02 Сәуір, 2011

Балалар үйінің тәрбиеленушілері Мәжіліс үйінде болды

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы балалар үйінің 14 тәрбиеленушісі Парламент Мәжілісі Үйінде болды. Олар 30 наурыз бен 1 сәуір аралығында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшесі Нұртай Сәбильяновтың арнайы шақыруымен Астана қаласымен танысуға келген еді. Елорданы аралау бары­сын­да балалар Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінің мұра­жай­ын, «Астана-Бәйтерек» кешенін, «Думан» ойын-сауық орта­лы­ғын, Хан Шатыр, Тәуел­сіздік, Бейбітшілік және келісім сарайларын барып көрді. Астананың басқа да көрікті жер­лерін аралады. Айта кету керек, еліміздің ең шығысындағы Науалы ауы­лында орналасқан «Науалы балалар үйі» мемлекеттік мекемесі 1934 жылы ашылған. Қа­зіргі таңда бұл балалар үйінде 90 бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік бюджеттен қаржыланды­ры­латын балалар үйі мате­риал­дық-техникалық жағынан то­лық жабдықталған, балалар­дың тұруына, білім алып, тәр­биеленуіне барлық жағдай жа­салған. Балалар үйінің қарама­ғында 8 ғимарат, 2 отбасылық үлгідегі үй, клуб, жазғы лагерь және 4 автокөлік бар. Елордаға келген балалар оқу­ды жақсы оқиды, тәрбиелері үл­гі­лі. Мектеп жасына келген бала­лардың барлығы Науалы ауы­лының орта мектебінде білім алады. Балалар үйі түлектерінің 80 пайызы мемлекеттік грант бой­ынша жоғары оқу орын­да­рында және колледждерде білім алуда. Жыл сайын облыстық жергілікті атқарушы орган да ба­лалардың оқуына арнайы гранттар бөледі. Мәжілісте өткен кездесуде депутат Нұртай Сәбильянов елімізде жасөспірімдердің құқығын қорғауға қатысты қандай заңдар қабылданып жатқанын әңгімелеп берді. Осы басқосуға арнайы қатысқан Мәжіліс депутаттары Майра Айсина мен Ержан Рахметов өз ойларын айтты және тәрбиеленушілердің сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде Науалы балалар үйінен келген балалар да де­пу­таттарға көкейлеріндегі сұрақ­та­рын қойып, алдағы арман-мақсаттарымен бөлісті. «Нұр Отан» партиясынан сайланған халық қалаулысына ризашы­лық­тарын айта келіп, туған же­рінің тілегін жеткізді. 10 сынып оқушысы Айжан Камалова өздерін нендей мәселелер тол­ғандыратынын айтты. Кездесуде балалар үйі тү­лектерін пәтермен қамту, әске­ри салада білім алу және ұлт­тық бірыңғай тест мәселелері қозғалды. Жасы 18-ге толған бірқатар тәрбиеленушілер ер­тең, 3 сәуір күні өтетін президенттік сайлауға тұңғыш рет қатысатындықтарын және өз таңдауларын жасайтындық­тарын мәлім етті. Қонақтар Парламенттің бірлескен отырыс залын және Мә­жілістің жалпы отырыс залын аралап көрді. --------------------------------- Суретті түсірген Аманқұл ДҮЙСЕНБАЕВ.