Наурыз айының соңғы онкүндігі халқымыздың ұғым-түсінігіне сайғанда «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» шағына тап келеді. Осындай сыни сәтте күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы өскені, әрине, жақсы құбылыс емес. Қазіргі күні осындай жағдайдың орын алып отырғаны рас. Нендей құбылыстың да белгілі бір себебі мен салдары болмай қалмайды. Ендеше қыстың көктемге ұласар кезінде бірқатар азық-түлік бағалары өсуінің астарында не гәп бар?
Күнделікті ішіп-жейтін тамағымыздың рационына ет араласпаса көңіліміз көншімейтін халық емеспіз бе? Міне, дәл бүгінгі күні бағасы өскен азық-түлік өнімдерінің бірі де осы ет және ет өнімдері. Мұның басты себебін жергілікті жерде, республиканың шалғай аудандарында малды ыңғайлы бағамен сатып алатын құрылымдардың жеткіліксіздігінен іздегеніміз орынды. Осы олқылықты тұтынушылар мен өнім өндірушілер арасында жүрген делдалдар мен алыпсатарлар өз пайдаларына жаратып кетіп жүр. Сөз жоқ, бұл өз кезегінде бағаның негізсіз өсуіне әкеліп соқтырады.
Екіншіден, айталық, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Орынбор, Саратов, Самара, Волгоград және Астрахань қалаларымен іргелес қоныстанған. Бүгінде Ресейде ет бағасы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Мысалы, еліміздің батысында Қазақстанға ең жақын Ресей қаласы – Самара Оралдан 250 шақырым. Мұнда бір кило сиыр етінің бағасы ұлттық валютамызға шаққанда 1500 теңге тұрады екен. Иә, қайткенде де республиканың шекаралық өңірлері Ресейдің әлгі көршілес қалаларындағы жоғары-төмен баллды өзгерістерден сырт қала алмайды. Сөз жоқ іргелес елдегі жоғары бағаның біздерге де әсер етуі табиғи құбылыс. Бұл жәйт бағаның негізсіз өсуіне ықпал ететіні де екі жақты барыс-келіс, алыс-беріс кезінде айқын байқалып жүр.
Әрине, солай екен деп іс-әрекетсіз отыруға тағы да болмайды. Осы орайда Орал өңірінде азық-түлік бағаларын тұрақтандырудың ұтымды жолдары белгіленгенін атап айтқан жөн. Мұның біріншісі, республика өңірлеріндегі коммуналдық рыноктардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалану тұрғысынан туындайды. Орал өңірінде де осындай қадамдар іске асып келеді. Айталық соңғы жылдары мұнда «Ел ырысы» атты коммуналдық рыноктың екінші тынысы ашылып, ол қайтадан жаңғыртылды. Осындағы мал сою цехы арқылы сойылған мал еті тікелей сауда сөресіне жөнелтіледі. Жоғарыда айтылған әлекедей жалаңдаған алыпсатарлар мен делдалдардың тұтынушылар мен өнім өндірушілердің ортасына түсуіне, осы екі ортадан қыруар пайда табуына осылайша тосқауыл қойыла бастады. Ет пен ет өнімдері бағасын тұрақтандырудың басты бір жолы да осы болмақ.
Әйтсе де тауар өндіруші белгілеген о бастағы бағаны өнімді өткізу, сату кезінде ұстап қалу кей жағдайларда мүмкін болмай отырғанын да ашық айтуға тиіспіз. Айталық, Теректі ауданының Пойма ауылында орналасқан күнбағыс майын шығаратын зауыт өз өнімдерін Орал қаласының 600-ден астам сауда орындарына және қала базарларына шығарады. Әзір өнім мұндағы жабдықтаушыларға 240-255 теңгеден жеткізіліп жүр. «БатысКүнбағыс» АҚ директоры Мұрат Жаркеевтің айтуынша, дүкен иелерімен бағаны көтермеу жөнінде келісім-шарттар жасау қолға алынған. Бұған дейінгі жүргізілген мониторингтік зерттеулер бірқатар сауда орындары соған қарамастан бағаны 30-35 пайызға көтеріп жібергенін айғақтайды.
Мұның өзі осы арқылы делдал дүкендер қып-қызыл пайда тауып отыр деген сөз. Шынтуайтына келгенде жергілікті күнбағыс майының бағасы өзге елдерден әкелінген осы тектес өнімдермен салыстырғанда біршама төмен. Ал жоғарыда айтылған жәйттер оның қолдан көтерілгенін көрсетеді. Біз бұл арада олардың азық-түлік бағаларын тұрақтандыру ісіндегі қолға алып отырған істерін жоққа шығару ниетінен аулақпыз. Керісінше, жергілікті атқарушы орган басшылары қалыпты бағаны ұстап тұрудың жан-жақты жолдарын іздестіру үстінде. Соның бірі жәрмеңкелер өткізіп, оның тұрақты сипат алуын қадағалау, осындай тәсілмен ауыл шаруашылығы өнімдерінің төмен бағамен сатылымын ұйымдастыру болып отыр.
– Жәрмеңкеге жеңіл түсінікпен қарауға болмайды. Ол – еріккеннің ісі емес. Түптей келгенде жәрмеңке бағаны тұрақтандырудың таптырмас бір жолы. Тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтуды мұрат тұтатын мұндай шараның бәсі қашанда биік. Жәрмеңкелер өткізу арқылы біз сиыр етінің килосын 750, жылқы етін 800 теңгеден тұтынушыларға ұсынуға қол жеткізе алдық. Осындай жолмен коммуналдық рынокта балық, құс еті, көкөніс жұмыртқа сатылуда. Мұнда белгіленген баға орталық көтерме сатып алу рыногымен салыстырғанда 40-50 теңгеге төмен, – деді газет тілшісіне жоғарыда аталған «Ел ырысы» базарының директоры Жәнібек Қажығалиев.
Иә, баға өсіп барады деп аттандау қиын шаруа емес. Әйтсе де соның астарына терең талдаулар жүргізіп, бағаны тұрақтандыру үшін нақты іс-шаралар белгілей білген өңір басшыларының мерейі қашанда үстем. Орал өңіріндегі бүгінгі белгіленген бағдарламалар, міне, осы арнаға бағытталған.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.