01 Сәуір, 2011

Үдемелі индустрияландыру есебінен

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыстың жетекші кәсіп­орын­дары былтыр индстрия­лан­дыру картасы аясында 26,9 миллиард теңгенің 13 инвестициялық жобасын игерді. Нәтижесінде 1145 жаңа жұмыс орны құрылды. Аймақ басшысы Серік Біләловтің төрағалығымен өткен жиында  осы саланың жұмысы қорытын­ды­ланып, алдағы міндеттер белгіленді. Серік Сұлтанғазыұлы  ауыр мәшине жасау саласында 35 зауыт жұмыс істейтінін, оларда 3 мыңға жуық адам еңбек ететінін айта келіп, үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масы бойынша алда қыруар істер күтіп тұрғанын жеткізді. Басты проблеманың бірі ретінде жоғары білікті жұмысшылар мен мамандардың тапшылығын ата­ды. Ауыр мәшине жасау зауы­ты­ның  Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен тығыз бай­ланыс орната отырып, кадр­лар дайындаудағы тәжірибесін үй­рену қажеттігін үлгі етті. Басқосуда сөз алған «Қазақ­стан инжиниринг» акционерлік қоғамының президенті Болат Сма­ғұлов  компания құрамына Қы­зылжар өңірінен 4 кәсіпорын енгелі тұрақты өсімге қол жеткізгенін тілге тиек етті. Олардың тап­сырыстар портфелі 18 миллиард теңгені құрап, жыл өткен сайын өнім өндіру көлемі артып келеді, деді ол. «ЗИКСТО» АҚ еліміз үшін индустриялық дамудың мүл­дем жаңа бағыты – жүк вагон­да­рын құрастыруды таңдап алды. Өт­кен жылы астық тасымалдауға ар­налған вагон-хоппердің екі тү­рін сынақтан өткізсе, биыл оның санын екі есе көбейтуді жоспарлап отыр. Заказдар да қомақты – 4,5 миллиард теңгеге жетеғабыл. Зауыттың жылына 600 вагон шы­ғару мүмкіндігі бар. 200-ден астам вагон  көршілес елдерге жө­нел­тіл­ген. Сол сияқты «Мұнай­маш, Киров атындағы  кәсіп­орын­дар да ха­лықаралық стандартқа  сай келетін бәсекеге қабілетті өнім­дер шығару­дың жолдарын қарастырып отыр. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.