25 Қаңтар, 2017

Агломерация: Аймақтың дамуына қандай артықшылық тән?

1358 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
картаБүгінгі күні агломерация ұғымы мен термині ешкімге де таңсық емес. Оны негізінен индустриялық аймақтарға тән құбылыс деуге болады. Жеке­леген ірі қаланың төңірегінде топтасатын агломерация атауы­ның ауқымы мейлінше кең. Бұл біріншіден, еңбек ресурстары­ның аумақтық шоғырлануын сипат­тай алады. Соған сәйкес мұнда өнеркәсіп, инфрақұры­лым, денсаулық сақтау мен білім беру салалары бір-бірімен үйлесім­ді түрде қатар дами береді. Мұн­дай жағымды жайт халықтың тығыз қоныстануына ықпал жасай алады. Осы орайда оған қажетті фак­тор­лардың бірі халық санының сәйкес келуі десек, бұл мәселе жө­ніндегі деректерге салыстыру жасай кет­кеннің артықшы­лығы бола қой­мас. Айта­лық, тоқ­саныншы жылдардың бас кезін­де Ақтөбе қаласы маңын­дағы тұрғын­дардың саны ке­ңес­тік кезеңдегі мөлшер­ден әжеп­­тәуір кеміп кетсе, жаңа мың­­жылдық­тың басында бұл көрсеткіш бірден тез жоға­ры­лап сала берген екен. Адамдар об­лыс­тың болашағы жоқ ауыл­дары мен елді мекен­дері­нен, тіпті еліміздегі өзге де өңірлер­ден өн­ді­рістік әлеуеті мол қала – Ақтөбеге қарай ағыл­ған. Со­ның нәтижесінде Ақтөбе қала­сы төңі­ре­гінде тұтастай елді мекендер мен ауылдар пайда болған. Сонымен бірге, облыс ор­та­лығының оңтүстік-батыс жақ бөлі­гінде жаңа шағын аудандар құру қажеттілігі туындаған. Ақтөбе мұнай-газ секілді стра­­­тегиялық шикізат көздеріне жақын орналасуымен де ерек­шелене алады. Мұның өзі де агломерация белдеулерін бекіту­ге үлкен мүмкіндік береді. Тек мұнай мен газ ғана емес, сондай-ақ, Ақтөбе аумағындағы жер қойнауы өзге де табиғи бай­лықтарға толы. Тек оның ретін тауып игере білсе болғаны. Екін­шіден, көлік-логистика про­бле­малары шешімін таппаған жерде мың жерден тықпаласаңыз да, агломерациялық белдеулер бекем бола алмайды. Қазақы ұғым­мен айтқанда көктей солады. Осы орайда облыс орталы­ғы­ның тоғыз жолдың торабында орналасуы оның агломерацияға айналуға әбден лайықты екенін көрсетеді. Еліміздегі Ресей нарығына шығатын қақ­па­лардың ең маңыз­дысын да Ақтөбе аймағы құрай­ды. Тағы бір артықшылықтың төр­кіні төмен­дегідей. Яғни оңтүстік және орталық аймақ­тағылар Ақтөбе арқылы Каспий теңізі­не шыға алады. Мұндай мүмкіндік қаланың жүйе түзуші кешен ретіндегі өзіндік орнын айқын­дай түседі. Әрі бұл жазылмаған табиғи заң­дылықтай көрінеді. Әрқайсысы түйенің таба­нын­дай болып келетін осындай ар­тық­шы­лықтар еліміздің батыс бөлігіндегі ең ірі қала – Ақтөбенің айрықша жедел қарқын­мен дамуы­на жол аша алатыны аян. Әрине, мүм­кін­дік­тің де мүмкіндігі бар. Соның ішінде табиғи мүмкіндіктердің ор­ны бөлек. Ақтө­бенің басты ар­тық­шылығы да осы табиғи мү­м­­кін­­діктер десек шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Жоғарыда айтылғандай, өңір­дің страте­гиялық шикізат көз­дері мен қазба байлықтарға жақын орналасуы әрі аймақта энер­гиямен қамтылу ісі оң жол­ға қойылғаны агломерация мен өндірістік кешен құруға бас­ты негіз қалайды. Осы тұрғы­дан қарастырғанда Ақтөбе мұ­­най-газ химиясы кешенін құру­­ға әбден лайықты екені еш­қан­­дай талас туғызбайды. Инвес­ти­ция­лық қуатты көтеру мен агло­мера­циялық тәртіптің басты кілті де осында болса керек. Индустрия мен инновацияның дамуы­ның басты қозғаушы күші де осы арна­дан тамыр тарта алады. Осы арқылы қазақ­стан­дық брендке қол жеткізудің жолдары да жақын­дай түседі. Агломерация терминіне бір­жақтылық ұғымы мүлдем жат. Бұл ретте батыстағы макро­­өңір базасында қой және үйірлі жылқы шаруа­шы­лығын дамытып, түйе өсіру ісін қолға алуға да болады. Айталық, Ақтөбеде өткен жылы асыл тұқымды жылқы шаруа­шылығын өрге бастыру жөнін­дегі республикалық палата да құ­рыл­ған еді. Бұл жөнінде газетімізде сарап­­тамалық мақала да жазылған болатын. Өңір­де мұндай жағымды жаңалықтар аз емес. Сон­дай-ақ, өндірістік кешен құрамына күздік дән­ді да­қылдар егістігі мөлшерін көбейту, өсім­дік шаруа­шылығын жолға қою, сонымен бірге, май­лы және жемдік дақылдарды өсіру жөнін­дегі мәселелер енгізіліп жатса, нұр үстіне нұр. Ақтөбе агломерациясы об­лыс­тың алты ауданын қамти­ды. Сондай-ақ, оның құрамына Ақтөбе қаласы мен оның маңын­дағы жетпіс елді мекен енгізілген. Осы арада оның екеуі Алға мен Қандыағаш секілді шағын қала әрі біреуі еліміздегі моноқалалар құрамындағы Хромтау екенін айта кеткен жөн. Бүгінгі күні агломерация аумағында 600 мың­ның төңірегінде халық тұра­ды. Бұл өңірдегі тұрғындар санының 72,5 пайызы деген сөз. Ақтөбе агломерациясының ал­дағы атқаратын іс-жоспар­ларын облыстық мәслихат депутаттары 2015 жылдың 7 тамы­зында бекіткен екен. Мұн­да алты бағытты жүзеге асы­руға басымдық беріліпті. Бүгін­гі күні облыс әкімдігі агло­ме­ра­цияны дамытудың кең ауқымды жұмыстарын жүр­гізу­де. Бұл жөнінде Ақтөбе облы­­сының әкімі Бердібек Сапар­баевтың өкіміне сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына басқармалар мен департаменттердің басшылары және Ақтөбе қаласы мен агло­ме­рация аумағындағы аудандардың әкімдері енгізілген. Аталған жұ­мыс тобы өткен жылы Ақтөбе агломерациясы даму картасының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа жобасын жасақтапты. Агломерация талаптары жағ­дайын­да халықтың саны ұдайы өсіп отыруға тиіс. Бұл жөнін­де қан­дай болжамдар жасау­ға бол­ады? Ұлттық эконо­ми­ка ми­нистрлігі мамандары­ның бұған дейінгі мәлімдеуіне қа­ра­ған­да, түпкілікті жағ­дай­да және болашақта Ақтөбе агло­ме­ра­ция­сының демо­гра­фия­лық даму индексі 1мил­лион 300 мың адамға жеткізілмек. Әрі Ақ­төбе еліміздің басты көлік-ло­гис­тика орталығының және ме­тал­лургия, құрылыс сала­лары­­ның бірі ретінд­е қарқынды түр­де да­мы­мақ. Мұнда агло­­ме­ра­ция­ның әр тарапты әрі әр тар­мақ­ты та­лап­­тарына сәйкес еліміз­дің тұтастай батыс өңір­­леріне медициналық қызмет көрсете­тін орталық іске қосыл­мақ. Осы орайда жер­гілікті ат­қару­шы органдарға жүктелген жауап­кершілік жүгі де салмақты бола түспек. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы