Таяуда Астанада ет және сүт өндірушілердің ІІ форумы болып өтті.
Оны ұйымдастырушы – «Қазақстанның ет-сүт одағы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың ассоциация түріндегі бірлестігі. Форум жұмысына Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, сол сияқты бизнес құрылымдар мен шетелдік меймандар қатысты.
Форум ет және сүт бизнесін дамыту үшін тұғырнама болу мақсатын көздейді. Осы тұрғыда кәсіпкерлер бір-бірімен кездесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығына өздерін толғандыратын сауалдарын қою, сондай-ақ іскерлік байланыстар орнату мүмкіндігіне ие болды. Оның сыртында басқосуға қатысушылар қазақстандық өнімдерді жақын және алыс шетелдердің рыногына шығару жолдарын да қарастырды.
Қазақстанның барлық облыстарынан келген өндірісшілер мен өңдеушілердің 200-ден астам өкілдері қатысқан форумда басқарма төрағасы Иван Сауэр Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытудың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы баяндама жасады.
Отандық ет экспортының көлемін арттыру жөнінен аса ауқымды міндеттер белгіленіп отырған қазіргі кезде мұндай іс-шараның маңызы айрықша арта түспек. Соған орай «ҚазАгро Өнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Айгүл Ахметжанова қазақстандық ет өндірісін дамыту жобасының тұсаукесерін жасады.
Жиынға қатысқан Қазақстанның ет-сүт одағының мүшелері жобаға қолдау көрсетіп, оны жүзеге асыруға белсенді атсалысатындарын білдірді.
Форум қорытындысында арнайы қарар қабылданып, одақтың орта мерзімге арналған іс-қимылдар бағдарламасы белгіленді.
Сөз соңында одақтың тұңғыш рет осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның ет одағы ретінде құрылғанын, алғашында оның құрылтайшылары алтау болғанын айта кету керек. Бүгінде бұл сан 105-ке жетіп отыр. Өткен жылдың наурыз айында өндірушілер мен өңдеушілердің бірінші форумы болып, онда табиғи сүт өндірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпкерлердің одақ құрамына өтуіне байланысты ұйымның атауы да Қазақстанның ет-сүт одағы болып өзгертілді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Иван Адамович Сауэр одақтың басқарма төрағасы, ал Иса Әбжаппар Үкібайұлы атқарушы директоры болып табылады.
С.АЛМАСОВ.