25 Қаңтар, 2017

Үйі – үй емес, кітапхана

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Молдарай ДуйсенбаевҚадағаң, қазақтың клас­сик ақыны Қадыр Мыр­за Әлі туралы қағыт­палар­дың бірінде оның үйінен шығып бара жатқан адамды қайта-қайта құшақтай беретіні жайында айтылатын. Онысы әлгі кісіні қимай тұрғаны емес. Үйі­нен кітап ұрлап кетіп бара жатқан жоқ па екен деген секемін білдірмей тексеру дейтін. Қаншама жыл тірнектеп жүріп жиған дүниесін Қадағаң солай да қорғаған секілді ғой. Молдарай Дүйсенбаевтың үйіне барғанымызда осы жағдай­дың есімізге орала кеткені. Жастайынан білімге құштар болып, оң-солын танығаннан кітап жинаған екен, ақсақал. Бүгінде бұл кісінің кітап қоры 8 мыңнан асады. Қайда барса да, ең алдымен, кітап дүкеніне бас сұғады. Солайша, қоржынын жаңа кітаптармен толықтырып отырады. Бұрын айлығынан, қазір зейнетақысынан кітап алуға арнайы қаржы бөледі. Ең ғажабы, ақсақал жиған кітап­тарының басын құрап, үйінен кітапхана ашып қойған. Керемет қой. Саналы ғұмырында жинаған кітаптары сөреде шаң басып тұрмасын, жастардың, ілім алуға ынтық азаматтардың, жалпы халықтың кәдесіне жарасын деп үйінен жекеменшік кітапхана ашады. Жақын жердегі мектептің оқушылары мен оқу орындарының студенттері Молдарай ақсақалдың үйіне келіп, өздеріне қажетті мәлімет­терді тауып жатады. Еңбе­гінің еш кетпегеніне, жылдар бо­йын­а көзінің майын тауысып оқыған дүниелерінің елдің игілігіне жарап жатқанына бір рахаттанады. Gooqle мен Wikipedia үстем­дік құрып тұрған мына заманда, Молдарай Дүйсенбаев не істеп отыр деңіз. Зейін салы­ңыз, айтайық. Саясаттану, әлеу­меттану, медицина, философия, спорт, тарих, география, салт-дәстүр, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер секілді түрлі сала бойынша мәліметтерді кітаптан, газет-журналдардан жинап, қи­ып-көшіріп, оның барлығын бөлек-бөлек папка ретінде құрастырып шыққан. Оның ішіндегі ең сүбелісі тұлғатануға арналған бөлігі болса керек. Молдарай ақсақал бүкіл өмі­­рінде білім беру саласында қыз­мет атқарыпты. Соған сәйкес, білім саласында да жинаған дерек қо­ры мол. Мұ­ғалімдердің ашық са­бағынан бас­тап ғылы­ми диссертацияға қажетті мәлімет­терге дейін бар. Молдарай Дүйсен­бай­ұлының үйінде білімге құштар жастың көкірек көзін ашатын, көк­­жиегін кеңейтетін осындай пап­калардың ұзын-саны 300-ден асады. Ақсақал соңғы жылдары ден­саулығының сыр бере бастағанын, сондай-ақ, кітап­ханаға адам­дардың сирек келетінін айтады. Әрі-бері ойланып, туған жері Сұлутөбеден кітапхана ашуға бекініпті. Әл-әзір оған шамасы келетіндей емес. Осы орайда, Молдарай Дүйсенбайұлы мынадай ой айтып қалды. «Қазір мемлекет пен жекеменшік әріп­тестігі есебінен балабақшалар ашылып жатыр ғой. Құптарлық дүние. Міне, осындай әріптестік енді жеке кітапхана ашуға да қолданылса деймін. Балабақша ашамыз, мек­тептерді жаңадан саламыз. Енді оның ішіндегі балалардың да білі­мін ойлауымыз керек қой. Кітапханасы баяғыда тоз-тоз болып кеткен ауылыма барып, жаңасын ашқым келеді. Оны ашармын-ау. Бірақ соны ұстап тұруға, жұмысын әрі қарай жүргізуге жаңағы мемле­кет-жекеменшік әріптестігі тә­сілі қолданылса, үлкен көмек болар еді». Дүние емес, білім қуып, байлық емес, кітап жинаған Мол­дарай ақсақалдың арманы орындалады деп сенеміз. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда