Біздің ел осындай!
Өткен жылы, Маңғыстау облысына Бекет атаның 260 жылдығына барған сапарда бас басылым басшысы айтқан: «Бұл өңір де бір ерекшелігі көп аймақ, қарап көрерсіз, мүмкін, бір ойлар туындап қалар» деген сөзді өзіме көрсетілген сенім ретінде қабылдаған едім. Алайда, тапсырманы созыңқырап алдым. Бұрын бармаған, көрмеген жер жөнінде ұзағырақ ойланып-толғануға тура келді. Тәуелсіздік тойы жылында түлеген түбек туралы толғаудың әбден-ақ жөні келіп тұрған сияқты көрінеді. Қалың қазақтың мақтанышы, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Қазыналы Маңғыстау Тәуелсіз Қазақстанның тез тыңайып, тез нығаюына жанқиярлықпен үлес қосты. Тәуелсіздік оның өз байлығына лайық өркендеуіне кең өріс ашып берді... Маңғыстаудың бүгінгі тіршілігі он жылда самғап өскен сәулетті Астанамыз секілді «Қазақстандық ғажайыптар шежіресінің» ең мазмұнды тарауларының бірі болып табылады», деп тебіренгені тегін емес қой. Заман өзгергелі, бұрын ауыл арасынан ұзап шыға қоймайтын қазақтың да өрісі кеңейіп, төрткүл дүниені түгел аралауға мүмкіндік туды. Қазір қай құрылыққа бара қалсаңыз да, бұрынғыдай жалғызсырап, жетімсіремейсіз, әйтеуір, бір қаракөз алдыңыздан шығады. Бірақ мені осындай алыс сапарлар аса қызықтыра қоймайды. Шет жерге жол түссе, тезірек елге жеткенше асығамын. Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын қазақтың кең байтақ даласына не жетсін! Бітімі де, бедері де бөлек, тау-тасы, көлі, өзені, орманы, құмы, желі – бәрі сондай ыстық, көз тоқтатсаң, құмарың қанбай, ынтыға түсесің. Қазір де осындай бір күй кешіп келемін. Астанадан көтерілген алып лайнер батысқа бет түзегелі біраз болып қалды, көк аспанды оқтай тіліп, заулап келеді. Бағытымыз – Маңғыстау. «Маңғыстау... Мәңгі қыстау деген сөзден шықты ма екен? Әлде... мың қыстау деген ұғымды білдіре ме?.. Малға қатысты айтылған ба, қалай? Мынау шетсіз де, шексіз даланың малсыз сәні келмесі анық. Әлде, маңғаз тау ма екен?..» Ой бесігі баяу тербеледі... Маған мүлде бейтаныс өлке. Алайда, бұрын-соңды топырағына табаным тимесе де, оның тіршілік-тынысынан мүлде хабарсызбын дей алмаймын. Үш-төрт жылдан бері бір үйде, бір подъезде тұрып жатқан қазақтың атақты жазушысы Әбіш Кекілбаевты былай қойғанда, осы өңірден сайланған әріптестерім – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зейнолла Алшымбаевпен, Гүлнәр Сейітмағанбетовамен, Серік Оспановпен күн сайын дерлік кездесіп жүремін. Парламентте Маңғыстауды жақсы білетін басқа да депутаттар бар екеніне күмәнім жоқ. Есімі елімізге жақсы танымал заңгер, белгілі қоғам қайраткері Ирак Қасымұлы Елекеев те Маңғыстау десе елеңдеп отырады. Осы өңірде көп уақыт қызмет істеген оның да мұнайлы өлкенің өмірінен шертер сыры аз емес. Дәл қазір қасымда отырған ол да ой жетегіне ерген сияқты, терезеден көз алмайды. Маңғыстауда “Қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбыр_лықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі” (Әбіш Кекілбаев) – бар қазаққа ортақ тұлға Бекет атаның 260 жылдығы аталып өтпек. Ақтау әуежайына қонуға бет алған ұшақ қарт Каспийдің төсіне сұғына түсіп, қайырылады екен. Жағаға ұмтылған бұйра толқындар, қанаттары күн нұрына шағылысқан ақ шағалалар, көкжиекте көк аспанмен тұтасқан көк теңіз... Ғажап құбылыс! Дүниенің бәрін ұмытып, сұқтана түсесің. Белгілі ақын Темірхан Медетбек: О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым! Марқайып мақтанарым, алға ұстарым. Өзіңде бар