02 Сәуір, 2011

Заңдардың сапасы қаржысына сай емес

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында мемлекет норма шығармашылық үдерісті жаңа сапалы кезеңге шығаруға мүмкіндік беретін шараларды қамтамасыз етті деп көрсетілген. Бұл деңгей нормативтік құқықтық актілерді әзір­леу­ге тәуелсіз сарапшыларды, үкіметтік емес сектор өкілдерін не­ғұрлым көп тарту, осы саладағы озық білімді пайдалана оты­рып, салалық ғылыми сараптамалар мен сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы сараптамаларды жүргізу негізінде норма шығарма­шы­лық үдерістегі кәсібилікті арттыруға байланысты болып отыр. Аталған бағыттарды іске асыру мақсатында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңдармен жыл сайын заң жобаларын әзірлеуге және олар бойынша ғылыми сарапталар жүргізуге қаражат бөлініп келді. Соңғы екі жылда нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен оларға сараптама жүргізуге мемлекет 2,6 млрд.-қа жуық теңге бөлді. 2011 жылдан бастап қар­жы­лай қаражат нормативтік құқық­тық актілердің жобаларына және заң жобаларының тұжырымда­ма­ларына ғылыми сараптама жүр­гізуге ғана бөлінетін бола­ды. Бұл мақсатқа «2011-2013 жыл­дарға арналған бюджет туралы» Заңмен 5,5 млрд. теңге қарас­тырылған. Сондай-ақ ағым­дағы жылдан бастап барлық заң жо­баларына ғылыми эко­но­ми­ка­лық сараптама жүргізуге рес­пуб­ликалық бюджеттен қаражат бөлу көзделеді. Бұл қабыл­да­на­тын заңдардың сапасын қам­тамасыз етуге мемлекеттің қар­жы­лық көмекті барынша көрсе­тіп отырғанын айғақтайды. Алай­да, мемлекеттік шығыстардың ұлғайғанына қарамастан, әзір­ле­нетін заң жобаларының және олар бойынша жасалатын сарап­тамалардың сапасы жақсарған жоқ. Заң жобаларында Парламент қабырғасында түзетілетін кем­шіліктер жыл сайын қайта­ла­нады, заң жобаларының жар­ты­лай, ал жекелеген жағдай­лар­да толық көлемде қайта жаса­латын кездері аз емес. Бұл тұр­мыстық зорлық-зомбылық, құ­қық бұзушылықтың профилак­ти­касы туралы, қоғамнан уа­қытша оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелерде адамдарды ұстау мәселелері жөніндегі және басқа заң жобаларында (қазір заңдар) орын алды. Заң жобаларын қарау кезінде жекелеген жағдайларда олардың тұжырымдамасын өзгерту қа­жет­тігі туындады. Атап айт­қанда, сотқа дейінгі оңайла­тыл­ған іс жүргізу мәселелері бой­ын­ша заң жобасының (қазір заң) тұжырымдамасы өзгертілді. Тұ­жы­рымды қателерге жол берілуіне байланысты Әкімшілік іс жүр­гізу кодексінің жобасын Үкі­мет қайтарып алды. Заң жоба­ла­ры бойынша жүргізілетін ғылы­ми сараптамалардың сапасы кө­біне белгіленген талаптарға жауап бермейді. Бұл жоғарыда көр­се­тілген заң жобаларына (қазір заңдар), сондай-ақ Жер кодексіне толықтырулар, орман шаруа­шы­лығы, жануарлар дүниесі және айрықша қорғалатын аумақтар мәселелері жөніндегі және басқа заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі сараптамалық қорытындыларға қатысты. Әзірлеушілердің сарап­та­малық қорытындыларда ай­тылған ұсыныстарды ескермейтін жағдайлар кездеседі. Сыртқы барлау туралы, мемлекеттік мү­лік туралы, Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес пен жеке меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша, норма шы­ғармашылық қызмет бойынша және басқа заң жобаларына (қа­зір заңдар) қорытындылар осы жағдайларға мысал болып табылады. Орасан зор бюджет қара­жа­тының жыл сайын бөліне­тін­дігіне қарамастан, заңнамалық шешімдердің тұрақсыз әрі нашар әзірленетіндігін Әділет министрлігі де атап көрсетеді. Осыған байланысты аталған министрлік Қаржы министрлігімен бірлесіп заң жобаларын дайын­дау және оларға ғылыми сараптама жүргізу үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін қаражат­тың тиімді пайдаланылуына талдау жасауды жоспарлап отыр. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және оларға сараптама жасауға арналған бюджеттік қаражаттардың тиімсіз пайдала­ны­луы туралы мәселені Парламент депутаттары да бірнеше рет көтерді. Мұндай мәселенің қой­ылуына белгілі бір құқық сала­сы сарапшылары құзыретінің жеткіліксіздігі, сараптама қоры­тын­дысының белгіленген та­лап­тарға сәйкес келмеуі, сараптама жүргізудегі қазіргі тетіктің жетілмегендігі және көптеген басқа да жәйттер себеп болды. Нормативтік құқықтық актілерді әзір­леу және оларға сараптама жасау мемлекеттің норма шығар­ма­шы­лық қызметінің маңызды құ­рамы болып табылатынын және осы мәселеге принципті түрде қа­рауды қажет ететінін атап өтуі­міз қажет. Уәкілетті орган­дардың нормативтік құқықтық актілерді және олардың ғылыми сараптамасын дайындауға бө­лін­ген қаражатты тиімді пай­далануы мәселесі мұқият қарау­ды қажет етеді деп ойлаймын, өйткені, аталған мақсаттарға мем­лекет едәуір қаржылай қа­ражат бөліп отыр. Баяндалғанды ескере және Бюджет кодексінің 141-бабының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бақы­лауды жүзеге асыру тәртібімен уәкілетті органдарға соңғы үш жылда нормативтік құқықтық актілерді дайындауға және олардың ғылыми сараптамасын жүргізуге бөлінген қаражатты пайдаланудың тиімділігін тексеруі қажет деп есептеймін. Берік ИМАШЕВ, Сенаттың Заңнама және  құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы.