Елімізде бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы жастар бітірер істің қомақты екенін көрсетті. Жастардың «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты биылғы бастамасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып отыр. Жастықтың жанартауынан ықпайтын жұмыс жоқ. Ол еліміз тарихынан да белгілі. Жақында «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағының облыстық штабы және өңірдегі үкіметтік емес ұйымдары облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткізген «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасын өткізді. Бұл акцияның екінші сатысы «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 екпінді еңбек аптасы» атты ұранмен басталмақ.
Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелер, табиғаттың тұнық тазалығын сақтау бүгінде тек қазақстандықтарды ғана емес, жұмыр жер тұрғындарының барлығын да ойлантып отыр. Ал ауыл мен қаланың тазалығы өзіміздің әлеуметтік тұрмысымызды жақсартудың бір кепілі болып табылады. Бұл мәселе әрдайым алда жүретін жастарды да толғантады. Қостанай қаласындағы Студенттер сарайында өткен осы бағдарламаның еңбек науқанының ашылу салтанатына студенттер, жастардан құралған үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, ауыл жастары қатысты.
«Жасыл ел» бағдарламасына қатысқан қостанайлық жастар сиреп бара жатқан орманды сақтап қалу ісіне алдымен маңыз берді. Он мың гектар орман ішін тазалады, 200 мың жас көшет отырғызды. Облыс өңіріндегі 243 елді мекенді тазартып, ағаш көшеттерін екті.
– Өткен жылы біздің штаб еңбек жасағын жасақтағанда ауылдағы жұмыссыз жүрген жастарды тартуға көп мән бердік. «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберіндегі еңбек жасақтарының 600 мүшесі болса, соның арасындағы 150 жас жұмыссыздар болатын. Олар «Жасыл елдің» арқасында науқандық жұмыс болса да нәпақасын тапты, – деді еңбек науқанының ашылу салтанатында сөйлеген облыстық штаб бастығы Айдар Мұратов. Былтыр «Жасыл ел» еңбек жасағына Әулиекөл, Меңдіғара, Қарасу, Қостанай аудандарының жастары белсене қатысты.
Жастар бес жылдан бері қоршаған ортаны қорғау ісінде көптеген проблемалармен бетпе бет келді. Қалада да, да күл-қоқыс көбейіп барады. Елді мекендерді тазалап, қоқыстарды уақытылы жойып отыру жас ұрпақ денсаулығы, өмірі үшін керек екенін жастар түсінді.
– Табиғатты таза ұстайтын да, оны ластайтын да өзіміз. Қалалар маңының ластануы адамдар денсаулығына төнген қауіп деп түсінетін кез жетті. Бұлақ көздері бітеледі, ашық су қоймалары ластанады. Мұның өзі түрлі аурулардың басты себебі екенін бәріміз де білеміз. Өзіміз көріп отырып, осындай қатерге қалай жол беруге болады? Жастар, замандастар, қоршаған ортаны барынша таза ұстауды әркім өзінің парызы деп білуі керек. Сондықтан «Жасыл ел» бағдарламасы дер уақытында қолға алынған тамаша шешім,–деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген өткен жылғы еңбек науқанының ең үздік жауынгері Мақсұт Нәсибулов.
Былтыр Қостанайдағы «Жасыл ел» еңбек жасағы облыс орталығының тазалығы үшін көп жұмыс атқарды. Қала іші мен маңайына саялы ағаштардың 1000 көшетін отырғызды. Жеті мың шаршы метр алаңдар мен көшелерді тазартып, 1000 текше метр қоқысты сыртқа тасып, көзін жойды. Қала тазалығының маңыздылығын түсінген жасылелдіктердің «Таза қала, таза көше» акциясы қайтарым бермей де қалған жоқ. Акцияның басты нәтижесі – қала тұрғындары өздері тұрған үйлердің ауласын, көшелерді жастармен қосылып бірге тазалады. Облыстық штаб мүшелерінің айтуынша, қаланың төрт мыңнан аса тұрғыны жасылелдіктер қатарын молайтқан екен.
Қостанай өңірінде сәуір туысымен қар көбесі де сөгіліп, ағыл-тегіл ери бастайды. «Жасыл ел» еңбек жасағының тап-тұйнақтай жиылып, қамшы басар кезі де осы тұс. Қыс бойы қар астында жиналған қоқысты тез арада жинап, жояды. Ал жасылелдіктер бұл іске биыл елу мың адамды тартамыз деп отыр. Сәуірдің басынан бастап Қостанайда сенбіліктер мен асарлар басталмақ. Көктеммен бірге қолға алар іс көкжиегі де кеңейіп кетері анық.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.