Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, елдігіміздің айбыны, ертеңіміздің айбары, тәуелсіздігіміздің тұғырына айналған ажарлы Астана тағы да топ жарып, жарты әлемді алып жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі қалалар арасындағы ең үздік қала марапатына ие болды. Иә, тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын бір мүшел мерзім ішінде Қазақстан халқының ерен ерлігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде төрткүл дүниенің ғасырлар бойы қалыптасқан тұғырлы қалаларымен көрік таластыра алатын жас та жасампаз Астана қаласының іргетасы қаланды. Қазірдің өзінде ХХІ ғасырдың ғажайыбы атанған елордамыздың болашағы баянды, келбеті кемел болатындығына күмән жоқ. Оған Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының бастамасымен өткізілген «ТМД және ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» атты ІІІ халықаралық қалалық тәжірибелер байқау-конкурсында Достастық мемлекеттерінің 450 қаласының ішінен жарып шығып, жеңімпаз атануы да толық дәлел.
Мәскеу қаласында өткен бұл мәртебелі байқау-конкурсқа Достастық мемлекеттерінің 450 қаласы қатысып, оның ішінде 81 ірі де іргелі қалалар мен астаналар мәреге шыққан айтулы жарыста үздік атану елордамыздың қол жеткізген жасампаз жетістіктерін көрсетсе керек. «ТМД және ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» атты ІІІ халықаралық қалалық тәжірибелер байқау-конкурсы 2030 жылдарға дейінгі қаланы дамытудың тұрақты стратегиялық жоспарын белгілеу және жүзеге асыру, бұқаралық дене шынықтыру және спортты дамытуға жан-жақты жағдай жасау, кемтар адамдардың тұрмысы үшін қолайлы жағдай туғызу және әлеуметтік қолдау жүйесін ұйымдастыру, тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі қоғамдық және муниципалдық ұйымдар құру, қала аумағындағы өндірістік нысандарға экологиялық бақылау жасау және қаланы көріктендіру мен көгалдандыру сияқты номинациялар бойынша өткізілген болатын.
Астананың 2030 жылдарға дейінгі стратегиялық даму жоспары хақында айтатын болсақ, елорда қазығы қағылған алғашқы күннен жаңару мен жаңғыру үрдісін бастап, бүгінде жаңа технологиялар мен өркениетті өскелең сәулет өнерінің озық үлгілерін қамтитын еліміздегі жаңа құрылыс кластерін қалыптастырды. Астананың дамуы бүкіл республика экономикасының дамуына тың серпін берді. Ақиқатын айтсақ, Астана шын мәніндегі егемен еліміздің экономикалық даму локомотивіне айналды. Әріге бармай-ақ Астана қаласының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралайтын болсақ, бір жыл ішінде қаланың өнеркәсіп өндірісі 9 пайызға артып, 111,1 миллиард теңгеге жетті. Ал 2011 жылдың өткен 2 айы ішінде бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 64,7 пайызға өсіп, 23,2 миллиард теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция өткен жылы 391 миллиард теңге болып, 2009 жылмен салыстырғанда 23 миллиард теңгеге артты. 2011 жылдың 2 ай ішінде ғана Астана қаласына 24,1 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Өткен жылы Астана қаласын дамытудың жаңа кешенді бағдарламасы белгіленіп, онда негізінен қаланы көгалдандыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен, тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз етіп, инфрақұрылымдық кемшіліктерді болдырмау жөніндегі маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық берілді. Сонымен бірге қаланың шеткі аймақтарындағы 20 кентті көріктендіру және абаттандыру мәселелеріне айрықша мән берілуде. Алдағы 3 жыл ішінде елорданың шеткі аймақтарында 200 шақырымнан астам жаңа жол құрылысын салу және күрделі жөндеу, 33 шақырым су тарату желілерін, 24 шақырым кәріз жүйелерін салу және 110 шақырымнан астам электр тарату желілерін құру көзделініп отыр.
2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 5612 қала тұрғыны қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 2113 адам өткен жылы жаңа пәтер кілтін алды. 2011 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы одан әрі жалғастырылатын болады. Елімізде қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Астана қаласында 2010 жылы 3600 орындық 3 жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Бұл бағдарлама сыртында әкімшілік орталықта 1200 орындық №66 мектеп ғимараты жеткіншектер үшін есігін айқара ашты. Ал үстіміздегі жылы Астана қаласында тағы да 2 мектеп, атап айтқанда, Н.Тілендиев даңғылындағы 1200 орындық, Көктал-2 кентінде 800 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимараттары биылғы жылдың наурыз-мамыр айларында пайдалануға берілмек. Соңғы 3 жыл ішінде елордада өскелең заман талабына лайықталынған 10 медициналық мекеме бой көтерді. Сол жағалауда қазіргі кезеңде Достастық мемлекеттерінің ішінде баламасы жоқ медициналық кластер ашылды. Биылғы жылы «100 аурухана» бағдарламасы бойынша тағы да заманауи 3 медицина мекемесі салынады.
Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту үшін қаламызда кешенді бағдарламалар жүзеге асырылып, жан-жақты жағдай жасалуда. Төрткүл дүниені тамсандырған «Азиада-2011» Қысқы Азия ойындарын өткізудің орталығына айналған Астананы бұқаралық дене тәрбиесі мен спорт алаңы деп айтса да болғандай. Елордада қазір ондаған спорт кешендері жұмыс істейді. Спорттың әлемдік талаптарына сай жабдықталған «Алатау», «Қазақстан», «Астана», «Каспий», «Еуразия» және басқа спорт кешендері астаналықтардың, оның ішінде, жастардың сүйікті мекеніне айналған. Сонымен бірге қаламызда гимнастикамен, дене тәрбиесімен, күреспен шұғылданатын мамандандырылған спорт залдары және ондаған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері бар.
«Жастар» оқушылар сарайында суға жүзу орталығы, көркем гимнастика, баскетбол, теннис және басқа да көптеген спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істейді. Осы спорт кешендерінде өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдаған көптеген жас спортшыларымыз бүгінде халықаралық жарыс жолдарында бақ сынауда. Сондай-ақ, қаладағы толып жатқан фитнес-орталықтарда, тренажер залдарында, шаңғы-ролик трассаларында, спорт комбинаттарында мыңдаған астаналықтар дене шынықтыру тәрбиесімен айналысып, саламатты өмір салтына ден қоюда. Тағы ерекше айта кететін бір мәселе, Астана қаласының әкімдігі аулаларды абаттандыру мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Қазір іс жүзінде қаламыздың барлық аулалары турниктермен, үстел теннистері, футбол алаңдары сияқты балаларға арналған спорт қондырғыларымен жабдықталған.
Азиада ойындарын өткізу барысында елордада қазіргі заманда теңдесі жоқ спорт кешендері салынды. «Мұз айдыны» атты конькимен жүгіру стадионы, велотрек, «Астана-Арена» стадиондары бүгінде астаналықтардың игілігіне айналды. Түйіндей айтсақ, бүгінде Астана тұрғындарының қандай да болмасын спорт түрімен шұғылдануына толық жағдай жасалған. Жоғарыда айтылған заманауи спорт кешендерінде жаттығу үшін мектеп оқушылары мен студенттерге жеңілдіктер жасалады. Ғасыр ғажайыбы атанған Астана қаласында ХХІ ғасыр талаптарына толық жауап беретін спорт инфрақұрылымы жасалған.
Елордада мүгедектерді техникалық құралдармен қамтамасыз ету және мүгедектер арбасының көліктерге, әкімшілік, медициналық, сауда, мәдениет және басқа мекемелерге кедергісіз кіруіне жағдай жасау, оларға әлеуметтік қолдау көрсету және тұрмыстарына қажетті жағдай жасау шараларын ұйымдастыру мәселесі де барынша ойластырылып, үнемі жетілдіріліп келеді. Бүгінде Астана қаласында 13591 мүгедек жандар, оның ішінде 1537 мүгедек балалар өмір сүреді. Тағдыр талайымына ұшыраған бұл адамдарға медициналық, әлеуметтік және кәсіби тұрғыда көмек көрсету мәселесі бойынша әрбір мүгедек адамға белгіленген арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Осы бағдарламаға сәйкес мүгедек жандар жергілікті бюджет есебінен мүгедек арбаларымен, протездік-ортопедиялық құралдармен, тифлотехникалық және сурдотехникалық жабдықтармен, міндеттік гигиеналық құралдармен, санаторийлік-шипажайлық емдеу жүйелерімен қамтылған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру шеңберінде қалалық «ЭраТВ» телеарнасы арқылы ақпараттық бағдарламаларға қазақ және орыс тілдеріндегі сурдоаудармалар беріліп отырады. Мүгедек жандарды көлік құралдарына, тұрғын үйлер, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға кедергісіз кіру мәселесі бойынша кешенді шаралар жасалуда. Мәселен, бүгінде қала көшелерінде қатынайтын 78 автобус мүгедектер арбалары кідіріссіз кіретін қондырғылармен жабдықталған. Алдағы уақытта тағы осындай 47 автобус сатылып алынады. 57 қала көшелерінің қиылысына дыбыс беру белгісімен жабдықталған арнаулы бағдаршамдар орнатылған. Сонымен бірге қала көшелерінде мүгедек жандарға арналған әртүрлі қосалқы көмек қондырғыларын орнату жоспары жүзеге асырылмақ.
Жол қиылысындағы тротуарлар бойында мүгедектер арбаларының қозғалуына ыңғайлы болатын арнайы бордюрлер жасалынған. Құрылыс нысандарының сметалық-жобалау құжаттарын дайындаған кезде ғимараттардың кірер есіктерінің алдындағы баспалдақтарға арнайы пандустар орнату мәселесіне айрықша мән беріледі. Соңғы 5 жыл ішінде қаламыздағы 568 ғимараттарға пандустар орнатылды. Сондай-ақ Тәуелсіздік сарайы, қазақ және орыс театрлары, қазіргі заманның өнер мұражайы, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, Конгресс-холл және басқа да мәдениет мекемелері осындай арнаулы пандустармен жабдықталған.
Тағдырдан тарлық көрген мүгедек жандарды қоғамдық өмірден тыс қалдырмау мақсатындағы қамқорлық шаралары кеңінен жүргізіледі. Сонымен бірге, мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі де жүйелі шешім тауып отырады. Мәселен, 2010 жылы Астана қалалық еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау басқармасына қаламызда тұратын 367 мүгедек жан әлеуметтік көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Жыл ішінде бұл өтініштер толық орындалды. «Жол картасы» шеңберінде мүгедек адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. 78 мүгедек жан жұмыспен қамтылып, 37 адам қайтадан кәсіби дайындықтан өткізетін оқу орындарына жіберілді. 12 мүгедек адам жалақы төленетін қоғамдық жұмыстармен қамтылды. Үстіміздегі жылы қаладағы 91 жұмыс берушімен мүгедектерге арналған 446 жұмыс орнын ашу жөнінде арнайы келісім-шарт жасалды. 2010 жылы жалпы алғанда 188 мүгедек адам жұмыспен қамтылды.
Тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі қоғамдық және муниципалдық қызметтердің жұмысын ұйымдастыру мақсатындағы міндет те дұрыс жолға қойылған. Астана қаласында көп жылдардан бері «Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамы жұмыс істейді. Қаланың ардақты азаматтарының бірі, қоғам қайраткері Қабыкен Зәкариянов басқаратын бұл қоғам Достастық кеңістігіндегі мемлекеттерде құрылған осындай қоғамдардың ішінде үздік деп танылып, «Әділет» қоғамының жұмыс тәжірибесін ТМД-ға кеңінен тарату жөнінде шешім қабылданған болатын.
Қабыкен Зәкарияновтың айтуы бойынша, «Әділет» қоғамдық қоры тұтынушылардың құқын қорғау мақсатында елорда әкімдігімен бірлесе отырып, кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Осы қоғамның бастамасымен қаланың барлық мектептерінде бастауыш сынып оқушыларын және аз қамтамасыз етілген отбасыларының балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету шарасы жүзеге асырылды. Қоғамның табанды іс-қимылының нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктерде жолаушыларға өркениетті де мәдениетті қызмет көрсету ісі жолға қойылды. Бүгінде Астана Қазақстан қалаларының ішіндегі зейнеткерлерді қаладағы қоғамдық көліктермен тегін тасымалдауды қамтамасыз еткен бірден-бір қала болып саналады. Қалада тұтынушылар құқын қорғау, қоғамдық және муниципалдық қызметтердің жұмысын жандандыру мақсатында таяу болашаққа арналған жұмыс бағдарламасы белгіленіп, жүзеге асырылуда.
Қаладағы өндірістік негіздегі нысандарға экологиялық бақылау жүргізу тәжірибесін жүзеге асыру және көгалдандыру мен көріктендіру шараларын ұйымдастыру жұмыстарына қала әкімдігі айрықша басымдық беріп, қала көшелерінің тазалығын жақсарту мақсатындағы жүйелі жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қала маңайының экологиялық ахуалын жақсарту туралы әңгіме қозғаған кезде Астана қаласын айнала қоршаған «Жасыл белдеу» туралы айтпай кетуге болмайды. Айналасы 10 жыл уақыт шамасында қаламызды қоршай мыңдаған шақырымға созылған сыңсыған орман қалыптасты. Қазір «Жасыл белдеу» аясындағы орман көлемі 71 мың гектарға жетті. Сонымен бірге, «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде қала жастары жыл сайын мыңдаған гектар аймаққа ағаш отырғызады. Қала аумағында 2010 жылы әрбір тұрғынға шаққандағы көгалдандыру аймағы 11,42 шаршы метрге жетті.
Астана қаласында тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу кешенінің құрылысы салынып жатыр. Жалпы құны 32 миллион еуро тұратын бұл кешен 2011 жылы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, 2009 жылдан бері Астана қаласында қолданыстан шыққан көлік доңғалағы резеңкелерін қайта өңдеу зауыты жұмыс істеп келеді. Бұл зауыт жылына 16 мың тонна ескі резеңкелерді қайта өңдеп, құрылысқа қажетті өнімдер шығарады.
Қазақстан халқының мақтанышына айналған Астана қаласы жасампаз жетістіктер ордасы болып саналады. Қазір еліміздің елордасында әлемдік деңгейдегі ғылым, технология және техникалық озық ой жетістіктері шоғырланған. Елорда шын мәніндегі озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйыққа айналды. Астана барлық уақыттарда да Қазақстанның өркениет биігіне ғарыштық қадаммен алға басқан жасампаз жолының көшбасшысы бола бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.