Үкімет 2011-2014 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын бекітті. Бағдарламада тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ерекшеліктерін айқындайтын механизмдер шешуші рөл атқарады. Жаңа бағдарлама мынадай үш артықшылығымен сипатталады: барлық тілек білдірген адамдардың бағдарламаға қатысу мүмкіндіктерінің жоғарылығы; баспананың шаршы метрі үшін белгіленген бағаның рыноктағыдан әлдеқайда төмендігі, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мемлекет кепілдігі және қаржы дағдарысы күшейген шақта үлескерлердің басына түскен жәйттерге ұқсас жағдайларды мүлде болдырмау. Жаңа мемлекеттік бағдарлама туралы толығырақ оның авторларының бірі – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басқарма төрайымы Нұрбибі НАУРЫЗБАЕВА әңгімелеп береді.
– Нұрбибі Серікқажықызы, бағдарламаның азаматтарға қатысты бөлігінде екі негізгі бағыт белгіленіп отыр. Өтінімдерді жинақтау басталғанға дейін өздеріне қай бағыттың қолайлы екендігін анықтау үшін халықтың басым бөлігінің олардың айырмашылығын білгісі келетіні анық.
– Шынында да, жалпы алғанда, бағдарлама төрт бағыттан тұрады, солардың екеуі бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оператор болып табылады. Бірінші бағытты ҚТҚЖБ жергілікті атқару органдарымен бірлесіп жүзеге асырады. Екінші бағыт екінші деңгейлі банктермен бірлесіп орындалады. Бірінші бағыт қазіргі уақытта қаражат жинақтап жатқан және олардың қатарына келешекте қосылатын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары – банк салымшыларына бағытталған. Екінші бағыт өздерінің тұрғын үй мәселесін шешуге тілек білдірген барлық қазақстандықтарды қамтымақ.
– Мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты бойынша салынатын құрылыстың ауқымы қандай?
– Мемлекеттік бюджеттен жергілікті атқару органдарына 80,84 млрд. теңге мөлшерінде қайтарымды кредит бөлінеді. Бұл сома тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың қажеттіліктеріне сәйкес барлық өңірлер арасында бөлінетін болады. Ағымдағы жылы қаржыландыру көлемі 28,8 млрд. теңге, ал 2012 жылы – 42,4 млрд. теңгені және 2013 жылы 9,6 млрд. теңгені құрамақ.
– Өңірлер бойынша қаражат бөлу қандай ұстаным бойынша жүргізіледі?
– Бұл мәселе банкпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің құзырында. Алдымен біз өз салымшыларымыз арасында сауалнама жүргізу негізінде тұтынушылардың тізімін жасадық. Анықталған мәліметтер бойынша, 172 мың клиенттің ішінде 18 мыңға жуығы аталған жобаға қатысуға дайын. Осы ақпарат пен жергілікті атқару органдарының коммуникацияларды жүргізу бойынша мүмкіндіктерін ескере отырып, еліміздің өңірлері бойынша сұраныс деңгейі мен ақша бөлу, сондай-ақ бағдарламаның әрбір жылы үшін мемлекеттік бюджеттен кредит беру көлемі белгіленді.
– Сіздіңше, пайдалануға берілетін құрылыстың құны мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың қаржылық мүмкіндіктері қаншалықты сәйкес келеді?
– Мемлекеттік бағдарламада бірінші бағыт бойынша таза әрленген 1 ш.м. үшін сату бағасы белгіленген. Ол Алматы қаласы үшін 142 500 теңге, Астана және Ақтау қалалары үшін 112 500 теңге, басқа облыс орталықтары үшін 90 мың теңгені құрайды. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін 800 мың ш.м. жуық тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл орташа ауданы 60 ш.м. деп есептегенде, 13 мыңнан астам пәтер.
Есептеулерге сүйенсек, 1 ш.м. үшін құны 142 500 теңге бағамен есептегенде, Алматыда мұндай пәтер 8,5 млн. теңге тұратын болады, салымшы бес жыл жинақтаған жағдайда, ай сайын 64 мың теңге жарна салып, ал кредитті өтеу кезеңінде 39 мың теңге төлеу қажет болады. Мұндай кредитті алу үшін үш адамнан тұратын отбасының таза кірісі 95 мыңнан кем болмауы тиіс. Мұндай кредиттің сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4-5 пайызды құрайды. Бұл заемшы үшін ең төмен жүктеме болса, заемды қайтару мәселесінде банк үшін де ең төмен деңгейдегі тәуекел болып табылады. Алматыда қазірде мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын алғашқы нысан таңдап алынды. Тағы бірнеше жобалар қарастырылып жатыр.
– Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылатын нысандар қалай іріктеледі?
– Әрбір облыстың және ірі қалалардың тұрғын үй салу жоспары бар. Әкімдіктер нысандарды өздері іріктейді және бізге ұсынады. Біз олардың 3-ші класты жайлылық, тұтынушының сұраныстарын қанағаттандыратын ауданы және мемлекеттік бағдарламада белгіленген баға сияқты қойылатын талаптарға қаншалықты жауап беретініне қараймыз. Егер осы өлшемдер бағдарламада белгіленген талаптарға сәйкес келетін болса, банк әкімдікпен әрбір нысанға нақты келісімдер жасайды. Бұл құжатта нысанның мекен-жайы, құрылыстың басталу және аяқталу, сондай-ақ оны пайдалануға беру мерзімі, қабаттылығы, әрленуі, пәтерлер саны көрсетілетін болады. Құжатқа қол қойған соң, біз БАҚ арқылы банк клиенттерінің арасынан әлеуетті тұрғын үй сатып алушылардың өтінімдерін қабылдау жүргізілетіндігі туралы хабарлаймыз. Біз жақын арада өз салымшыларымыздың өтінімдері негізінде осындай тұрғын үйлерді сатып алушылардың пулын қалыптастыруды бастауды жоспарлап отырмыз.
– Егер өтінімдер саны салынатын пәтерлер санынан асып кетсе, кімдерге басымдық беріледі?
– Іріктеудің алғашқы сатысы – салымшының тілек білдіруі, тұрғын үйдің пайдалануға берілу мерзіміне тұрғын үй заемын алу мерзімі және мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін тұрғын үйді сатып алу үшін жинақталған қаражат пен заем сомасының жеткіліктілігі. Айталық, үлкен ыждағаттылықпен, ұқыпты түрде бес жыл бойы ақша жинақтаған салымшылар бағдарламаға қатысу құқығына ие болады, біз бұл талаптарды әділетті деп есептейміз. Егер шартты сома талап етілетін сомадан төмен болса, онда жүйе қатысушысы дербес түрде қосымша қаражат енгізе алады немесе аралық және алдын ала заемдарды пайдалана алады. Егер бірінші кезектегілерден кейін нысандар қалып жатса, бағдарламаға қатысуға басқа салымшылардың да үміткер болу мүмкіндігі бар. Біз бұл үрдістің үздіксіз жүретінін естен шығармаймыз, сондықтан салымшылармен үнемі жұмыс істейтін боламыз және тұрғын үй пайдалануға берілгенге дейін пулдың белсенді жағдайда болуына қолдау көрсетеміз.
– Банктің өкілеттігіне құрылыс сапасын бақылау кіре ме?
– Біз құрылысты тікелей бақылау жасауға міндетті емеспіз. Бірақ құрылыс барысында тұрғын үй сатып алу кезінде тұтынушы мен үкіметтік орган арасында делдалдық қызмет көрсететіндіктен, бұл мәселе бойынша біз әкімдікпен жұмыс істейтін боламыз. Банктің мемлекеттік қабылдауға қатысуға және ескерту жасауға, сондай-ақ анықталған шалалықтар мен ақауларды жоюды талап етуге құқығы бар.
– Менің түсінуімше, тұрғын үй пайдалануға берілген сәтке дейін банкте шарттардың екі тармағы болады. Нысандар бойынша – жергілікті атқару органдарымен және салымшылармен – тұрғын үй құрылыс жинақ шарттары бойынша. Тұрғын үй клиенттерге қай кезде беріледі?
– Нысан пайдалануға берілгеннен кейін, біз пулдың тізімін әкімдікке береміз, әкімдік тізім негізінде сатып алу-сату шарттарын жасайды, оларды халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеуден өткізеді және банкке береді. Онымен қатар бір мезгілде біз өз клиенттерімізге заем беру бойынша стандартты рәсімдерді жүргіземіз. Шарт банкке берілген кепіл ретінде ХҚО-да тіркелгеннен кейін, біз өз клиентіміз үшін нақты тұрғын үйге ақша аударамыз. Әкімдік белгілі нысан бойынша ақшаны ала салысымен, банктің онымен жұмысы аяқталады. Әкімдік ережелер мен мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес ақшаны мемлекеттік бюджетке қайтарады, қоныс тойын тойлаушы адам жаңа үйге кіреді, ал біз онымен заемды қайтару бағытында жұмыс істейтін боламыз.
– Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытын қаржыландыру тетігі қандай?
– Егер бірінші бағыт бойынша тұрғын үйді жергілікті атқару органдары салатын болса, екінші бағыт бойынша – жеке меншік үй салушылар салады. Бірақ қазір оларда бос ақша қаражаттары жоқ болғандықтан, тіпті нысандарды аяқтау үшін кредит алу мүмкіндігі болмағандықтан, мемлекеттік бағдарламада жеке меншік үй салушыларға бюджет қаражаттарынан кредит беру көзделген. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бюджет қаражаттарын 5 жыл мерзімге жылдық 3%-бен олардың арнайы депозиттеріне орналастыра отырып, коммерциялық банктердің қаржылық әріптесі ретінде әрекет етеді. Міне, осы қаражаттар жеке меншік үй салушыларға – банк клиенттеріне кредит беруге бағытталады. Қазірде барлығы 70 млрд. теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 2011 жылға бюджеттен 57 млрд. теңге бөлу көзделген. Екінші деңгейлі банктердің бұл жобаға қатысу талаптарының бірі бірлесіп қаржыландыру болып табылады. Бюджеттен ЕДБ-ге қаражат тек серіктес-банк арнайы шотқа соманың өзіне тиісті жартысын аударған соң ғана бөлінеді. Басқаша айтқанда, бұл бағдарлама бойынша жалпы қаржыландыру нақты 140 млрд. теңгеге дейін екі еселенеді.
– Бағдарлама шеңберінде екінші деңгейлі банктерге несиенің пайыздық мөлшерлемелеріне қатысты шектеу қойыла ма?
– ЕДБ-ге 5 жылға, төмен пайызбен қомақты қаражаттар бере отырып – қазіргі рынокта мұндай қорландыру көзі жоқ – мемлекет үй салушылар үшін қолжетімді қылып, кредит беру мөлшерлемесін қазіргі 15-18%-дан жылдық 12%-ға дейін төмендету талабын қойып отыр. Мұндай қаржыландырудың негізгі мақсаты – мөлшерлемелерді төмендете отырып, жыл сайынғы тұрғын үйді пайдалануға беру деңгейін 6 млн. ш.м. деңгейінде ұстап тұру болып табылады. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің есептеулерінше бұл бағыт бойынша 1,2 млн. ш.м. жуық тұрғын үй салынатын болады.
– Кредит берілетін үй салушыларға қандай талаптар қойылады?
– Бағдарлама тұрғын үй рыногында бағаның шарықтауына жол бермеу және алыпсатарлық пен бағаның өсуін болдырмау мақсатында жүзеге асырылады, салынған тұрғын үйді сату бағасына шектеу енгізілді, ол – таза әрленген ш.м. үшін 170 мың теңге. Және бұл жеке меншік үй салушылардың мемлекеттік бағдарламаға қатысуының негізгі талабы. Әрбір нақты жағдайда құнды жобалау-сметалық құжаттар және мемлекеттік комиссия белгілейтін болады. Сондай-ақ тұрғын үйлердің жайлылығы 2-3 класты болуға тиіс. Бұл жеке меншік үй салушылардың жобаға қатысуының негізгі талаптары.
– Мемлекеттік бағдарламаның осы бағыты бойынша қаржыландырылатын жобаларды кім іріктейді?
– Атқару органдарымен бірлесе отырып, банктердің өздері іріктеу жүргізеді. Содан кейін өтінімдер бізге келіп түседі, ал біз оларды экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияға береміз, міне, сол комиссия нысандар тізбесін анықтайды. Мақұлданғаннан кейін барып біз қаражаттарды екінші деңгейлі банктерге орналастырамыз. Үй салушыларға белгіленген баға аралығында тұрақтап қалуға мүмкіндік беретін бағдарламаның тағы бір сөзсіз артықшылығын атап өткім келеді: магистралды желілер мен коммуникацияларды салуды әкімдіктер өз міндетіне алады. Үй салушылар тек ішкі алаңдардың коммуникацияларына жұмсалатын шығыстарды көтереді.
– Мемлекеттік бағдарламаның бұл бағыты бойынша тұрғын үй сатып алуға кімдер үміткер бола алады?
– Негізінен барлық тілек білдірушілер. Мемлекеттік бағдарламаға қатысудың бірнеше нұсқалары көзделген: банктер арқылы – ипотека ала отырып, құрылыс салушы компаниялар арқылы немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары болу арқылы. Құрылыс салушының тұрғын үйді бөліп төлеу арқылы сату мүмкіндігі бар. Әлеуетті қоныс тойын тойлаушыларға – банк заемшыларына қойылатын талаптар біркелкі, олар – расталған төлем қабілеттілігі, сатып алынатын тұрғын үй есебіндегі кепілзаттың болуы.
Егер ҚТҚЖБ клиенттері туралы айтатын болсақ, шартты сома жеткіліксіз болған жағдайда, олардың кредитті басқа банктен немесе біздің банктен толықтырып алуына болады. Бағдарламада, сондай-ақ банктегі шотқа нақты құрылысқа арнап тұрғын үй құнының 20%-ын енгізу және тұрғын үйдің пайдалануға берілуін күту мүмкіндігі көзделген. Мұнда, ең бастысы тұтынушы ақшасының нысан пайдалануға берілгенге дейін құрылыс салушыға кетіп қалмай, банктегі шотта сақталатындығы. Дәлірек айтсақ, нөлдік цикл деңгейінде құрылысқа инвестиция салған үлескерлердің проблемасы қайталанбайды деген сөз. Құрылыс салушы сатып алушылардың ақшаларын тек таза әрленген, жетілдірілген дәрежедегі дайын тұрғын үйді сату деңгейіне жеткізгенде ғана ала алады.
Мұндағы біздің міндетіміз – бекітілген жобаларға депозит орналастыру және банктердің оларды мақсатты пайдалануларына бақылау жасау.
– Ипотекалық кредиттің көпшілікке белгілі жағдайларынан кейін адамдар оған аса үлкен сақтықпен қарайды. Жаңа мемлекеттік бағдарлама қазақстандықтарға не береді?
– Жаңа бағдарлама халыққа жаңа басталған, аяқталмаған құрылыс үшін ақша салмай-ақ, сенімді түрде өзінің жеке меншік дайын үйін сатып алу мүмкіндігін береді. Біздің банктің заем беру талаптары өте қолайлы. Мемлекет осындай миллиардтар жұмсалатын жобаларды іске қоса отырып, кешенді және тиімді тұрғын үй саясатын ұстанып отыр. Қаржылық қолдаудың түрлі схемаларын пайдалана отырып, мемлекет азаматтардың кіріс деңгейіне тәуелсіз түрде, халықтың барлық бөлігінің баспана мәселелерін шешуге нақты көмек көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.