Осы мақсатқа облыс бюджетінен 407 миллион теңге бөлінді
Атырауда да азық-түлік өнімдерінің бағасын өрескел өсірмеудің шаралары алынуда. Осы орайда әлеуметтік маңызды азық-түліктерді сатып алу үшін облыс бюджетінен 407 миллион теңге бөлініп отыр. Облыс әкімі Бергей Рысқалиев арнайы өткізілген селекторлық кеңесте хабарлағандай, қаржыны екі оператор игереді. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Асыл Агро» ЖШС бюджеттен бөлінген қаржыға картоп, макарон өнімдерін, қарақұмық жармасын, күріш, қант, өсімдік майын және сарымай, сондай-ақ 100 тонна сиыр етін сатып алуы тиіс. Ал сатып алынған өнімдер азық-түлік жәрмеңкелерінде, 3 базарда және 4 дүкенде 5 пайыздық үстемемен азық-түлік жәрмеңкелерінде сатылатын болады.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшыларының мәліметінше, жақын күндері облысқа 500 тонна картоп жеткізіледі және оның килосы 100 теңгеден жәрмеңкелерде сатылуы көзделіп отыр. Қазір бұл корпорация қоймасына килосы 290 теңгеден 88 тонна қарақұмық жармасы, килосы 110 теңгеден 527 тонна күріш, 200 теңгеден, 365 тонна қант және 272 теңгеден 193 тонна өсімдік майы сатып алынған.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.