес өкіметінің жақсысы мен жаманын да халқының дәулеті үшін пайдалана білген. Ауылдың балаларының жоғары білім алуына, Мойынқұмда мәдени-әлеуметтік нысандардың салынуына, шопандардың тұрмысын жақсартуға зор ықпал жасады.
Бірде ауылда жаңа мәдениет сарайын пайдалануға беру салтанатында ауылдастары Жазылбек Қуанышбаевтың атына мақтауды көп айтыпты. Сонда Жаз-Ата; «Мойынқұмда жол, мәдениет сарайын, мектеп, аурухана салдырып жатқан мына қос Алтын Жұлдыздың күші ғой», депті. Батырдың сөзін іліп әкеткен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков: «Бұл сол қос Алтын Жұлдызды алған Жазекеңнің адал еңбегінің жемісі екенін Сіздер ұмытпағандарыңыз жөн», – деп күліпті.
1948 және 1956 жылдары екі рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған Жазылбек Қуанышбаев КОКП-нің ХХІ және Қазақстан Коммунистік партиясының ІХ съездерінің делегаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымының депутаты болды. Облыстық, аудандық, ауылдық сайланбалы органдардың бәріне сайланды.
1967 жылы зейнетке шыққаннан кейін Жазекең ауданда озық тәжірбие мектебін ашып, сонда еңбек етті. Тәжірбиесін жүйелеп, жастарға ұсынды. Өзінің ғана емес шәкірттері – Социалистік Еңбек Ерлері мен орденді шопандар Ділдаш Итбасова, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев, Дүрдімұрат Нұрғалиев, Манаткүл Мұсатаева, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Нұржамал Туғанбаева, тағы да басқалардың табысқа жеткізген еңбек нәтижелерін үнемі алға тартып, үлгі етіп отыруды да ұмытпады. Жазылбекшілер мектебінің жастары Шопанатаның ақыл-кеңестерін тыңдай отырып, бойларына ізгілік пен адамгершілік нұрын құйды.
Жаз-Атаның мінезінде өзіне ғана тән жарасымды аңғалдық болғанын ауылдастары мен ол кісімен бірге қызметтес болған замандастары бүгінгі күнге дейін жыр-сыр етіп айтады. Бірде облыс орталығында шілденің аптап ыстығында шопандардың облыстық кеңесі болады. Төрде обкомның бірінші хатшысы Сәдуақасов пен Жазылбек Қуанышбаев қана отырады. Жиын ұзаққа созылады. Сонда Шопаната хатшыдан; «Мынау жиналысың қашан бітеді?» деген сауал қояды. Өшірілмеген микрофоннан сөз залға естіліп тұрады. Хатшы көп ойланбастан; «Кемі тағы 2 сағат болады ғой», депті. Сонда Шопаната қозғалақтап, жан-жағына көз тастап: «О... б...л...т» деген орыстың балағат сөзін айтып жібереді. Ел қыран күлкі. Хатшы жұртты қанша тыныштатам дегенмен онысын орындай алмаған соң он бес минөттік үзіліс жариялап жіберіпті. Осылайша басталмай жатып, үзілген жиналыстың бұл басты оқиғасы болыпты. Кейін шопаннан; «Мұныңыз не, ұят болды ғой», дегендерге: «Қайдан білейін, біздің ауылдағы пеш салуға келген орыстар осылай дейді ғой. Оған сендер сияқты ешкім күлмейді», деп жауап беріпті.
«Батыр – аңғал», деген осы. Үлкеннің алдында да, кішінің алдында да өзін «бетегеден биік, жусаннан аласа» ұстаған Жазекең ел есінде ісімен де, аталы сөзімен де, аңғал, ақжарқын мінезімен де мәңгі қалатыны сөзсіз.
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, журналист.
Жамбыл облысы.
-------------------------------
Суретте: Ыбекең мен Жазекең. 70-ші жылдардың соңы.