25 Қаңтар, 2017

«Ылдиладым, өрледім... Құлдилады ер көңіл!..»

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
нұраға1Есімі елге белгілі фотожурналист Нұрманбет Қизатұлының атағы мен дақпыртын соно-оу «қоян жылынан» бір кісідей жақсы білемін. Объективі қолақпандай фотоаппаратын қолтығына қысып ап ақсақалдық жасына қарамастан желе жортып жүретін ағамыз оқта-текте «Егеменнің» Алматыдағы қосынына бас сұғып тұрады. – Газеттерің бойшаң болғалы, тілшілерің ойшаң боп бара жатыр, і-и... – деп қуақы сөз қағытқан өзі де ерекше бойшаң ағамыз «соңғы бетке жаратсаңдар бір дүние алып келдім» деп бөлмеге жылы шыраймен жылы сөйлеп кірді. Ағамыз әдемі фотоэтюд әкелген шығар дегенбіз. Сөйтсек, фотоөнердің шебері белгілі сатирик інісімен «телестудиядағы айтысын» алып келіпті!.. Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының шоу-жүргізушісі әзілқой, сатирик ақын Толымбек Әлімбекұлы «Тұлға» атты өзі жүргізетін хабарға Нұрманбет Қизатұлын мерейтойы үстінде шақырған ғой... – Жетпіс бес деген жас жарық дү­ниеге келген адамға аз жол емес, ылди мен өрі қатар жүретін өмір жолыңыз ылғи тегіс болып, бүгінгі асуыңыз­да артыңызға қарататын алаң жоқ па? – деп бастайды ақын әңгімесін. – Сатираның сардары қышыған жерімді қасып өтті. Жанды жері­ме тиген соң жайсыз да болса Жәкемнің сарынына салып былай деп үн қаттым, – дейді Нұрағам. Делебесі қозып тұр. – Уа, Толымбек, Толымбек, Жолаушымын жоғым көп. Келіп қапсың оқыста, Кетер ме екен жолым боп. Ылдиладым, өрледім, Құлдилады өр көңіл. Қия алмадым сызығын Тұлпар тосар керменің. Сатираның садағын Сендердей созып көрмедім. Қалжыңнан қамшы өрмедім, Сауырға тисе сарт етіп Сезетін ащы-кермегін. Тектерің төре тұқым ба ед, Төрелік төрін бермедің. Көкшолағым тепеңдеп, Қамшылаймын жетем деп. Бай қызындай қағытқан Сайтан мінез – сатира Сапқа қоспай, «бөтен» деп, Жел көңілім жетелеп, Үмітсіз шайтан өтер деп. Сықақтан сыбаға ала алмай, Кенендей кейіп өтем деп, Жүйкесінен елдің жүн созып Жүр ме екем әлде осында Бекер кетіп, бекер кеп. Көкала жал көк бөрім Мекендеп мысқыл бек төрін, Шиқандарға тұз сеуіп, Шиқылдатып бөктердің. Сатирадан сарай сап, Ауызша аштың мектебін, Көпеннің жауып шекпенін, Дуалайын бүгін деп пе едің? Әлде Сейіт, Үмбетбай Иттерін қосып, перімді Қуалайын деп келдің?! Сауал емес, әлде сауапты Алайын деп кеп пе едің? – деп төгіп-төгіп жіберіп тоқтапты. Сонда Толымбек те қалыспай: – Жанып тұрған көкте күн Көрмеппін жасын төккенін. Шаппасаң да тұлпармен Үйреніпсіз «ерттеуін», – деп ағасын құшақтаған екен. Ұлы  Жамбылдың ұрпағы, Жам­был ауылының иығындағы Қы­зыл­­әскер ауылында туып-өскен Нұр­ман­бет аға Қизатұлының қара­ өлең деген­де қаражаяу емес­тігінен бұрыннан да хабардармыз. Бірақ журналис­тикада, жалпы, өнерде оқырманын ға­жайып фотоларымен ғана сүйсінтіп жүретін аяулы ағамыздың ақындыққа «арқасына қамшы тимесе» мойын бұра бермейтін даралығы да бар еді. Сондықтан да, телестудиядағы өткен сөз сайысын сөз төркінін түсінер оқырманға жедел­детіп ұсына қоюды жөн санадық... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген автор