Елімізде «қара алтын» өндіру 20 жылдың ішінде жылдық мөлшерін төрт есеге көбейтті, ал әлемде бұл көрсеткіш бір жарым есеге ғана артып отыр. Мұнай нарығындағы мемлекеттің ғаламдық үлесі 10 пайызға өскендігі де хақ. «Қара алтынды» өндіру мен экспорттаудың әлемдік деңгейдегі жаңа орталығын Қазақстан дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды шараға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қосып отырған үлесі де зор. Маңғыстау мұнайы биыл 50 жылдық торқалы тойын атағалы отыр, бұл күнді де маңғыстаулық мұнайшылар зор жетістіктермен қарсы алуда.
Бозашы түбегінде өткен ғасырдың 70-ші жылдары ірі кен орындар ашылды, онда қысқа уақыт ішінде Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас, Жалғызтөбе және басқа да мұнай-газ кен орындары ашылып, игеру үшін дайындалды. Аталмыш кен орындарын ашу есебінен Маңғыстаудың шикізат базасы айтарлықтай кеңейіп, нығайды, кейін қарқынды дами түсті. Тәуелсіздік алған уақыттан бергі мерзім ішінде, мұндай жетістікке жетуімізге осы салада жасалған түбегейлі өзгерістер негіз болып отыр.
Бұл деректерді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ еңбек ұжымымен кездесуінде келтірген болатын. Өткен жылы осы салада атқарылған жұмыстарды қорытындылаған және алдағы міндеттерді межелеген жиынға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «Өзенмұнайгаз» ӨФ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ҚазақТеңізКөлік Флоты» ҰТКҚК» АҚ, «ТеңізСервис» ЖШС, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, «Жетібаймұнайгаз» ӨБ еңбек ұжымдары мен барлық еншілес ұйым өкілдері де қатысты. Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселелері де жиын барысында талқыланды.
Өлке мұнайшыларымен кездескен Қайыргелді Мақсұтұлы олардың жасампаз еңбектері мен жетістіктеріне ризашылық танытып: – Қойнауы қазынаға толы Маңғыстау – мұнай мен газдың ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, ана тілі мен діліміздің қаймағы бұзылмаған, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің берік сақталған мекені. Жаңа кен орындарын барлау мен ашу, өндіру және игеру, еліміздің негізгі магистральдарын салу, халықаралық нарықтарға шығару бағытында сіздердің еңбектеріңіз зор екені шүбәсіз. Алдағы кезеңдерде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының құрылысы барысында 3500 адам жұмысқа тартылатын болса, пайдалануға берілген кезде 500-ге жуық жұмыс орны ашылып, 1,5 миллион адам көгілдір отынмен қамтылатын болады. Бұл дегеніңіз ел экономикасының еселеніп, сала қуатының артқанын білдіреді, – деп атап өтті. Сонымен қатар ол Елбасының биылғы Жолдауында баса назар аударылған әлеуметтік жаңару мәселелеріне айырықша тоқталып, алға қарай да «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тарапынан бұл саланы дамытуға қосатын үлес мөлшері артатынын жеткізді.
Біз нарықтық экономикалы елміз, сондықтан еліміздің аумағын түгел жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін нарықтық ұстанымдармен өз үлесімізді иемденуіміз қажет. Бұл бізге жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп қана қоймай, баға саясатының қолжетімділігіне де мүмкіндік беруі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мемлекеттік мүдделерді білдіретін көмірсутегілерін барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор болып табылады.
