02 Сәуір, 2011

Көршілер сайлауды бақылауға келіпті

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс әкімі Сергей Кулагин ТМД байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті. Байқау­шы­лар Ресейдің Қостанаймен шектесетін Челябі облысынан келіпті. Топты Челябі облыстық әкімші­лігінің аймақтармен жұмыс жө­ніндегі басқармасының бастығы Виталий Шиков бастап келді. Алдымен аймақ басшысы қонақ­тарды облыс тынысымен таныс­тырды. Ал челябілік байқау­шы­лардың бұл Қостанайға бірінші рет келуі емес еді. – Қатар жатқан ел болған­дық­тан, Қазақстанның саяси, эконо­микалық өмірінен хабарымыз мол. Біз мәслихаттар сайлауында да, соңғы президенттік сайлауға да көрші Қостанай облысына бай­қаушы ретінде келген едік. Міне, енді бүкіл дүние қарап отырған мерзімінен бұрын өткелі отырған президенттік сайлауға тағы да келдік. «Көрші хақысы» деген бар, оның үстіне бір-бірімізден үй­ренеріміз де мол, – деді делегация жетекшісі Виталий Шиков. Челябіден 21 байқаушы келді. Олар қалалар мен аудандарға ба­рып, дауыс беру барысын бақы­лайтын болады. Кездесуде облыстық сайлау ко­мис­сиясының төрайымы Антонина Маркова байқаушыларды сай­лауға дайындықтың негізінен аяқталға­нынан хабардар етті. Облыс­та 4 қалалық, 16 аудандық және 860 учаскелік сайлау комис­сиясы бар. Олардың барлығы да жұмысқа қажетті ұйымдастыру техникала­рымен, құралдармен заң шеңбе­рін­де жабдықталды. Кездесуде челябілік байқау­шы­лар облыстық сайлау комис­сиясының төрайымына сайлау­шы­лардың сайлауға қатысуы үшін қандай жұмыстар жүргі­зілгендігі туралы сауалдар қойды. Антонина Михайловна оларға да­йындық жұмыстары туралы әңгі­мелей келіп, қостанайлықтар елі­міздің тағдырына салғырт қарай алмайтындығын, өткен президенттік сайлауда да облыстағы сайлаушылардың 85,5 пайызы сайлау учаскелеріне келіп, дауыс бергендігін айтты. Сайлау комис­сиясының төрайымы бұл жолы да қостанайлықтардың дауыс беруге белсенділікпен келіп, өз таңдауын жасайтындығына сенімді. Сонымен қатар, президенттік сайлаудың демократиялық дең­гейде өтуін бақылау үшін об­лысқа ЕҚЫҰ-дан екі ұзақ мерзімді және 23 қысқа мерзімді бай­қаушы келді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.