Жақында Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй Лондонда Британияның Еуропалық одақ құрамынан шығу мәселесіне байланысты сөз сөйледі және ол үкіметтің «брекситке» қатысты алдағы іс-жоспарынан хабардар етті. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Тереза Мэй осы жолы бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан «брекситке» байланысты өзінің ұстанымын нақты және ашық білдірген. Оның пікірлерін кейбіреулер «қатқыл» шықты деп есептейді. Өйткені, ол Лондон мен Брюссель арасындағы еуроинтеграция шеңберінде орнатылған сауда және саяси байланыстар сақталмайды, деп мәлімдеді. Бұл Еуропалық одақтағы жетекші елдерді ғана емес, Одақ құрамындағы өзге мемлекеттерді де әрі-сәрі күйге түсіріп, ойландыратыны әрі толғандыратыны анық. Жалпы, «брексит» Еуроодақ үшін аса ауыр сын болғалы тұр. Себебі, Біріккен корольдік Одаққа мүше 28 мемлекеттің ішіндегі ең ықпалдысы және экономикалық күш-қуаты жағынан екінші орындағы мемлекет болып табылады. Сондай-ақ, ресми Лондонның әлемдік саясаттағы және қаржы саласындағы салмағы өте жоғары. Осындай іргелі елден «айырылу» Еуропалық одаққа қиын соғатыны «брексит» мәселесі айтыла бастағанда-ақ белгілі болған еді. Бірақ, премьер-министр экономикалық серіктестік, қорғаныс пен қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық жалғаса беретінін мәлімдеді. «Лондон Еуропаны емес, Еуроодақты тастап барады, – деді Тереза Мэй осы жөнінде. – Ұлыбритания Еуропадағы мемлекеттермен серіктестік қатынастарды тең құқылы әріптестік қағидаттар бойынша құратын болады». Премьер-министрдің бұл пікірі алдағы уақытта Ұлыбритания Еуропалық одаққа мүше елдермен сауда-экономикалық қатынастарды тек келіссөздер жүргізу арқылы жасауға бел байлап отырғанын көрсетеді. Үкімет басшысы, сондай-ақ өздерінің Кеден одағынан да шығатынын мәлімдеді. Міне, бұл – британдықтар Еуроодақ алдындағы қазіргі кездегі экономикалық міндеттемелерін де алып тастайды деген сөз. Тереза Мэйдің «брекситке» қатысты мәлімдемесінен соң, құнсызданып бара жатқан фунт стерлинг бірден 2 пайызға қымбаттаған. «Брекситтің» Еуропалық одақ пен Ұлыбританияға экономикалық салдары қандай болатынын болжау қиын. Дегенмен, сарапшылар бұл «ажырасудан» бастапқы кезеңде екі тарап та ұтылатынын, ал Еуроодақ өзінің тұтастығын сақтап қалғанымен, аса ірі ойыншысын жоғалтатынын айтады. Бұл жерде Британия үшін ең басты тиімділік, олар институттық басымдыққа ие болу арқылы дербес шешім қабылдау еркіндігіне ие болады. Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу жөнінде референдум өткізу мәселесін көтерген бұрынғы премьер-министр Дэвид Кэмеронның өзі болатын. Ол 2013 жылдың қаңтарында өзі жетекшілік ететін партия жеңіске жеткен жағдайда, Біріккен корольдіктің Еуроодақтан шығу үшін референдум өткізуге уәде берген еді. Ақыры, референдум 2016 жылдың 23 маусымында өтіп, дауыс берушілердің 52 пайызға жуығы елдің Одақтан шығуын жақтады. Осылайша, Дэвид Кэмерон өзі берген уәдесінің құрбанына айналды. Өйткені, ол қарапайым британдықтар «брекситті» қолдамайды деген сенімде болды. Дегенмен, Д.Кэмерон Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу үдерісін бастап берген саясаткер ретінде тарихта қалады. Еуропаны кезіп жүрген «брексит» елесі Еуропалық одақтың да, Біріккен корольдіктің де өз іштерінде жікшілдік мәселесінің бар екенін байқатты. Әсіресе, ол референдум нәтижесі белгілі болған кезде анық көрінді. Мысалы, Корольдік құрамына кіретін төрт мемлекеттің бірі – Шотландия халқының басым бөлігі, яғни 62 пайызы Еуроодақтан шығуға қарсы дауыс берді. Осыны негізге алған Шотландияның бірінші министрі Никола Старджен Шотландия «брекситтен» кейін де Еуроодақпен бір нарықта қалғысы келетінін айта келіп: «Біз өз ұсыныстарымыздың талқылауға тұрарлық екеніне Ұлыбританияның көзін жеткізуіміз керек. Ал бізге құлақ аспайтын болса, Шотландияның Біріккен корольдік құрамынан шығу туралы екінші референдум өткізуге дайынбыз», – деген еді. Жалпы, Еуропалық одақ құрамынан шығуға ниеттенген елдер Ұлыбританиямен ғана шектелмейді. Бұдан бес-алты жылдай бұрын Грекия да «грексит» жөнінде әңгіме қозғағаны ұмытыла қойған жоқ. Сондай-ақ, Франция мен Нидерландтағы елдеріндегі оңшыл көзқарастағы қозғалыстар да Еуроодақтан шығудың жолын іздестіруден кетәрі еместігін байқатып қалып жүр. Біреулер Еуроодақ құрамына кіре алмай әлек, ал екіншілері шыға алмай әлек. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Айбек Оралбай бокстан Азия чемпионы атанды
Бокс • Бүгін, 16:40
Сағындық Тоғамбай Азия чемпионатының сегізінші алтынын нокаутпен жеңіп алды
Бокс • Бүгін, 16:20
Азия чемпионаты: Ерлер арасында ел қоржынына екінші алтын түсті
Спорт • Бүгін, 16:00
Түркістан облысының қорғаныс департаменті басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:50
Өскеменге жаңа әкім тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:33
Азия Чемпионаты: Абылайхан Жүсіпов қоржынға күміс жүлде салды
Бокс • Бүгін, 15:05