махаббат, бар құштарым, Жыр болып құйылады алғыстарым. О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым, Есімің естілсе де қай жағымнан, Кім болсын селк етеді айбарыңнан. Аппақ бір нұр құйылып маңдайыңнан, Жел есіп тұр ғой қазір айдарыңнан, – деп жырлаған-мұнайлы өлке, шырайлы өлке – Маңғыстау! Маңғыстаудың кереметі ертеңіне-ақ көз алдымызда көсілді. Қыркүйектің 16-күні реставрациядан өткізілген «Шопан ата» жерасты мешітіне бармақ болып тікұшақпен жолға шықтық. Керемет көрініс! Шетсіз-шексіз дала! Көз ұшында қыбыр еткен не адам, не мал жоқ. Кейін көз жеткізгенімдей, осы жерге алғаш табаны тиген кез келген адамды Маңғыстаудың табиғат ерекшеліктері қатты қызықтырады екен. Өмірінің біраз уақытын осы аймақта айдауда өткізген украинның атақты жыршысы Т.Г.Шевченко: «Нағыз шөл, құм мен тас. Ең болмаса көгалды, нулы бір өлкесі болсашы?! Тіпті көз тоқтатар көгілдір тауы, ағынды суы, өзені мен көлі де жоқ», деп жазыпты. Ал өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Каспий өңірін зерттеп, «Қарабұғаз» деп аталатын хикаят жазған К.Г. Паустовский осы өлкеге тәнтілігін: «...Маңғыстауға барған сапарымды жұлдызды өлкеге жасаған саяхат деуге болар еді. Мен еш жерде мұндай жұлдыз нөсерін, олардың көз шаршатар жарқылын көрмедім. Оның жарқылының әсері сондай, түн сайын шексіз тұңғиықтан жұлдыздар осынау үнсіз Маңғыстауға ұшып келіп жатқандай сезіледі», деп түйіндеген. Кезінде ғалым Н.И.Андрусов та Жер шарының геологиялық тарихын зерттегісі келген адамға Маңғыстауға бару керектігін айтқан екен. Расында да, қай жағыңызға көз салсаңыз да, бейне-бір ертегілер әлеміне еніп кеткендей, көз ала алмай отырмын. Жалғыз мен ғана емес, сапарластарымның бәрі де терезеге жабысып қалған. Арада сүт пісірім уақыт өткенде ен далада еркін жайылып жүрген бір табын түйе көзге шалынды-ау! Кең дала! Маң-маң басқан түйелер! Кеңдіктің, еркіндіктің символындай көпке дейін көз алдымнан кетпей қойды. Маңғыстаудың жер түзілімінің ерекшеліктерін тауыса алмайсың. Басқа ғажайыптарды айтпағанның өзінде, аймақта ірілі-уақты 20-дан астам жерасты үңгірі бар екен. Сондай-ақ таулы алқаптарда Сулықапы, Құрқапы, Құмаққапы, Жыңғылдыққапы, Шақырған, Артқапы, Көгездің қапысы сияқты аңғарлар да көптеп кездеседі. Талай заманғы тау түзілімдерінің бұзылуынан пайда болған төрткілдер де жер бетіне айрықша сән беріп тұр. Шопан ата деген кім? Аңызға сүйенсек, үлкен қасиет иесі, ақылгөй дана болған. Бекет ата көзі тірісінде ұстазы Шопан атаға халық толассыз келіп жатқанда ерекше қуанады екен. Пір Бекетке тәу етуге келгендердің Шопан атаға соғуы сол кезден қалыптасқан дәстүр деседі. Аумағы ат шаптырымдай Шопан ата қорымы да талай сырды ішке бүгіп жатқан секілді. Жергілікті өлкетанушылар қорым аумағынан 1700-ге жуық ескерткіш есепке алынғанын айтты. Олардың арасында көне түркімен белгілері де, қазақтардың ескерткіштері де бар. Шопан атаның жер асты мешіті бір бірімен қосылған он екі бөлмеден тұрады екен. Бекет ата он төрт жасында оның басына зиярат етуге келеді. Үшінші түні әулие аян беріп, білімнің баға жетпес байлық екенін сездіреді. Атасы Жаналы мен ауыл молдасынан сауатын ашқан зерек бала әулиенің ақылын құп алып, оқуын Хиуадағы Шерғазы хан медресесінде жалғастырады. Кейбір зерттеушілер 1726 жылы салынған бұл медреседе белгілі өзбек ақыны Пахлаван Равнак, түрікмен поэзиясының классигі Мақтымқұлы, атақты қарақалпақ шайыры Әжінияз білім алған дейді. Медреседе оқып жүрген кезінде-ақ теология, медицина, математика, астрономия, география сияқты жаратылыстану ғылымдарынан терең білім алған, бірнеше тілді меңгерген ол адамның ақылына сыя бермейтін түрлі кереметтер жасап, атақ-даңқы алты алашқа жайылған. Бұл жайында сапарымыздың үшінші күні ғалым-теологтардың, саясаттанушылар мен философтардың, дінтанушылардың қатысуымен облыс әкімдігі, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы және Ш.Есенов атындағы Каспий мем-лекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ұйымдастырған “Бекет ата тағылымы” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда жан-жақты әңгіме қозғалды. Халық арасына кең тараған: “Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет” деген сөз бар. Осының өзі-ақ бүкіл ғұмырын дін-шариғат жолына адал қызмет етуге, туған халқының бақыты жолына арнаған, құлағанды демеп, қысылғанды жебеп, халық қамқоршысы бола білген, сол арқылы есімі исі қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман қауымына танылған Бекет атаның ұлттық деңгейдегі тұлға екенін аңғартады. Олай болса, оның ілімін, ұрпаққа мирас еткен асыл қасиеттерін руханияттың сарқылмас бұлағы деп бағалағанымыз жөн. Ол күндері облыс орталығынан үш жүз шақырымдай жердегі Оғландыға қарай шұбырған халықта сан жоқ еді. Маңғыстауға жолы түскендердің бәрі де Оғыландыға атбасын бұрмай кетпейді екен. Өйткені, Бекет ата мешіті осы қасиетті орынға жақын орналасқан. Оғыланды – Бекет атаның мәңгілік мекені, Алланың айрықша назары мен мейірімі түскен жер. Бізге жеткен аңыздар Бекет атаның осы жерден мешіт салуын Бақыржан Пір жіберген «оғылан» кейпіндегі аруақтың осы тұста ғайып болуымен байланыстырады. Бекет сол жерді белгілеп қойып, кейін ұстазының айтуымен мешіт салған. Бабаға зиярат ету мақсатымен біз де нөпір халыққа ілестік. Қашан болсын әділдікті аңсап жүретін, халқымен бірге мұңайып, халқымен бірге күлетін, қазақтың ақын қызы, ұлға бергісіз батыл қызы Ақұштап Бақтыгерееваны осы жерде кездестірдім. «Бабаның басында бұрын да болған едім, нақ осы күндері үйде жата алмадым, келген сайын бір түрлі бойым сергіп қалады», деді ол. Тау баурайын қуалай салған баспалдақтармен өрлеп келеміз. Тыңдай берсең аңызға бергісіз әңгімелер көп. Солардың бірі “Атаның аруағы” аталатын арқарларға қатысты. Жергілікті тұрғындардың айтуларына қарағанда, арқарлар аса көп көріне бермейді екен. Ал кездесе қалса, жақсылыққа балаған жөн. Осылай Оғыландының әр тасына таң қалып келе жатқанымызда «Арқар, арқар!» деген дауыс естілді. Қарасақ, біреу емес, екеу емес, жеті бірдей арқар алдымызды кесіп өтіп барады екен. Қуанып қалдық. Біреу айтса, сенбес едік, бүкіл ел дерлік Әулиеге тәу етіп жатқанда, арқарлардың үрікпей бұлақ басына келуі шынында да таңқаларлық оқиға еді. Бұлақ демекші, Оғыланды мен Бекет ата мешітінің орта жолында шағын көлшікке кезіктік. Оның жағасында жер астынан шығып, ылдиға қарай мөлдіреп ағып жатқан екі бұлақ көзі бар екен. Бұлақ суынан дәм таттық. Халық аңызы бойынша Бекет Ата Пірі лақтырған киелі көк асаны нақ осы жерде тауып, суырып алған. Осы арада жолсерігіміз: «Шамамен 1667-1766 жылдар аралығында өмір сүрген, қалмақтарға қарсы азаттық күрестің басшыларының бірі болған Есет батыр Көкіұлы Бекет бабамызға нағашы болып келеді», – деді. – Сол кісі тоқсаннан асқан шағында он екі жасар жиені Бекетке: Үстіңнен дүбір кетпесін, Құлағыңнан сыбыр кетпесін. Ақ пен қараны айырар, Жауды кері қайырар, Атыңда айтып тұрғандай дүр боларсың. Елге шуақ шашып нұр боларсың, Үш жүзге танымал Пір боларсың... – деп бата берген екен. Дуалы ауыздан шыққан сөздің біздің заманымызда шындыққа айналғаны да ойландырмай қоймайды. Биік құздан тік жарқабақты бойлай салынған соқпақ жолдың жалпы ұзындығы екі шақырымдай екен. Шоқыны үңгіп салған ғимараттың алды ығы-жығы халық. Қыстырылып-қымтырылып, кезегіміз келгенде, шағын есікке де жеттік. Кіріп келгенде, мешіттің іші қара көлеңке көрінгенмен бірте-бірте көз үйреніп, Бекет Атаның мүрдесі жатқан оң жақтағы бөлменің табалдырығынан аттадық. Шырақшының айтуына қарағанда, бұрын әулиенің мүрдесі шымылдықпен бөлінген екен. Бертін ұрпақтары бөлменің іргесін кеулеп ойып, лақат жасапты да мүрдені сонда қойып, аузын таспен бекітіп тастапты. Ата мүрдесіне таяу жерде оның шөбере ұрпағы Құлмәмбетұлы Мұрын, екінші бөл_меде Бекет Атаның апасы Әпуа жерленіпті. Михраб қуысы бар бөлменің кезінде намаз оқитын бөлме болғандығын аңғартады. Осы көргендерімізді маңғыстаулықтар сыйға тартқан “Бекет ата” деп аталатын кітапта келтірілген тарихи деректер толықтыра түскенін айта кетсек, артық болмас. Ислам қажы Мырзабекұлының Пір Бекет атаның тағылымды өмірі, сан қырлы қасиеттері жайлы сыр шертетін 727 беттік кітабынан көп жайларға қанықтық. Мысалы, орыс географиялық қоғамының мүшесі, әскери барлау бөлімінің полковнигі Федор Бергтің басшылығымен орыстардың 1825-26 жылдары Үстіртке жіберген бірінші экспедициясының құрамында болған подпоручик Александр Дюгамель 1826 жылы мынадай жазбалар қалдырыпты: “13 қаңтар. Күйкеннің үсті. Түсірім жасап жүрген офицерлер сол жақтағы бұлақ ағып жатқан сай бойынан жардан үңгіп қашалған екі бөлмелі мешіт тапты. 14 қаңтар. Үстірт кеш пайда болған құм-саз бүркеген тасты жыныстардан тұрады. Таудың құлауы барлық жерде дерлік тасты және шаппа өр, көбінің астында бұлақ бар, қазақтар олардың алдын бөгеп қойған. Солардың ішіндегі ең суы молы Бекет сопы мешітінің жанындағы бұлақ. Мешіт ақтас жартастан үңгіліп қазылған екі бөлме, іші қазақ үйінің көлеміндей, бірінің кіреберісінде аласа есігі бар, екіншісінің төбесіндегі тасты ойып жарық түсетін тесік жасаған…” Бұрын-соңды мұнайлы өңірге аяқ баспаған мен үшін бұл сапардың әсерін тілмен айтып жеткізу қиын. Қарт Каспийдің жағасындағы 362 әулие мекендеген аймақты «аспан астындағы мұражай» деп бекерге айтпайды екен, қайда барсаң да тарихтың ізі сайрап жатыр. Қаратаудың ең биік шоқысы – Отпан таудың шыңынан төңіректі шолғанның өзі неге тұрады! Жергілікті тұрғындар ерте кезде бұл тауға, халықтың басына қауіп төнгенде, елдің шетіне жау тиген кезде Ұран отын жағу үшін жиналады екен. Осы жерде талай белгілі тұлғалар, батырлар мен билер бас қосқан, ел бірлігі, ұрпақ болашағы жайлы ақылдасқан, ұлы жорықтардың алдында бір-біріне сәт-сапар тілеген. Бір сөзбен айтқанда, Отпан тау – қасиетті мекен! Қазір оның ұшар басында батыр бабалар рухына арнап салынған ескерткіш көк аспанды тіреп тұр. – Бұл ескерткішті салу туралы бастаманы алғаш рет ақын Сабыр Адай көтерген еді. Көп қолдады, сөйтіп, екінің бірі тәуекел ете алмайтын үлкен іске азаматтар мен билікпін, сен халықсың, мен үлкенмін, сен кішісің демей, бір кісідей жұмылып, кәрі сеңгір Отпан таудың биігінде мәңгілік отын қайта маздатты, – деді осы арада әңгімеге тартқанымызда белгілі өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы. Кесене 2007 жылдың 25 қазанында ашылыпты. Отпан таудың басында салынған 12 құлпытас ортасынан көтерілген алтынмен апталған қос күмбез алыстан көзге шалынады. Үш құлпытастың ортасындағысының қас бетіне алтын әріппен «Адай ата» деген сөз жазылыпты. Отпан тау кесенесіне кірер есік екеу: олар «қасиетті қос босаға» деп аталады. Күмбезді көтеріп тұрған құлпытастарға Адайдың сегіз арысының аттары, ал күмбездің ішкі бетіне Адай ұрпақтарының аты мен рулық шежірелері алтын әріптермен жазылған. Кіреберістегі керегелер биік мұнараларға бекітілген. 12 қанат керегенің ішкі беті гранитпен қапталып, оған әр түрлі тілдерде Адай туралы дерек-жазбалар орналастырылыпты. Кесененің шығысындағы төбе басына көк бөрілер мүсіні қойылыпты. Күмбез төбесінде қуатты шырақ сәуле шашып тұр. Ғұламаның мерейтойы халықтың рухын асқақтататын есте қаларлық шараларға толы болды. Мәселен, мерейтойдың үшінші күні “Отпан тау” тарихи-мәдени кешенінің “Ақсарай” павильонындағы мұражай салтанатты жағдайда ашылды. Осы павильонда Маңғыстау облысында «Мәдени мұра» бағдарламасы жөніндегі қолға алынған барлық маңызды істерді тиянақты жүргізу, мұраларды зерттеу және олардың насихатталуын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі жанынан құрылған, құрамына елімізге белгілі тарихшы, археолог, этнограф, мәдениеттанушы, реставратор ғалымдар тартылған тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Бекет атаға байланысты ескерткіштерді сақтау, зерттеу, пайдалану, насихаттау жайлы өзекті мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Отырысты жүргізген облыс әкімі Қ.Көшербаев өңірде «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында айтарлықтай істер тындырылып жатқанын тілге тиек етті. – Осы уақытқа дейін облыста 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына 548 миллион теңге жұмсадық. Сондай-ақ, биылғы жыл басынан бері бөлінген 113 млн. теңге қаражат есебінен өлке мұралары жайында 20 басылым жарық көріп, 62 жәдігер қайта жасақталды, сол секілді 21 республикалық деңгейдегі ескерткіштер өңделді, – деді ол, – Маңғыстау облысының ашық аспан астындағы мұражай атануы тегін емес, соңғы кезде баспасөз беттерінде жазылып жүргендей, Қазақстан аймағында жиырма мыңнан астам тарихи, мәдени ескерткіштер тіркелген десек, солардың жартысынан астамы осы Маңғыстау жерінде екен. Мұнда халықтың тарихи жады мен дала сәулеткерлігінің көзіндей ондаған қалалар мен қорғандардың, керуен сарайлардың орны, жүздеген некропольдер сақталған. Тас қашау, зергерлік және әшекей өнері, кілем тоқу, киіз үй мен оның жабдықтарын жасау күшті дамыған және барынша өзіндік сипатқа ие. Осылай дей келіп облыс басшысы бұл орайда әлі де кезегін күтіп жатқан істер аз емес екенін атап өтті. Бертінде ерте көшпенділер дәуіріндегі (біздің заманымызға дейінгі Х-ІІ ғасырда) тасты суреттер галереясы, оюлармен қиылған моланың үстінде орналасқан ескерткіштер, Ұңғазы тауының жанында мың жыл бұрын монолиттен жасалған екі ескі мешіт табылған. Ерекше қызығушылық танытатыны Шахбағота мешітінен табылған таңбалар. Оның құпиясы әлі күнге дейін зерттелмеген. Басқа да толық зерттелмеген ежелгі қоныстардың орындары, тастан қашалған ескерткіштер мен құдықтар, жүйелер қалдықтары аз емес. – «Ақсарайдағы» мұражайға өлке тарихынан сыр шертетін жәдігерлер шоғырландырылатын болады. Мерейтой қарсаңында бұл бағытта қыруар істер атқарылды: мұражай ішін әрлеп, жаңарттық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді Отыншы Көшбайұлы, – Жобаға сәйкес мәдени кешеннің шағын ауылы салынады. Онда алыстан келушілерге арналған қонақ үй, асхана, мұражай қызметкерлеріне, Маңғыстаудың қолөнеріне, зергерлік өнеріне арналған шеберханалар үйлері бой көтермек. Қысқасы, бұл кешенге келген қонақтар өлкеміздің өткені мен бүгіні туралы, осы жерге ғана тән өнер туындылары туралы жан-жақты мағлұмат алатын болады. Қуанарлығы сол, “өлі риза болмай, тірі байымайды” деген сөздердің мағынасын жүрекке мықтап түйген маңғыстаулықтардың осыған дейін тек жел мен дала сақтап келген тарих құпиясын ашуға шындап ден қойғаны аңғарылады. Бұл орайда атқарылған істердің бәрін тізіп шыға алмаспыз. Тек осы арада мерейтой шеңберінде ұйымдастырылған “Бабалар мұрасы” атты тарихи-мәдени және кітап көрмесінде көргендерімізді, көңілге түйгендерімізді ортаға сала кетуді жөн көріп отырмын. Көрмеге Пір Атаның өзі ұстаған аса таяғы, шапаны, сондай-ақ, Хиуадағы ұстазы, қазақтар Бақыржан қожа деп аса қадір тұтатын Мухаммад Бақиржан Әзиз пайғамбардың Оғыландыға түскен аса таяғы, басқа да сирек кездесетін құнды тарихи жәдігерлер, кітаптар, көркем және фотосуреттер, ғылыми еңбектер қойылыпты. Барлық істің басы-қасында облыс әкімінің өзі жүргені де көпті сүйсіндіргеніне куә болдық. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде елімізде алғаш ашылған Мұнайлы ауданының орталығы “Батыр” атты ауылдың іргетасын қалау рәсімі болды. Тұрғындарының 70 пайызы оралмандар болып саналатын өңір халқы төрт жылда үш есе өсіпті. Соңғы кезде ауыздан түспей жүрген “Ақтау-сити” жобасының бірінші кезегі болып саналатын “Аққу” атты шағын аудан құрылысының басталуына орай өткізілген салтанат та көңілімізді бір көтеріп тастады. Жаңа шағын ауданда 2800 отбасы тұрғын үймен қамтылады. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар, әкімшілік ғимараттар мен бизнес орталықтар бой көтереді. Маңғыстау топырағына алғаш табанымыз тигенде, «мына жерде адамдар қалай өмір сүреді» деген ой келгенін несіне жасырайын. Кейін сол өңірдің тіршілік-тынысына үңілген сайын, небір игі істерге серпін беріп отырған ел азаматтарының қажыр-қайратына, ынтымақ-бірлігіне тәнті болдым. Атап айтсақ, соңғы бес жылда ғана облыста ішкі жалпы өнімнің көлемі екі есе өсіпті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2006 жылы 965 мың теңге болса, өткен жылы 1,5 триллион теңгенің өнімі шығарылған. Бүгінде барлық ірі және орта кәсіпорынның шамамен 40 пайызы ИСО және SA сериясының халықаралық сапа стандартының жүйесін енгізуі де үздіксіз ізденістің жемісі екені даусыз. 2010 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында еліміздің индустрияландыру картасына жаңадан жалпы құны 536 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба енгізіліпті. Өткен жылы 9 жоба жүзеге асып, бір мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Мені, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып отырғаны қатты қуантты. Өткен жылы төрт түліктің саны айтарлықтай өскен. Соның нәтижесінде ет, сүт, жұмыртқа өндіру 12 пайызға, шұбат өндіру 2 есе, ал сүттен жасалатын өнімдер мөлшері 70 пайызға артыпты. Тізе берсек, Маңғыстаудың көркіне айналған осындай өркенді өзгерістер тіпті де таусылмайды. Маңғыстауда болған күндері жергілікті азаматтардың біздің өңірге бір соққан адам осында тағы да келуді армандайды деген сөздерін құлағым шалған еді. Мен де бүгін асты да, үсті де байлыққа толы ғажайыптар өлкесін сағынып жүрмін. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26