27 Қаңтар, 2017

Елбасының жаһандық деңгейдегі қайраткерлігінің жемісі

280 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сирияда орын алған күрделі ахуал бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударып отыр. Қазақстан – бейбітсүйгіш ел және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады. 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Сирия мәселелерін реттеуге арналған Қазақстанның елордасында биылғы  жылдың қаңтар айының 24-25-сі күндері болып өткен  халықаралық кездесу  Қазақ елінің Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың әуелден бар дүниенің жайы мен бар адамзаттың мүддесін ойлап келе жатқан адал ниеті мен кемеңгер саясатының және жеке басының зор абыройының арқасында қос қанаты отқа шарпылып, тынысы тарылып бара жатқан кең дүниеге жаңа бір тыныс берді. Әуелгі кең дүниенің тарылып бара жатқаны ма бұл?! Өз қауызына сыя алмай сәт са­йын құбылып тұрған сол кең дүниенің алқынған тынысы адамзаттың ақыл-есін алғандай болып, адам баласын шарасыз бір күйдің үрейіне бөлегелі де қашан. Байырғы өз елдері мен өз жерлерінен байыз таба алмай, бір басының амандығы мен күн көрісінің жайымен жан сауғалап қалт-құлт еткен жел қайықтарымен ашық теңіз үстімен Еуропа мемлекеттеріне лап қойған босқындар тағдыры, өліспей беріспеске бекін­ген Сириядағы қарулы қақ­ты­ғыс­тардың кесапаты әлемді ты­­ғырыққа әкеліп тіреді. Кек­теніп алған дүние екіге жа­ры­луға айналды. Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесін рет­теу жөніндегі халықаралық Астана процесіне қа­ты­су­шы­ларға жолдаған Үндеу­ін­де: «Шамамен 6 жыл бойы жал­ғасып жатқан қантөгіс жан­жал түрлі өркениет пен мә­дениет тоғысқан қасиетті өлкеге қай­ғы-қасіреттен бас­қа ештеңе әкелмегендігін мойын­дауға мәж­бүрміз», деді. Елбасының осы бір ауыз сө­з­інде тарихи ақиқат жатыр. Қазіргі деректер бойынша, Сириядағы соғыс кезінде 300 мыңға жуық жазықсыз бейбіт тұрғын қаза болса, 2 миллионнан астам адам жарақаттанып, 5 миллионнан астам адам өз тұрған жерлері мен үй-жайларын тастап, босып кеткен, соның 1 миллионнан астамы жан сауғалап, шет елдерге ағылғандар. Алеппо қала­сындағы әлемдік ма­ңы­зы бар көне жәдігерлік ны­сандардың 60 пайызы бүлініп, қи­ратылса, 30 пайызының түк­ке жарағысыз үйін­діге ай­нал­ғандығы да көңіл құла­зытады. Ресей, Түркия, Иран мем­ле­кеттері мен Сирияның өзін­дегі түрлі көзқарастағы 15 топ­­тың қатысуымен Сирия мә­­­се­лелеріне арналған Аста­на­ процесі адам­заттың осы бір­ жанайқайы мен жан шы­­ры­лының түйінін тар­қат­­қан­дай болды. Осы арада айта кетерлік бір жай, Астана­да өткен сириялық реттеу жө­нін­дегі халықаралық кез­­десу, Сирия­дағы қазіргі жағ­дай қару­дың күшімен шешіл­мей­тіндігіне бар та­рап­тардың көз­де­рін жет­кіз­ді. Астана процесінің бас­­ты нәтижесі де, табысы да осы болса керек-ті! Және де «Үшжақты механизм құру» туралы шешім қабылдануы мен сол арқылы ендігі жағдайдың соғыстың тоқтатылуына сай келуін қамтамасыз ету, аран­датушылықты болдырмау және өзге де мәселелерді қадағалау да келісіліп отыр. Әрине, Сириядағы әбден ушығып кеткен мәсе­ле­лер­дің екі күндік Астана ке­ліссөздерінде толық ше­шіл­месі