02 Сәуір, 2011

Сіз не дейсіз?

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
№3 ЭНЕРГОБЛОК ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ МА? Екібастұздан 30 шақы­рым жерде орналасқан ГРЭС-2 стансасы №3 энер­го­блогының құрылысын бас­тау жөніндегі әңгіменің соң­ғы 5-6 жыл бойы ай­ты­лып, ұзаққа созылып кеткені белгілі. Бұл мәселе өткен бір жылдағы Елбасы Жол­дау­ында да арнайы айтылды. Жалпы, бұл энергоблок­ты салу үшін станса әр­қай­сысы 50 пайыздан ак­ция­лар­ға ие ресейліктер мен біздің еліміз Еуропа Қайта құру және даму банкінен қаржы алмақшы болған еді. Бірақ, олар бұл өндірістің эколо­гия­лық талаптарға сай келмейтінін айтып, бас тарт­қан көрінеді. Себебі, стансада жағылатын көмірдің 45 пайызға жуығы күл, қорша­ған ортаға зиян­ды жағы бар екенін эколог­тар да ескерткен сияқты. Ал, қазіргі кезде энергия қауіпсіздігі мәселесі айты­ла бастады. Елбасы тап­­сыр­масымен елімізде «Сол­­түс­тік-Оңтүстік», «Сол­түстік-Батыс» транзит­тік тасымал электр жүйе­­лері де іске қосылды. Бұл жерде ресейліктер Екі­бас­тұздың энергиясымен шекаралас жатқан өз аудан­дарын, ал біздің еліміз оң­түстік өңірлерді толық қам­тығысы келеді. Осыдан біраз бұрын алып стансаға жаңа басшы тағайындал­ды. Жаңа басшылықтың ке­­луіне орай онда енді қан­дай өзгерістер күтілуде? Энер­гоблок салу туралы жөн-жобалар жүзе­ге аса­тын болды ма? «Егемен Қазақстанның» Павлодар облысындағы  тілшісі Фарида Бықай  Екібастұздағы ГРЭС-2 стансасының  басқарма төрағасы Ғани Сәлімжуаровқа: – Сіз бұған не дейсіз?.. – Қазір көптен күткен №3 энергоблоктың құрылысы бас­­талуға жақын. Бұл күн­дері құрылыстың негізгі құжаты дайын тұр. Алып құрылыс­ты бастау үшін Еуразия жә­не Внешэконом­банктер­мен несие алу жөнінде келісімдер жасалған. Сонымен қа­тар, қазір өзіміздің Ха­лық банкінен де несие алу­ға толық мүмкіндігіміз бар. Стансада әзірге 2 энергия блогы жұмыс істеп тұр. Ал­дағы уақытта Үкіметтің жа­са­ған стратегиялық бағдар­ла­ма­сы арқылы келесі №4 энергоблоктың да құрылысы да қолға алынатын болады. 1990 жылы іске қосылған №1, №2 энергоблоктардың әр­қайысысы 500 мегаваттан қуат өндіреді. №3 энерго­блок­тың қуаты бұл екеуінен кем түспейтін болады. Стансада 1600-дей адам еңбек етеді. Жоғарыда айтылған эко­ло­гия мәселесіне келсек, қа­зіргі кезде жұмыс істеп тұр­ған блоктарда атмосфера­ға зиянды заттарды шығаруды азайтатын “Альстом” фирма­сы­ның электрсүзгілері орна­тылды. Ал, №3 энергоблокқа бес қабатты электрсүзгі орнатылады. Қысқасы, жаңа блок құрылысын бастау үшін кедергі жоқ, алда тек қызу жұмыс күтіп тұр. Екібастұз.