Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Роберт Спенсер Оливерді және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы – ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушыларының Арнайы үйлестірушісі Тонино Пицуланы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Әңгіме барысында Қазақстанда өтетін алдағы президенттік сайлаудың мәселесі талқыланды.
– Сізді Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының мазмұнды бағдарламасының толық табысты өтуімен құттықтағым келеді. Мен бұл мәселені Венада біздің соңғы сессиямызда көтерген едім. Бұл – өте маңызды іс-шара. Сондықтан жетпісінші жылдан бері, бұрынғы КСРО-ның құрамында болған бір ғана ел, әлемдегі ең ірі ұйымды толыққанды басқарды. ЕҚЫҰ – көлемі бойынша БҰҰ-дан кейінгі екінші халықаралық ұйым және қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ең үлкен ұйым. Бұрындары біз ЕҚЫҰ-ны «Шығыстан Венаға дейін, Венадан Батысқа дейін» деп жиі айтып келдік. Бүгінде ЕҚЫҰ-ға «Астана Саммитіне дейін және Астана Саммитінен кейін» деп, уақыттың өлшемі бойынша жаңа анықтама беретін уақыт келді. Бұл қозғалысқа Қазақстан және Сіз басшылық жасадыңыздар, – деп атап өтті кездесуде Т.Пицула.
– Мен көптеген сайлауды байқауға қатыстым. Солардың алғашқысы 1994 жылы Қазақстанда өткен сайлау еді. Содан бері мен сіздердің республикаларыңыздан үнемі өрлеу көремін, – деді кездесуде Р. Оливер.
– Біз Парламенттік Ассамблеяның біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздегі және ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізуімізді қолдаудағы рөлін жоғары бағалаймыз. Біз төрағалық кезінде үлкен істер атқардық, саммитті өткізу және декларацияны қабылдау үшін де көптеген жұмыстар жасалды. Он бір жыл бойы мемлекет басшылары деңгейінде бас қоспай келген ЕҚЫҰ-ның қызметін жандандыруға жаңаша серпін бердік деп санаймын, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
– Біз алдағы кезектен тыс президенттік сайлау халықаралық стандарттарға сәйкес өтетініне сенімдіміз, – деді кездесуден кейін журналистерге арналған брифинг барысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы Т.Пицула.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, биылғы жылғы 3 наурызда «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында болғанында, Президент белсенді сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбейтінін, ал мемлекеттік саясатты іске асыруда өзекті мәселелермен айналысатынын атап өткен болатын. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ сайлауалды кезеңде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін атап өткен. Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің назарын сайлау заңнамасын сақтау қажеттігіне аударған. Барлық мемлекеттік билік органдары сайлау науқанының барысына араласпай, тек өз істерімен шұғылданулары керек. Президент Бас прокуратураға заңнаманың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуді, сайлау туралы заңнаманың бұзылғандығы жайлы шағымдар мен өзге өтініштер туралы деректерге жедел назар салып, қандай да бір құқық бұзушылық деректері орын алған жағдайда оны тез арада жойып, бұл ретте принциптілік танытулары қажеттігі туралы тапсырма берген. Мемлекет басшысы сайлауға бақылау жасау және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсеткен.