24 Қаңтар, 2017

Батыс Қазақстанда тапсырыспен ұшатын жеңіл ұшақ таныстырылды

532 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін «Орал» халықаралық әуежайында Cessna-208 Caravan жеңіл ұшағы таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысқан шара барысында батысқазақстандықтарға осы қызмет түрін ұсынып отырған «КазМедЭйр» АҚ бас директоры Андрей Косолаповтың атап өткеніндей, озық технология негізінде жасалған үнемді әрі икемді ұшақ шекаралас өңірлерге, сондай-ақ ауыл-аймаққа сапарлай алады. Бұл ұшақпен жүк те тасымалдауға болады. Сонымен қатар, парашютпен түсу, медициналық бағытта көшіру, аэрофототүсірілім сияқты түрлі қызметтерді атқарады. Яғни, көп салалы ұшақ сенімді, қауіпсіз әрі қолдануға тиімді. Мысалы, Ақтөбе қаласына дейін ұшақтың ұшу құны орта есеппен 2 млн теңге (бір сағаттық құны - 500 мыңнан астам теңге) тұрады. Оған кәсіпкерлер тапсырыс берсе, Оралдан Атырауға 1 сағат 45 минутта, Ақтауға 3 сағат 30 минутта, Астанаға 5 сағаттан астам уақытта жете алады. Сондай-ақ Ресейдің Орынбор, Самара, Астрахан сынды қалаларымен де әуе қатынасын орнатуға болады. Оралда әзірге бір ұшақ қызметке дайын, алдағы уақытта сұранысқа сәйкес олардың санын көбейту көзделуде. Айта кетейік, аталмыш ұшақ АҚШ-та өткен ғасырдың сексенінші жылдары жасалған. Орташа құны – 3 млн доллар. Жолаушылар салонына сегіз адам сыяды. Ұшу ұзақтығы - 1 680 шақырым, жылдамдығы – сағатына 352 шақырым.