02 Сәуір, 2011

Жастарға махаббат мейрамы керек

599 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Осы күні жастарымыз өзгенің қаңсығын таңсық көретін болды. Ал ондай мереке өзімізде болса несі бар. Иә, махаббатқа да бір ме­реке керек-ақ. Рас, «Еңлік-Ке­бек» күні немесе «Қозы мен Баян» күні болсын, жоқ дегенде «Ға­шықтар күнін» атап өтейік деп әртүрлі ойлар  айтылып-ақ жүр. Ал біздің ойымызша, аталмыш мерекені Махаббат мейрамы деп атаған әрі оны 15 сәуірде той­ла­ған жөн сияқты. Бұл жұмыр бас­ы­мызға тап бүгін ғана жұмыртқа салған идея емес. Осыдан он­шақ­ты жыл бұрын осы жазба иесінің қиялына қауырсын шаншыған атал­­мыш ой «Хабар» агенттігінің аты­нан мыңдаған кө­рер­меннің тал­­қысына ұсынылған болатын. Кейінірек, 2003 жылы «Таң қал­ма­ңыз» жобасының негізінде ар­найы бағдарлама да түсі­ріл­ді. Ән­ші-композитор Сейфуллин Жол­ба­рысқа арнайы ән де жаз­дыр­ған­быз. Содан бері де Махаббат мей­ра­мын насихаттау жо­лын­да ар­найы шаралар ұйымдас­тыр­ма­сақ та, осы күн қарсаңында түрлі бағ­дарламаларда махаббат тақы­ры­бын­да ой қозғап, көрер­мен­ге мерекелік күңіл-күй беруге тыры­сып-ақ жүрміз. Осы арада оқырман, көрер­мен қауымның «...неге наурыз, не­ге мамыр емес» болмаса «...неге сол сәуір айының 14-і немесе 16-сы­ның бірін белгілемеске» деп сауал тастауы әбден мүмкін-ау. Біздің ойымызша, махаббат мерекесі сөзсіз көктем мезгілінде болу керек. Көктем – күллі адамзат үшін сезімнің, шуақтың, шабыт­тың, яғни махаббаттың синонимі секілді. Ал сәуірді таңдауымыздың бір себебі, бұл айда ғарышкерлер күнінен басқа бірде-бір елеулі мереке жоқ. Сәуірдің 15-жұлдызын таңдауы­м­ыз­дың тағы бір себебі, бұл күн көктемнің бел ортасы. Сим­вол­дық жағынан көңілге қонымды. Иә, махаббат мейрамын айту­лы датаға айналдырып, ауқымды түр­де атап өтудің уақыты жеткен сияқ­ты. Сезім мерекесінің қажет­ті­гі сол – кеудесінде жұл­қынған жұдырықтай жүрегі бар адам ішкі лүпілін өзгеге жеткізуге ынтық. Ал кез-келген ұятты пенде жан сырын жайып саларға ұяң келері және рас. Қысқасы, себеп керек. Сал­да­рын маңда­йы­ның бағы білер... Сонымен махаббат атты тыл­сым­­ның жетегінде қыл­шыл­да­ған жігіттер мен уылжыған қыз­дар ғана жүрген жоқ. Жеңгенің ағаға деген тәтті назын, жардың сүйге­ніне деген құштарлығын, ананың балаға деген шексіз мейірімін, тіп­ті ата­ның әжеге деген сыйлас­тығын осы ұғымның аясы­нан тыс­қары әкете алмайсыз. Сол күні іңкәр жүректер жар­қырай ақтарылып жатса, үйде дас­тарқан жайылып, алаңдарда концерттер, сарайларда кештер, телеарналарда думандар өтіп жатса несі бар?! Сыйлыққа қазақша ашық­хат­тар, қазақы кәдесыйлар жолда­нып жатса, шіркін, нағыз мейрам сонда болар ма еді деген қиялы­мыз, анығында баладай мә­пе­леп, болашақтың бір күнінде оң әсеріне куә болсақ деген жос­пары­мыз бар. Хош, сонымен 15 сәуір Махаббат мейрамы болсын. Қолдайық. Жақынымызға мейірім сыйлайық сол күні. Ең бастысы,   дәл осы кү­ні, әрбір адам өз сүйіктісіне жүрек сыры жазылған шағын ашықхат немесе жауқазынның бір шоғын сый­ласа, дәл осы күні, әрбір ер аза­мат өз сүйіктісінің құрметіне кем дегенде бір көшет отырғызса; осы күні, жұртшылық өздеріне ың­ғай­лы уақытта, ыңғайлы жерде (алаң­дарда, стадиондарда) буын биі «Қара жорғаны» билеп, мерекеге жалпыхалықтың сипат берсе нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамыз. Айтпақшы, махаббат мей­рамы ретінде 15-ші сәуірді таң­дауы­мыз­ға әзірге өзіміз ғана білетін тағы да бір себеп бар. Осыны тапқан ал­ғаш­қы екі адамға 77 мың теңгеден екі сыйақымыз бар. (бұған қатыс­ты болжамдарыңызды a_sser@mail.ru  электронды почтасына жіберуге болады). Серік Абас-шах.