де әу бастан анық бо­латын. Дегенмен, түрлі көз­қа­растардағы тараптардың бір-­бірлерімен бір үстелдің ба­сында қарама-қарсы отырып, жағ­дайды талқылауы және де Сириядағы жағдайды ендігі арада соғысып шешу мүмкін емес­тігіне көз жеткізулерінің өзі Астана процесінің ха­лық­ара­лық аса ауыр жағ­дай­­дың сіре­сіп қалған сеңін қоз­ғауы еді. Халықаралық қоға­м­дас­тық мұны Таяу Ш­ығыс­тағы шиеленісті жағ­­дайды бей­біт жол­мен ше­шу­дің үміт ұш­қы­нын­дай қабылдап отыр. Cіз бен біз өмір сүріп отыр­ған дүбірлі дәуірдің яғни ХХІ ға­сырдың саяси дүниесі мен кел­б­етін түбірінен өзгертуге өз үлесін барынша қосып келе жатқан сарабдал саясат­кер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем­ді алаңдатып отырған Сирия­дағы жағдайды бейбіт жол­мен реттеу үшін тараптарды алдын ала келістіріп, Астана процесіне орын беруі халықаралық қо­ғам­дастық тарапынан ри­за­шылық тудырды. Өйткені, Назарбаев – бір ұлттың, болмаса бір халықтың қасіретін тұ­тас бір адамзаттың қасіреті екендігін үзбей айтып келе жатқан Президент! Бүгінде дүние Нұрсұлтан Назарбаевты бір ұлттың мүддесі аясында ғана шектеліп қалмай, жалпы адамзаттың мүддесін ойлай келген, әлемге өзінің мақсатты мүдделерін айта келген жаһан­дық деңгейдегі көшбасшы деп таниды. «Әлем алдындағы зор абыройы мен беделінің арқа­сында Елбасы Қазақстанды әлемдік саясаттағы еш таласы жоқ халықаралық абыройлы әрі жауапты да сенімді серіктес дәрежесіне жеткізді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген әлемдік сенімнің баста­уын, ең әуелі оның бойындағы өз халқына, өз еліне, жалпы адам баласының мүддесіне деген адалдықтан іздеу керек. Жүрегіне әлем сыйған және де сол жүрегімен әлемнің мұ­рат­­ты тағдырын сезе білген Ел­­­басы – қазір әлемнің се­нім­­ді саясаткерлерінің бірі. Ен­­­дігі арада Қазақстан қо­ға­мы ғана емес, бұдан былай әлем­­­­дік қоғамдастықтың өзі де Назарбаевтың ақыл-ойы­на жү­гі­ніп отыратындығы хақ», деп ертеректе айтқан бір пікі­рі­міз­дің осы арада бүгінгі күннің оқи­ғасымен орайласып, тағы да ойға оралғаны бар. Ақиқатында, Нұрсұлтан Назарбаев – әлемді бейбіт қа­тар өмір сүруге шақырып жүр­ген және соның тамаша үл­гі­сін көрсетіп келе жат­қан әлемдегі бірден-бір Президент! Ұлтаралық қара­ма-қай­шы­лық­тар мен түрлі көз­қа­растарды ор­тақ бір мүддеге – татулық пен бірлік мүддесіне то­ғыс­тыра білер Назарбаев саясатын әлем мойындады. Бұл – қазақ елінің абыройы, жалпы адам­заттың бағы! Жер-жаһанның саулығын, адамзаттың амандығын ойлаған және сол бір ізгілік үшін күресіп келе жатқан Назарбаевты бүгінгі әлем, бүгінгі адамзат мына шырылдап жатқан дүниенің жанашыр арашашысы, бір-бірімен тіл табыса алмай, не келісе алмай, не бітісе алмай жатқандарды табыстырушы, араағайыншылық жасаушы ретінде де болды. Күні кешегі Ресей мен Түркияның арасындағы ушығып бара жат­қан жағдайды біздің Елбасы өз абыройымен, өз беделімен, өз ақыл парасатымен келістірді. Қазақстанның алдағы уа­қыт­та да Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның бітімгершілік жүйе­сін одан әрі жетілдіре отырып, бұл үрдіске жаңа леп ала ке­ле­тіндігі де сөзсіз. БҰҰ-ның бей­бітшілікті қолдау жөніндегі миссияларындағы бай­­қаушы­лары мен бі­ті­м­гер­лердің санын ұл­ғай­­туды ұсы­на отырып, Қазақстан Палестина-Израиль ара­сындағы келіспеушілікті, Таяу Шығыстағы, Ауғанстан мен ТМД кеңістігіндегі қақты­ғыс­тарды бейбіт түрде шешуге, Корей түбегіндегі шие­­ле­ністі бәсеңдетуге, Африка мен Азиядағы дағ­да­­рыстарды ең­серуге қол­дан кел­генше өз үле­сін қосуға ниеттеніп отыр. Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемді және жал­пы адамзатты түрлі қарулы қақтығыстардан сақтау мен оған жол бермеудегі күш-жі­гері Қазақстанның 2016 жыл­дың 28 маусымында Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының Қауіп­сіз­дік Кеңесінің 2017-2018 жыл­дар­дағы тұрақты емес мүшесі бо­лып сайлануына жол ашты. Бұл біз үшін тарихи зор саяси оқиға және халықаралық қо­ғам­дастықтың Қазақстанға де­ген риясыз құрметі мен биік сенімі екендігін айтуымыз керек. Қазақстан сонау 1992 жылдан бері БҰҰ-ның белді де сенімді мүшесі болып келе жатыр. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаевқа деген БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның әр кездегі ыстық ықыласы мен сол БҰҰ  Бас Ассамблеясының жаңадан сай­лан­ған Бас хатшысы Антониу Гутерриштің өз қызметіне кіріспес бұрын өткен жылдың соңында Астанаға ар­найы ат басын бұрып, Қазақстан­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­де­сіп, пікір ал­масуы біздің елі­міз бен Елбасы­ның әлемдегі абы­ройы мен беде­лінің қан­ша­лық­ты биік екендігін айғақтаса керек. Елбасының жаһандық со­ғыс­тың алдын алу және оны то­лық болдырмау, Орталық Азияда барлық мүдделі елдер­дің бейбітшілік, қауіп­сіз­дік, ын­тымақтастық және даму жө­ніндегі өңірлік аймақ үлгі­сін құру, жаһандық бей­бітшілік пен қауіпсіздікке төнген және шиеленіскен сын-қатерлердің бірі болып отырған халықаралық терроризм мен экстремизмді барлық мемлекеттердің күш бі­ріктіруімен жоюға үлес қосу ниеті және Африкада толық бей­бітшілік пен қауіпсіздік ша­ра­ларын іске асырмайынша, жаһандық бейбітшілік ор­нықты болмайды, соғыс пен жан­жалдардың алдын алу, адам құ­қықтарын қорғау, орнықты даму мақсаттарын іске асыру, климаттың өз­ге­руіне қарсы кү­рес мәсе­ле­леріндегі ұстанымы айқын тұ­жырымдалған Саяси үн­деуінің осы заманғы және де дәл қазіргі күйіп тұр­ған дүние саясатындағы бас­шы­лы­қ­қа алар, әлемге ой салар, жаһанға жар сала жүріп ұғын­дырар ғасыр құ­жаты. Жә­не де Елбасының Біріккен Ұлт­тар Ұйымын ХХІ ғасырдың жоғары әрі жаңа талаптарына сай келтіру, Кеңеске мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі отырыстарын жылына бір не екі жылда бір рет өткізуді ұсынуы БҰҰ беделін нығайтуды, жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы мем­лекеттер ара­­сындағы шынайы сенімді қам­тамасыз етіп, әр мемлекеттің әлемдік қауіпсіздік алдындағы жауап­кер­шіліктерін терең сезіне білу қасиетін одан әрі тереңдете түсуді әріден ойлағандығы деп білеміз. Бір сөзбен айтқанда, әлем тағдырының Астанадағы екі күні Қазақстанның және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние алдындағы зор беделін тағы да айғақтап, Қазақ елі тағы бір заңғарлы биікке көтерілді! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты