* Бүгінге дейін мемлекетаралық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатында Қазақстан мен Жапония арасында бекітілген құқықтық-келісімшарт құжаттарының саны 44-тен асып түседі.
* 1998 жылы басталып, 2000 жылы аяқталған Ертіс өзенінің үстіне салынған Семейдегі аспалы көпір Қазақстан мен Жапония арасындағы достықтың нышаны. ТМД-дағы ең үлкен құрылыс нысаны саналатын көпірдің кеңістіктегі ұзындығы – 750 метр. Жалпы ұзындығы – 1086 метр де, ені – 35, ал биіктігі – 90 метр.
*2000 жылы Токиодағы «Тама» зообағында Қазақстаннан Күншығыс еліне арнайы сыйлық – Қар барысы ресми түрде тарту етілді. Салтанатты жиында Жапонияның Сыртқы істер министрі Йохэй Коно Жапонияның атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бүкіл республика халқына ғажайып сый үшін алғыс білдіріп, мәлімдеме жолдады.
* 2001 жылдың ақпан айында Қазақстанның Премьер-Министрі Иманғали Тасмағамбетов «Күлтегін» тарихи ескерткішінің көшірмесін жасату жөнінде келіссөздер жүргізу үшін Жапонияға арнайы сапармен барып, сол жылдың мамыр айында ескерткіш көшірмесі Астанаға жеткізілді.
*2005-2015 жылдар аралығында Жапония Қазақстанға 5 млрд доллар инвестиция құйды. Ал 2015 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларын құраған.
* 2006 жылы 29 тамызда ядролық полигонның жабылу құрметіне Нагасаки және Семей қалалары арасында телекөпір ұйымдастырылды. Ал 2006 жылдың желтоқсан айында Жапония үкіметі БҰҰ-мен бірлесе Семей өңіріне 2 млн доллар көлемінде арнайы грант бөлді.
*2011 жылдың 11 наурызда Жапонияның солтүстік-шығысында болған алапат жер сілкініс пен жойқын цунами 20 мыңға жуық тұрғынның өмірін қиды. Жапониядағы зілзаладан зардап шеккен халыққа Қазақстан үкіметі Күншығыс елінің Қызыл Крест қоғамы арқылы 1 млн доллар қаржылай көмек көрсетіп, 33 тонна ет-консерві өнімдерін жіберді.
* Елбасының 2016 жылғы қараша айында Жапонияға сапары кезінде болат өнімдеріне негізделген Tokyo Rope Almaty компаниясы ашылған. 2016-2020 жылдар аралығына арналған жобаның инвестиция көлемі 70 миллион долларды құрайды.
* Астанада ашылатын ЭКСПO-2017 көрмесіне Жапония жеке павильонын жабдықтап, келушілерді қарсы алуға дайындық үстінде. «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта өтетін халықаралық ауқымдағы көрмеде Жапония ғажайып технологияларын жұртшылыққа таныстыруды көздеуде.
* Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Хоккайдо университетінің құрметті профессоры Кандзи Фудзий Орталық Азияға жасаған сапары аясында Қазақстанға арнайы келді. Бұл екі ел арасындағы ғылыми-мәдени бағыттағы байланыстардың қайнар бастауына айналып, бүгінгі таңда екі елдегі ЖОО маман даярлау ісінде терең әріптестік орнаған.