Оған қоса, Маңғыстау мұнайшыларының еселі еңбегі арқасында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы қарсаңында компанияның қолдауымен бірқатар игі шаралар жүзеге асырылып жатқанына да халық куә боп отыр. Мұнда орын алып отырған ауыз толтырып айтарлық шаралар, Жетібай кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешені мен өнер мектебінің құрылысы аяқталып қалды, бұл халықтық өнер мен бұқаралық спортты дамытуға жасалған тағы бір оң қадам деп бағалаған абзал. Биылғы жылы Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның әлеуметтік әріптестік бағдарламасы бойынша 200 пәтерлік әлеуметтік үй пайдалануға берілмек, оның аясында бірқатар мұнайшылар да жаңа пәтерге қоныстанады. Тағы бір атап өтер жәйт, үстіміздегі жылы мұнайшылар мен олардың отбасыларының денсаулықтарын тексеру және емдеу мақсатында «Кендірлі» демалыс аймағында айына 300 адам қабылдайтын медициналық оңалту орталығы мен 250 орындық балаларды сауықтыру лагерінің құрылысын аяқтау міндеті тұр.
Жаңаөзен қаласында қала тұрғындарының және мұнайшыларының игілігі үшін салынған бірнеше нысан өткен жылы ашылған болатын. Мысалы, №3 орта мектепте жасанды жабынды төселген спорттық алаң қаладағы тағы да 10 мектепке компанияның демеушілігімен салынып берілді. Балаларға 63 ойын алаңқайы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, №1 СҚКБ аумағында 120 орындық тұрмыстық шаруашылық кешен және 30 орындық асхана, №1 және №2, №4 мұнай-газ өндіру басқармалары аумағында мәдени үйшіктер, №2 мұнай-газ өндіру басқармасы аумағындағы СЖАЖ базасындағы 70 орындық тұрмыстық шаруашылық кешен, №4 МГӨБ аумағындағы 100 орындық асхана ашылып, жұмысшылардың пайдалануына берілді. Тек былтырдың өзінде мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға 1,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.
ҚМГ БӨ және Маңғыстау облысының әкімдігі 2010 жылы аймақтағы әлеуметтік жобаларды қосымша қаржыландыру туралы Меморандумға қол қойған болатын. Соған байланысты, ҚМГ БӨ Жаңаөзен қаласының қажеттілігі үшін жер қойнауын игеру туралы шарттағы міндеттемелерден бөлек 970 млн. теңгеден аса қаржы бөлген. Маңғыстау облысына 2013 жылға дейінгі атқаратын бағдарлама бойынша жыл сайын аударатын компанияның 900 млн. теңгесін есептемегенде, осы бағытта 2 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бірауыздан бекітілген ұжымдық шартқа сәйкес, компания мұнайшылар мен олардың отбасыларын емдеу-сауықтыруға, еңбек жағдайы қауіпсіздігін арттыруға кепілдіктер мен өтемақылар төлеп те отыр.
Еліміздегі мұнай мен газ өндірудің 24 пайызын Маңғыстау облысындағы 50-ге жуық мұнай-газ кәсіпорны еңсеріп отыр. Мысал ретінде айтар болсақ, «Маңғыстаумұнайгаз» былтыр 5 млн. 720 мың тонна қара алтын өндіріп, кіріс 421 млрд. теңгені құрағандығын да айтпасқа болмас.
Елімізді 2010-2014 жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың құрамдас бөлігі «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы болып отыр. Осы өңірдегі жұмыс істеп тұрған және жаңадан іске қосылып жатқан сан-салалы өндірістер индустрияландыру бағдарламасының жемістері деуімізге болады және оның барған сайын қарқын ала бастауы көңілімізді өсіріп, ертеңге деген сенімімізді бекіте түскендей. Аталған индустриялық-инновациялық саланы дамытуға компания 20 млрд. АҚШ долларын бөліп отыр.
Кәсіпорынның жетістіктері мен жаңалықтарына тоқтала келе, 2010 жылы компания басшылығының технологиялық және басқарушылық жетістіктерінің нәтижесінде мұнай өндіру көлемінің ұлғайғанын айтты. Сондай-ақ ол, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялары тобына қосылғаннан кейін компания еңбеккерлерінің әлеуметтік жағынан қорғалуын көздейтін Ұжымдық келісімшартқа алғаш рет қол қойылғанын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» конкурсының «Үздік ұжымдық келісім» номинациясын иеленуі компанияның әлеуметтік саясаттағы жетістігінің дәлелі екенін жиында сөз алған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры А.Айдарбаев мақтанышпен атап өтті.
Қара алтынды барлап, өндіретін, мұнай нарығындағы белсенді һәм беделді ұжымға айналған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы соңғы үш жылда өзінің ресурстық базасын 75 пайызға арттырған.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашев:
– Біз 2004 жылы енді құрылған кезде күніне 96 мың баррель мұнай өндірдік. Қазір күніне шамамен 220 мың баррель мұнай алып отырмыз. Ал егер жасалып жатқан қазіргі келісімдерді есепке алар болсақ, мұнай өндіру қуатымызды күніне шамамен 330 мың баррельге жеткіземіз. Бұған қажет келісімдер аяқталуға жақын. Яғни біздің компанияның барлық көрсеткіштері өсіп келеді. Жаңа активтерді сатып алу, оларды біріктіріп, сіңіру – бұл компанияның басты мақсаттарының бірі. Биылдың өзінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы «Қазақойл-Ақтөбе», «ҚазақТүрікМұнай» және «Маңғыстаумұнайгаз» секілді бірқатар компаниялардағы үлестерді сатып алу секілді маңызды келісімдер жасады. Бір сөзбен айтқанда, бұл компанияның бағыты айқын, болашағы зор.
Біздің компания үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Өзен және Қарамандыбас кен орындары маңындағы жерлерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Ағымдағы жылы Бодрай құрылымында 2200 метр тереңдіктегі іздестіру-барлау ұңғыларын бұрғылау көзделген. Сондай-ақ, біз өзіміз жұмыс істеп жатқан аймақтарға үнемі көңіл бөліп отырамыз. Әсіресе, әлеуметтік салаға. Еңбегіміз еленіп те жатыр, – деп атап көрсетті.
Аталмыш бас қосу барысында 2010 жылғы атқарылған жұмыстар сараланып, өндірістік-шаруашылық қызмет қорытындысы шығарылды, сондай-ақ 2011 жылға жаңа міндеттер бекітілді. Мінберге шыққан ардагер мұнайшылар өз ойларын ортаға салу мақсатында ел тәуелсіздігі жылдарындағы жетістіктер мен қара алтынды игерушілерге жасалып жатқан қамқорлық аясының әлдеқайда жақсарғанын ауыз толтыра айтты. Кейінгі буынға үлгі болып жүрген алдыңғы толқын ағалар, еселі еңбек етуде өнегелі істерімен көрінуін тіледі. Іздерін басып келе жатқан жастар да үн қосты. Бауыржан Исатаев жас мамандар атынан сөз алған компанияда 200-ге таман жастың еңбек ететінін, соның ішінде өзінің де мұнай-газ саласын өркендетуге қосып жүрген үлесі барын мақтан тұтатынын жеткізді. «Қиын да жауапкершілігі мол мамандықты таңдаған соң, соның ыстығына күйіп, суығына тоңу да бақыт екен. «Еңбектің наны тәтті» дегенді енді біліп жатырмын» дейді ол.
«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Елбасының биылғы халыққа Жолдауы жұмысшыларды серпілтіп қана қоймай, жарқын болашаққа деген сенімдерін нықтай түсті. Пікірлері мен ойларын жеткізбек болған еңбек ұжымдары өкілдері Жолдауда айрықша мән берілген халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту, үш басымдық бағыт – білім беру, денсаулық сақтау саласын жақсарту, тілдерді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық сектор, ауыз су төңірегіндегі жұмыстар жайлы да тілге тиек етті. Осыған дейін елімізде атқарылған шаруалар аз емес. Сонда да болашақтағы міндеттер әлі де өшпей, одан да зор болып, жеңісті, жемісті нәтижелеріміз артып, оларды бірлесе жүзеге асырып, бекіте түсу қажеттігі де барлықтарының жадыларынан орын алды.
Зарина АМРАЕВА.