жүргізушінің көп жыл бойы айыппұл төлемей келгені қайран қалдырады
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өңірімізде тоғыз мыңға жуық тұрғынның айыппұл көлемі 100 миллион теңгеден асып кеткені туралы жарияланымы бізді ойландырып тастады. Мақтанатын цифр да, қылық та емес, әрине. Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерін жерге қарататын дерек!
Таусыла сөйлеуіміздің сыры мынада: жол тәртібін бұзған үш тұрғын сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған. Дұрыс-ақ. Не бүлдіріп қойды десеңіз, таңданыстан талып түсуіңіз ғажап емес. Мәселен, облыс орталығының бір тұрғыны 2013 жылдан бері жол қозғалысы ережесін 14 рет бұзса да, желдей жүйткіп жүре берген. «Әй» дер әжеміз, «қой» дер қожамыздың» ортақ ережені құлағына да қыстырмайтын дөкейіңді бүгінге дейін заң аясында жазалай алмағаны таңдандырады.
Сотқа дейінгі ықпал ету, мәжбүрлеу шаралары толып жатыр емес пе? 4 жыл бойы емін-еркін жүруін жайшылықта сауысқандай сақ МАИ қайтып аңғармаған деген сауал туады. Оу, жердің жарығына түсіп кетпеген болар? 200 мың тұрғыны бар қаладан шөмеле ішіндегі инені де табатын мезгіл емес пе? 70 мың теңге берешекті төлеттіре алмай дымы құрыған МАИ-дың сотқа қайырылуы дәрменсіздіктің бір белгісі сияқты.
«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, бұдан да сорақы мысалды кезіктіргенде жүрегіміз тоқтап қала жаздады. Тағы бір азамат жол-көлік ережесін 29 рет (!) бұзып, қарызы 400 мың теңгеден асып жығылған. «Атың шықпаса, жер өрте» деген осы! Жазатайым Гиннестің рекордтар кітабына еніп жатса, бұл пақырың алдымен әкімшілік полиция қызметкерлеріне алғыс айтатын шығар.
Құқық қорғау органдарының ескертулеріне пысқырып қарамайтын мұндай жауапсыздардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуін тәртіп пен талаптың босаңсығанынан іздеген дұрыс секілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы