Ауылшаруашылық кооперативтерін құруда өңірлер арасында Қарағанды облысының тәжірибесі үлгі боларлық. Өткен жылдың соңында облыста ет, сүт өнімдерін өндіруді жолға қойған бес ауылшаруашылық кооперативі ашылды. Алайда, ауыл шаруашылығы өнімдеріне салынатын салық көлеміне қарай бұл кооперативтер өз өнімдерінің бағасын амалсыз жоғарылатуы мүмкін. Оның негізгі себептеріне кейінірек тоқталармыз, әзірге кооперативтер құру ісінің қалай жүріп жатқанын баяндап өтелік.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарынша, бес жыл ішінде еліміздегі 670 мыңдай шағын шаруашылықты 1584 ауылшаруашылық кооперативіне біріктіру қажет. Нақты Қарағанды облысында 97 ауылшаруашылық кооперативін құру көзделген. Былтырғы жылдың соңында республикадағы облыстар арасында алғашқы болып Қарағанды аймағында 5 кооператив, 230 бордақылау алаңы ашылды. 5 кооперативтің құрамында 115 отбасылық мал бордақылау алаңы іске қосылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд 600 млн теңге бөлінген. Биыл бұл шаруаға 3,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес, бұл қаражатқа облыс көлемінде 740 шағын мал бордақылау алаңы мен 37 кооператив ашу керек. Министрлік тапсырған бағыттар бойынша жұмыстар Қарқаралы ауданында ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мұндағы былтырғы жетістіктердің бірі – Егіндібұлақтағы «Балқантау-Агро» мал бордақылау кооперативі. Кооперативке «50 ауыл» тұжырымдамасы негізінде 68 млн теңге несие берілген. Енді кооператив өңірдегі ет өндірісін дамытуға күш салмақ. Аталған тұжырымдама бойынша 20 отбасылық мал бордақылау алаңын ашқан кәсіпкерлер 49,5 млн теңге несие алды. Бұдан өзге, сәуір айынан бастап жыл соңына дейін ауданда тағы төрт кооператив құрылмақ.
Дегенмен, ауыл халқы бұл жаңалыққа әзірге үрке қарап отыр. Олардың пайымдауынша, кооперация туралы заңнама толық жетілдірілмеген. Соның бірі – салық мәселесі. Қаржы министрлігі ауылшаруашылық кооперативтеріне қандай да бір жеңілдік жасалады деп отырған жоқ. Аграрлық ведомство мұны түсініп, мемлекет тарапынан болатын қаржылай қолдау бірінші кезекте осы кооперативтердің пайдасына жұмсалады деп сендіруде. Аталған тұжырымдамада кооперативтерге бес жыл ішінде түрлі бағыттар бойынша 122 млрд теңге субсидия беріледі делінген. Жеңілдікпен несие беру, техника мен құрал-жабдықтар лизингі сияқты мәселелер осы қаражаттың ішінен қарастырылмақ.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жүргізіп отырған «Береке» бағдарламасы ауыл халқын кооперативтерге тартуда үлгі ретінде дәріптеліп отыр. Бұл бағдарламаның мәні – ауылдық жерлерде жұмыспен қамту мәселелерін шешуге несие беру. Яғни, ауылдықтарға 54 айға жылына 6 пайыздық өсіммен 4 млн теңгеге дейін несие ұсынады. Қаражат жас мал алып бордақылау немесе сүт өндірісін жолға қою үшін сиыр алу тәрізді тиімді мақсаттарға беріледі. Бірақ, аталған қордың несие сұрағандарға қоятын шарттары бар. Ол үшін ауыл еңбеккері алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, одан кейін тағы ауылшаруашылық кооперативіне бірігуі керек. Осы шарттарға келіскендер Қарағанды облысының тек бес ауылынан ғана табылды. Сөйтіп, Бұқар жырау ауданының Ростов пен Гагарин ауылдық округтерінде, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында, Жаңаарқа ауданының Целинный ауылдық округінде, Шет ауданының Өспен ауылдық округінде облыстағы, тіпті республикадағы алғашқы ауылшаруашылық кооперативтері пайда болды. Олардың құрамына енген 115 еңбеккер желтоқсанның аяғында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жалпы сомасы 278 млн теңге несие алды.
Ауыл адамдарын алдымен қызықтырғаны – мал алып өсіруге берілетін қаражат. Бұрын өзінің жеке шаруашылығында алаңсыз мал өсіріп үйренген ел енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін табысының тым құрығанда 10 пайызын зейнетақы қорына аударып отыруға міндетті. Оның үстіне, ауылшаруашылық кооперативіне салық салу мәселесі де әлі түбегейлі шешілмеген. Өз жер телімі бар ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге қарастырылған салық жеңілдіктері бар да, ауылшаруашылық кооперативтерінде ондай жеңілдік жоқ. Өз жер телімі жоқ кооперативтер, заңға сәйкес, еліміздегі басқа да кәсіпорындар сияқты толық көлемде салық төлеуі тиіс. Ал бұл ауыл тұрғындарын шошытпай қоймайды. Бүкіләлемдік банктің есебінше, Қазақстандағы салық салмағының коэффициенті 2015 жылы 29,2 пайызды құраған. Яғни, қордан алған несиенің 6 пайызынан бөлек тағы да біршама үстеме қосылып, шаруа адамдары тапқан табысының үштен бірін салыққа жұмсауға мәжбүр болады.
Осы жерде ауыл халқына несие беру үшін оларды жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, кооперативке біріктірудің не қажеті бар деген орынды сауал туындайды. Сөйтсек, Ауыл шаруашылығы министрлігіне кооперативтер құру науқанына серпін керек екен де, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына ауыл халқын жұмыспен қамтуға еңбек сіңіріп жатырмыз деген есептілік қажет көрінеді. Қарап отырсаңыз, ауыл халқына шын мәніндегі жанашырлық әлі де кемшін соғып тұрған сыңайлы. Ғасыр бұрын колхоз құрғандай күштеп біріктіретін заман емес, қазір ауыл халқының да көзі ашық. Игі бастаманың нәтижесі көңіл көншітер болса, халық қашанда разы.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы