02 Сәуір, 2011

«Оқшаулау»

754 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
«Бәле қайда деме, табан астында» деген рас екен. Оразадағы ойы мен ниеті күн мен гүлдей өбісіп, әп-әдемі-ақ өріліп келе жатқанда Балтазар боқтампазыңыз «ұмытшақтық» деген емі жоқ кеселдің кесірінен үшінші мың­жылдықтың оныншы жылының Оразасы екенін, сол үшінші мыңжылдықтың оныншы жы­лының Ораза­сында ауыз бекітіп, намазға жы­ғылғанын тарс ұмытып, «тендер» деп баста­латын тегеурінді комиссияға жаңа ғана бастық болған құрдасын бипаздап тұрып әкеден бір-ақ қайырғаны... «Бипаздап тұрып әкеден бір-ақ қайыру» дегеніңіз, жалпы, Т. атты шаһардың жасы мен жасамысының сүйегіне сіңген әдет. «Сүйегіне сіңген әдет» дегенде сүтпен емес, әрине. Ана­сының құрсағынан бәрі «әлһамдулиллаһ, мұ­сыл­манмын» дегенді дәріптеп, мешіттердің мұ­нарасынан естілген азаншының әуезіндей қа­уымның құлағына жағымды іңгәмен-ақ туа­ды. Бірақ шағырмақ күні шақшиған ша­һардың үстінен бір малғұн кеп «боқтап сөй­лемесеңдер бақтарың жанбас-с-с...» деп, құ­лақтарына сы­бырлап кеткендей бұл газет өсе келе сөз­дерінің біссімілләсіне айналады. «Сүйекке сіңген әдет сүйекпен кетеді» деген сөз бар. Сол сүйекке сіңген «әдет» Балтазарда да баршылық. Енді қайтсін, әкесі мар­құм қазақ халқының балағат сөздерінен док­торлық қорғамаса да, алыс-жақындағы өзі мән­зелдес алқын-жұлқын, ұрма-перме жан­дарға «жиреншелеп боқтау» деген тым таңсық түсінік қалдырып кетіпті. Біреуден малға ық­тасын болар баз қалады, ал енді біреуден сол малға жем-шөп болар саз қалады, ал мұның әкесінен «боқтампаз» деген делі­құ­лы­лау ат қалыпты. Сондықтан болар, ел-жұрт: «Боқ­тау деп, шіркін, Жиреншенің боқтауын айт, оның қасында Балтазардікі түйеден түс­кендей бірдеңе ғой?» деп, балағатымен-ақ бай­таққа баян болған әкесін еске алып, елжіреп отырғандары. Үшінші мыңжылдықтың оныншы жылы­ның Оразасында намазға жығылып, Алла­та­ға­лаға құлдық ұрғандағы сығыр үміті әкеден жұқ­қан осы бір жаман әдеттен ада-күде құ­тылсам ба дегенге сайып еді, көрдіңіз бе, міне, сайтан азғырып, түлен түртіп, тапа-тал түсте тілі түскірі тілегіне көнбей, мүлт кеткенін. *** Әкесінің атағы ауылды қойып, алты қырға тарап кеткені соншалық, кейінгі жылдары тіл жанашырымыз дей ме, тілші-ғалымбыз дей ме, әйтеуір, жуанды-жіңішкелі, ұзынды-қыс­қалы, ірілі-ұсақты, иә, білімді-білімсіздері де бар, кандидаттар мен ғалымдар сонау Ала­таудың бөктерінен ерінбей-жалықпай іздеп келіп, «Аға, сіздің сөзіңізді естіп, халық қазы­насы болған соң қағазға түсіріп алсақ деп отырмыз» дейтінді шығарған. Бозқақтан жаппа жиған бадамшадай «боқтық жинай келдік» дегендерге, әлбет­те, шал үндемейді. Ал ал­дын­дағы шүй­келеп отырған жүнін жерге ны­ғыр­лай қойып, етегіндегі жүн-жұрқаны әдет­тегісінен қаттырақ қаққыштай түрегелген кемпірі: – Астапыралла, милау шығар бұл өкімет, әйтпесе, іріген ауыздан шыққан шіріген сөзді де «қазына» дей ме? «Қазына» болғанша, қара жерге қазық боп неге қағылып кетпейді ол, – дейді. Бұл кезде «жиреншелеп боқтаудың» авто­ры біресе қабағын түйеді, біресе әлденеге күлім­сіреп, жымияды. Аламан айтысқа дайын­далған ақиық ақындайын жұтынып, жұтынған сайын жұтқыншағы жоғарылы-төмен жорға­лап, өзі­нен-өзі әлденелерді күбірлей бастайды. Сосын: «Жындыны жынды десе, бөркі қазан­дай бо­лады» деген, кемпірімнің айтып отыр­ғаны дұрыс, шырақтарым, – дейді. Шалының қолдауынан қуат алған ақ кемпір: – Бұл неме жұрттың «боқтағыш», «боқ­тағыш» дегеніне масайрап, өкіметті де, өкілді де түк қалдырмай боқтап, ақ нан, сары май жеп отырған қоймасының кілтінен айырылып қал­мады ма түге, қара басқанда. Отырысы мы­нау енді, қи сасыған қорада «изәләтір» бағып. Айналайындар-ау, өздерің де түкке тұрмайтын нәрсеге бола түу сонау ит өлген жерден кепсіңдер, бұ шал енді сендердің өздеріңді зәу-заттарыңмен қоса сыпыра боқ­тамай тұрғанда қайтқандарың жөн, – деп, есіктің алдында тұрған ақ самаурыннан аспандай ұшқан көкшу­лан түтін сияқты мүмкіндігі жүз пайыз қауіпті және қоюлата түседі. Ал шалдың ойы басқа. «Ән айту үшін де әл керек» демекші, боқтау үшін де шабыт керек. «Шабыт» деген құшағыңа күнде құлай бермейді, бір оқыс оқиғадан, әнтек әсерден туа­ды ол. Террористердің бомбасындай күтпе­ген тұстан тарс ете қалатын кездері де жоқ емес. Ал енді қиылып тұрған адамға не деуге болады? Не үшін боқтайды? Ілік болар уәж не? Қиналғанын білдірмеу үшін қи сасыған қорасындағы малын қарауға шыққан. Мал да, қора да өзінікі емес, өкімет деген өктемдікі. Өкіметтің жергілікті жердегі көзі мен құлағы – қызыл мұрын директор. Бірдеңесін жоғалт­қандай көңі мүңкіген қораға мойны қылқиып күнде келеді де тұрады тағы. «Бірінші» деген аты бар, өздері жарымай отырғанда астына қалың ғып көрпеше төсеп, алдына таза дас­тарқан жайып, ыдыспен май, құрт қойып, сәт­сәлістік заманның мейманасы тасыған қой­шысының беймарал бейнесін көрсетіп, сай­қымазақ болуың және керек-дүр. Ол сойқан май мен құртқа қанағаттанса жақсы ғой, төрге жам­бастап жатып алып, керегенің көзінен көлеңкеде үйездеп жатқан қойлардың құйры­ғына қарап «мына сорлылардың ішінде де пышаққа ілінетіндері бар екен, ә» деп, сілекейі шұбырған қасқырдай телміретінін қайтерсің. «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді», дирек­тордың шашбауын көтеріп, далақтап жүрген зав­ферма «біз «жиырма бірді» жайғап таста­ғанша, аналардың ішіндегі тәуірінен қуырдақ жасап жібер» дегенді көзінің қиығымен қиыс­тырады. Бұған ашынбағанда Жиренше неге ашынады енді. Алматыдан келген тілші-ғалым қойын дәп­те­ріне дым түсіре алмай қайтуға жиналып, ал ақ кемпір айтпақшы, біздің «изәләтір» баққан кейіпкеріміз аузынан өмірінде боқтық шық­паған адамдай тымпиып, қорасын айнал­шық­тап жүргенде, әлгі қызыл мұрын директор мәши­несін тура есіктің алдына шаңын бұр­қырата кілт тоқтатып, сырықтай бойы серең етіп түсе қалсын. Ол да бір қияңқы, мәшинеден түскен бойы амандық-саулық жоқ, лезде іскер басшының «бейнесіне» еніп, қора-қопсыны шарласын да кетсін. Шарлағанымен қоймай, арам өлген қойлардың қан қатқан қаңқалары мен жидіген терілерін көріп тура бір Иосиф Вис­сарионович «әкейдің» жамбасы жаңа ғана жерге тигендей, ой бір аһ ұрып, ой бір тұлдансын. Тұлданғанымен қоймай, Алматы­дан келген тал­шыбықтай талдырмаш тілші-ға­лым­ның алдында бедел жиып қалғысы келді ме, «изәләтір» баққан ақсақалға ал кеп әкірең­десін. Ұрысқанда екі көзі шатынап, екі иығы селкілдеп, арақ пен са­рымсақ сасыған аузынан түкіріктері шашырап кететін әдеті тағы бар екен өзінің. Міне, осы кезде үстіндегі түсі оңып кеткен сулығын қаудырлатып, қамшысын сүйретіп, тілін жұтқан адамдай маналы бері тымырайып жүрген қойшының көмекейі бүлкілдеп, әй, бір көсілсін. – Бойың серейіп, мойның қылқиып, қарының қампайып, бұтың шидиіп, мұрның имиіп боққа үйір бір сорлы екенсің өзің. Күнде иіскесем салбыраған мұрным қысқарады деп ойлайсың ба! Бет-аузың бір қызарып, бір бозарып, құрқыл­дамасаң жүре алмайсың ба, әлде?! Сенен-ақ ығыр болдым ғой, әке... – Сверщилось!!! Қалтасынан қойын дәптерін іздеймін деп асып-сасқаны сонша Алатаудың бөктерінен кел­ген тіл­ші-ғалымның аузынан абайсызда орыс халқының осындай бір сөзі шығып кетті. Сосын қаламы мен қағазын тауып алып, құн­жыңдап жаза берді, жаза берді. Жазып жатып бас шайқап қояды. Бас шай­қайтыны, көтерем қойларға бас-көз боп отырған шал мен кемпір ұсынған айранды бір апта тегін сораптаса да бастығын езу тартқызар елеулі оқиғаға куә бола алмай арманда кетіп бара жатқан кезінде, Ал­ла­тағала, тілегенін көктен емес, жерден берді. Бұл кезде қызыл мұрын директор өзінің амандық-саулық жоқ әкіреңдей келгенін тарс ұмытып, тарс ұмытқаны сол, Жиреншенің аузынан қарша бораған балағатқа не дерін білмей, тобық жұтқандай қиқылдап-шиқылдап қалған. Тілші-ғалым болса директордың не қыларға білмей, айран-асыр болған мүсәпір сиқына қарайды да жазады, жазады да қарайды. Қара­сында өңін қағаз сорған қала оқымыс­тысына тән «Неткен дәлдік!» деген таңданыс бар. Сосын соңыра ұмытып қалмайын дегендей «Гәптің үлкені шалдың боқтауында емес, тұспалында екен. Елдің айтуынша, қанша боқ­тампаз бол­ғанымен осы жасына дейін ол бір адамның бетіне тура қарап боқтамаған. Ылғи тұспалмен сыбаған. Елден ерекшелігі де осында. Ал директор мен түйетауықтардың арасындағы ұқсас­тықта дау жоқ. Ендеше, естіген адамын есінен тандыратын мұндай тұспал­ды мына шалдан басқа ешкім ойлап таба алмас» деген тұрғыда бірдеңелерді асығыс шимай­лайды. Шал болса ғалым балаға «қара­ғым, іздегенің боқтық болса, мә, ендеше» дегендей ауылдың атқамінерлері аяқ-қолын жерге тигізбей дәріптейтін «біріншіні» тұспалдай тұқыртуын одан ары үдете түскен. *** Әкеден бала бір сүйем артық, не бір сүйем кем туады. Жиреншенің балта ұстар бір перзентке зар боп жүргенде көрген Балтазары әке­сінен бір сүйем кері туды. Бейнелеп боқтаудың орнына Т. шаһарынан А. шаһарына тура тар­тыл­ған тас жолдайын төтесінен бір-ақ қайырады. Оразаның он үшінші жұлдызы ма екен, жаңа мектептің құрылысының жайын білейінші деп құрдасы Жұмабекке телефон шалсын. Ол телефонының құлағын көтеруін жылдам көтергенімен, бұл екенін біліп ыңырана қалды. – Әй, сен әлі ұйықтап жатсың ба? – деген бұл. – Ің, – деді ол. – Әй, іңің не? – Ің... сол... ұйқы қанбай... – Түнімен қой күзеттің бе, не? – Үйге еуроремонт жасап ек, ің... шаршап... ің... Балтазардың жыны келді. Жыны келетіні, бүгінде бұл жақтағылардың бәрі «бастық» деген алтын жазуы бар бөлменің төрі бұйырып, былғары орындығына құйрығы тисе болды, жұмысын пәтер жөндетуден немесе үш дең­гейлі коттедж салудан бастайтын «әдет» тауып алыпты. Ел-жұрттың бәрі жынды емес, ақыл-есі орнында. Қай шенеуніктің қай қазаннан ет жеп, қай кеседен сорпа ішіп жатқанын жақсы біледі. Мәселенки, қаланың төріндегі анау жаңа мектеп, мынау жаңа аурухана, сонау жаңа спорт ғимараты дегендердің құрылысына бөлінген қыруар қаржының жыл сайын жетпей қала­тыны бар. Сөйтсе оның біразы тендер комис­сиясы деген төренің өңешінен өтіп кетеді екен. Жұмабек те солардың сапындағы сайтаннан болды. «Әкесі құрдастың, баласы да құрдас» дейді Т.-лықтар. Ал Т.-лықтар демесін, егер десе бар ма, онда ешкімге дес бермейді. – Ің... шаршап... дейді ғой, сен де әкең сияқты қиға құмар түйетауықтың сортынан бол­дым десеңші одан да. Бағаналы бері «ің», «ің» деп ұйқысырап тұр­ған құрдасы лезде шамырқанып шыға келді. – Әй, не деп тантып тұрсың. Өзің түйе­тауық, білдің бе! – Өй, әкеңнің... сенің! Ұйқысынан енді ғана оянып, төсегінен енді ғана тұрып жатқан, ештеңені түсініп те үлгер­меген құрдасын, яғни білдей бір облыстың білдей бір тендерінің төрағасын астар мен әдіптен де жұрдай құрғақ боқтықпен осылай бір қайырды да, телефонның құлағын тарс еткізіп орнына тастай салды. Ораза айының орта­сындағы Балтазардың аузынан абайсызда шы­ғып кеткен боқтық тарихының бар болған-біткені, міне, осы еді. «Зілзала өтті, зілі қалды» дегендей, ашу өтті, ақыл кірді, енді қайтпек керек? Шіркін, әкесі болса бір амалын тауып, анау жаңа мектептің құрылысының қасындағы қара талды қара шаңырағындай «жекешелендіріп» алып, са­ңырық сасытып жіберген қарға мен құз­ғынды қыра боқтап ашуын басар еді, мұныкі таза анайылық болды. Оның үстіне ызасы басылып, ашуы тарқаған кезде Аллатағалаға құлдық ұрған пенденің Ораза айында аузымен бірге тіліне де тиым салуы қажеттігі есіне түсіп, қысылғаннан жауы­рын ортасының жіпсімесі бар ма. Ораза ұстамаған, намаз оқымаған бұрынғы кезінде бүйтіп аса қиналып, аса қысылмаушы еді, енді төсегінен жаңа тұрып жат­қан құрдасын ай-шай жоқ әкесінен қайырған оспадар­лығы ойынан кетсеші. Не істеу керек? Әрине, кешірім сұрау керек. Аллатағала тәу­беге келген құлының күнәсі аспан мен жердің арасын толтырардай көп болса да кешіреді екен дегенді естіген. Ендеше, мұның білместігін де кешіретін шығар. Бірақ құдайдан қорықпай ха­лық­­тың қар­жысына ауыз сал­ған жебір­лер­дің біріне ай­нал­ған құр­дасынан қа­лай кешірім сұра­мақ? Телефонын екі рет теріп, тұтқасын орнына екі рет қойды. Әлде ұя­лы теле­фо­нына хат жа­зып жібергені жөн бе? Бірақ SMS-ке елп ете қалатын Жұмабек жақ жым-жырт. Үнсіздік үшін­­­­ші күнге ұлас­қанда Балтазар қор­қа бас­тады. Үшінші мың­жыл­дық­тың онын­шы жы­­­­­­лын­дағы ұстаған Ораза­сы бір жем­қорға бола зиянға ұшы­рамақ па? Бұрын бүйт­пейтін. Бесін намазынан кейін әйе­ліне мұңын шағып еді, ол: «жү­ре­гіңе иман­ды­лық ұя­лайын деген ғой» деді. «Ал кешірмесе, ауырт­палығын өзі көте­реді». Кө­ңіл жұбатқанға жақ­сы-ақ сөз, бірақ... Жұмабек те қыршаңқы аттай алдына келгенді тістеп, артынан өткенді теуіп үйренген. Ұқсамасаң тума­ғыр, құдды әкесі сияқты. Өзінің оқымаған кітабы жоқ. «Мынау дейді, – батыс жақ­ты нұсқап, – Еуропа мен АҚШ-ты аузына қаратып Теккерей, Стейнбек деген жазушылар өткен ғой кезінде, құдай біледі, солардың ата-бабаларының сендермен бір шатысы бар. Жирен­шенің әкесі Бақкерей, ал арғы атасы Станбақ емес пе өзі?». «Мұны не үшін айтты бұл сұм?» деп ойланып үлгергенше «Ежелгі заманда Балтазар Косса деген бір авантюрисі де болған сол Еуропаның» деп әңгімесін одан ары сабақтайды. «Ол өзі қарақшы боп кемеге ша­буыл да жасапты, арақ-шарап пен қыз-қыр­қынға да тоймапты. О құдая тоба, ақыр аяғында дін жолына түсіп, Рим папасының дәреже-дәргейіне дейін көтеріліпті. Сен де осы алған бетіңнен таймасаң, құбатөбел бір қаланың мешітіне бас имам болуға жарап қаласың». Көрдіңіз бе, құрдасының қайдан бастап, немен аяқтағанын? Жүрегінде иманы бар пенде Ораза ұстап, намазға жығылған адамға «Ниет қабыл бол­сын!» айтып, қуаныш бөлісуші еді, ал мұныкі не қолдағаны, не қорлағаны түсініксіз бірдеңе. *** Жиренше: – Әй, Балтазар, мына мұрны салбырап, бұты серейген немені қуып жіберші. Таң атпай құрқылдап, тыныштық бермеді ғой. Тоңмойын бастықтардан «изәләтір» қойлардай ошарыла қашып, оңашаға кетсек те құрқылдан құла­ғымыз сарсыды ғой тегі, – деген кезде басы мен құлағы түйетауықтың басы мен құла­ғындай болып бір қызарып, бірі бозарған директор ернін тістелеп ойланып тұрған. Сулық киген сұм қойшының қый шоқыған жәндіктерді сылтауратып тұп-тура өзін боқта­ғанында дау жоқ. Бірақ қалай дәлелдейді? «Неге боқтайсың?» деп баж ете қалса, ауыл-ай­маққа, бота-тайлаққа қараптан қарап өзі мас­қара болады. Өйткені, Жиреншенің дәлелі құрқылдап дәл қасында тұр. Оны қатын-бала-шағасынан бөлек, Алматыдан келген анау ғалым бала да көріп, жазып алды. Әлде басқа сылтаумен тиіссе ме екен? Сонда не? «Оңашаға кетсек те құрқылдан құлағымыз сарсыды ғой тегі» деуі, мына қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған заманда жақсы сөз емес сияқты. «Оңа­ша» дегені «оқшаулану» дегеннің баламасы. Кімнен оқ­шауланып жүр сонда бұл заржақ? Қоғам­нан! Қоғам дегеніміз не? Кеңес өкіметі! «Құрқыл» кімдікі? «Генсектікі»! Парторг бала, бала болса да бәле өзі, осы жаққа жолға шыққан сайын «Бозқақтың ура­нынан, Жиреншенің боранынан сақта» дей беруші еді, о саржалақтың жүрегі де мына сұм­ның сұр жебесінен аман қалмаған болды. Уранның қаупі мен қатері белгілі, ал жаман қойшының «бораны» мұндай қатты болар деп ойламап еді. «Тас бораннан» бетер ғой тегі. Егер парторг келіссе «саяси қатеге» жарайтын факті бар. Сосын ары қарай «бюро» дей ме, «түрме» дей ме, үрейін алып, тәубесіне келтіру қиын емес. – Әй, ақ кемпір, деректірге шай іш десеңші. Қабыңның түбінде ұн қалса, шелпек пісір, мына шіліңгір шілдеде қатып қалған нанды кім қажап отырады. Бастықтың арқасында балалар­дың аузы да бір майлансын. Иә түйетауықтарын, иә қызыл мұрын «деректірін» сыбағаны бір Аллаға ғана аян Жи­реншенің ашуы тарқап, қабағы жазылып, көзі­нің қиығына күлкі үйіріле бастаған. «Жағыңа жылан жұмыртқаласын сенің Жиренше, қара­шы, түйетауыққа теңеп тұрып, түк болмағандай «шәй іш, шелпек же» деуін. «Қойшылардың қатқан қара нанын айтып та қара саннан бір шымшып қап жатыр» деп ойлаған директор, құрттаған қойларға жағатын қара майдың иісі мүңкіген қораның қасына құйындатып кеп қалай тоқтаса, дәл сол екпінімен алақұйындатып тайып тұрды. *** – Тілші бала, а, тілші бала, – деген, – директордың көлігінің шаңы басылған соң Жиренше көңілі босағандай әлденеге төлежіп, – атаңның сөзін жазып алғаныңды теріс демеймін. Күндердің бір күнінде бала-шағаны күл­дір­мекке де бірдеңе-сірдеңе керек қой. Бірақ осы ауру, арық-тұрақ мал-жан қайдан шығады деп ойлаған басшы бар ма? Қоғам ауырса, оның мал-жаны да ауыра бастайды. Малмен өскен ата-бабаларымыз «изәләтір» дегенді білмей-ақ өтті емес пе өмірден? Анау алтын жұлдызды қойшыларды айтам да, қорасынан ауру, ақсақ-тоқсақтар шығып, құрты быжынай бастаса-ақ болды: «Ойбай, мыналарды оқшау­лау керек» деп, осылай қарай зыттырады. Ал кәрәлін сасыған бұл жерге бір келген мал өз отарына қайтып аман-есен оралмайды. Осыны неге жазбайсыңдар? Осыны неге көтермей­сіңдер? Көрдің бе, анау бір көзі соқыр қойды... соның басына әлгі дәріптеп жүргендеріңнің бірінің қамшысы тиген. Ал мына мөлиіп тұрған тоқтының бүйірінде адам аяғының зардабы бар... Ау, қырға қарап ма­ңырады екен деп марғас­қаларды, Бозқаққа барып ойнақтады екен деп бағыландарды ұрып-соғып, оқшаулай берсе, текті тұяқ қала ма далада?! «Қойшы көп болса, қой арам өледі». Қазір қойдан қойшы көп заман болып тұр. Бәрінің қолында бір-бір пәртпел. Тіпті, «генсекке» дейін қойшы боп кетті. Қысқасы, мен сияқты тілі мен жағына сүйенген жаман қойшы бар болса бар шығар, бірақ жаман мал-жан жоқ... Жиренше тілші-ғалым мен тілші-журналист міндетінің аражігін ажырата алмады ма, әй­теуір, біразға дейін осылай дей берген. Тілші-ғалым да: «Аға, мен газеттен келгем жоқ қой» деп айта алмай, шалмен бірге мұңайған. Ойы мен қиялы Бозқақтың боз даласындағы боз­торғайдай шы­рылдап, бір орнында байыз табар емес. «Мар­ғасқалар» деп, «бағыландар» деп, «тек» деп, «тұяқ» деп бұл шал, шынымен, малға жаны ашып отыр ма, әлде, өзі сияқты тілінен жазып, оқшауланған азаматтар жайын зар ғып отыр ма? Қызыл мұрын директорыңыз ауру қойларды оқшаулады ма, әлде «арам өлді» деген актімен тігісін жатқызып, апта сайын жас ет жеп отыру үшін сау қойларды оқшаулады ма? «Мына сорлылардың ішінде де пышаққа ілігетіндері бар екен» деуінің өзі ойланарлық мәселе емес пе? Мүмкін, қойлармен бірге аузында қақпақ, тілінде тиек жоқ Жиреншені оқшаулауды да ұмытпаған шығар қызыл мұрын директор. Әйтпесе қи сасыған қорадан алтын іздегендей неменеге қайта-қайта келе береді? Тоқта, екі жүз елу грамм арақ үшін Т. шаһа­рына шығарып салуға автовокзалдың асха­насына ерінбей-жалықпай келіп, тост сөйлеген бөлім бастығы да «тұспалын біл, тұспалын» деп, тықақтап қоймай қойып еді әнеугүні. Ол да тұспалдап сөйлейтіндерді тұ­сау­лайтын сұр мекеменің тыңшысы болып жүрмесін. Бәсе, Бозқақтың боқтампаз шалына неге құмартып қалды деп еді бұл. Тілші-ғалымның шақшадай басын осындай қай-қайдағы, жай-жайдағы ойлардың шырмап алғаны сонша балапандай жүрегі бұлқынып-бұлқынып барып, кеудесінен ұшып кете жаз­даған әуелі. *** Он төртінші күн дегенде ме екен құрдасы телефонының құлағын көтерді-ау әйтеуір. – Әй, бір қорқыттым-ау деймін өзіңді. Жазықсыздан жазықсыз боқтаған қалай бола­ды екен адамды?! – Кешір, өзіңнен де бар, өткенде қайдағы бір Балтазар Косса дегенді айтқаның көңі­лімде қап қойыпты, соның зілі шығар. – Кешірмегенде көшіреді деп пе ең, намазыңды оқып, тәспіңді тарта бер. – Алла разы болсын. Тендер комиссиясының төрағасы осылай деп оқжыландай зулағанымен, құрдасының тілінен қорқып, оны шалғай ауданға мәдениетті түрде «жер аудармаққа» бекінген. Өйткені, бү­гін боқтаған адам, ертең «мына иен-тегін дүниені қайдан алып жатырсың?» деп байбалам шығарудан тайынбайды. Құдайға шүкір, тендердің «тобықтайы» арқылы аузын айға білеген біраз басшылармен аралас-құралас болып қалды. Кімді қандай қызметке ұсыну, кімді қайда «оқшаулау» деген сияқты құпия мәселе талқыланған кезде мұның пікірі де ескерілетін болды... – Іскер десеңіз іскер, білімді десеңіз білімді, ұйымдастырушы десеңіз ұйымдастырушы, қысқасы, мұндай кадрды Алатауды айнал­саңыз да таппайсыз. – Кешіріңіз, аты-жөні кім дедіңіз? – Балтазар Жиреншеұлы Бақкерей. – Бақкерей... Жиренше... Изәләтір... «Кадрлардың құдайы» атанған орынбасар ойланып қалды. – Әкейдің архивінде осындай адам аты бар сияқты еді. «Мына кісі Балтазарды танитын болып шықпасын» деген ойдан Жұмабектің жүрегі зу ете қалды. Бірақ орынбасар іле-шала: – Біздің шал кеңес өкіметі кезінде тілші-ғалым болғандардың бірі, – деп әкесінің шой желке, жуан балтыр бастық емес, кішігірім ғалым болғанына намыстанғандай жанарын терезеге аударған. Орынбасардың әке туралы ұяла еске алуы Жұмабектің май ішкендей кілкіген көңілін орнына түсірді. Дегенмен, сақ­тықта қорлық жоқ. – Кезінде осы өңірде Жиренше деген бір «инцидент» болған. – «Диссидент» десеңші, мынау сол кісінің ұлы ма? – Иә, – деген Жұмабек «пендеңіздің түпкі ойын енді түсінген боларсыз» дегенді көзімен ұқтырып, орынбасарға сүзіле қарады. – Қанша дегенмен, қанына тартпай тұрсын ба, мұндай­лармен алыстан сыйласқан дұрыс шығар деген қам-қарекет қой менікі. – Сонда қай жаққа жібер деп сұранып отырсыз? – Бозқаққа. – Бозқақ?!. Шешіміңіз тым қаталдау емес пе? – Қатал емес, «оразасын» жоғарғы жақтағы ауыс-түйіспен, кім не жеп, кім не құстымен ашатын ондағыларға осындай «идеальный» адам­дар керек. Қанша дегенмен, зиялының тұқымы емес пе, мынандай «үкімді» естіп орынбасардың шыбын жаны шырқырап кетті. Бозқақтың уранына ұрынған пенде, тіпті темірден жаралса да көп ұзамайтын. Зу-зу еткен Жұмабек сол ауыр жазаға бала кезден бірге өскен досы Бал­тазардың басын байлап беріп отыр. Оған дейін де осы өңірдің жөн біледі-ау дейтін біраз бас­шылары мен қосшыларын қасқыр тиген қой­дай қуғын-сүргінге ұшыратқан. Егер босаң­дық танытып, боркеміктік көрсетсе, өсек-аяңы он қатынға бергісіз мынау жүзі жанбастан: «бая­ғы диссидент қойшыға жаны ашып, «Изә­ләтір» баққан Жиренше» деген мақала жазған ғалымсымақтың ұлы» деп өзіне шабуыл жасаудан тайынбас. Әкесі марқұм да сол мақаладан кейін жұмысы өнбей, жүнжіп кеткен. Екі жүз елу грамм арақ үшін асханада отырып тост айтатын қасқа бас бастығы да күрт өзгеріп «не ғылыммен бол, не қойшымен бол» депті. Одан кейін, «спорт кешенінің құрылысына бюджеттен бөлінген миллиардтардың он бес пайызын алақаныңызға әкеп салам» деп ант су ішіп отыр. Қой, «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген. Сатқындық бізге дейін де болған, бізден кейін де бола береді, сондықтан бөгет болмайын. – Онда кірісіңіз, басшыға өзім айтам. *** «Кешірмегенде көшіреді деп пе ең, нама­зыңды оқып, тәспіңді тарта бер» деген құр­дасының сөзінен кейін Балтазардың екі иығын екі апта бойы езгілеген ауыр жүк өзі­нен өзі сыпырылып түскендей болған. «Әкең сияқты кекшіл емес екенсің» дейін деп тұрды да, тілін тістей қойды. Өйткені, қызыл мұрын директор түк түсінбеген, дым білмеген боп тайып тұрса да көп ұзамай боқтампаз қаһар­манымыздың үйіндегі ақ апамыз армандай беретін қойманың кілті былай тұрсын, «изә­ләтір» қойдың жыл­бысқы еті де көзден бұл-бұл ұшты. «Бозқақтың уранынан, Жиреншенің боранынан сақта» деп дұға жасай келетін үркек парторг, түсінен шошып оянғандай оқыс­тан күшіне мініп, «қоғам малын өлім-жітімге ұшыратқаны үшін» деп шалға әуелі «сөгіс», одан соң «қатаң сөгіс» берді. Үшінші жолы партбилетін тартып алды. Дұрысы, «тартып алды» емес, көшке берген тайлағың осы болса, мә!» деп, парторгтың үстелінің үстіне Жиреншенің өзі тарс еткізіпті о құрғырды деседі ел-жұрт. Шынында, саясаткерлер «коммунистердің партбилетін ең бірінші «талақ» еткен Ельцин» деп, бекерге ша­тысады, әйтпесе, ол ерлікті алғаш жасаған адамның қабірі бүгінде Т. шаһарынан алыс­тағы бір ау­данның аумағында жатыр. Топы­рағы том­пайған қабірінің үстінен кездейсоқ түсе қалсаңыздар, Жікеңнің мына жалған дүниеде біліп, білмей істеген күнәсі үшін Аллатағаладан кешірім сұрап, құран оқуды ұмытпағайсыздар. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.