Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Польшадан келген байқаушылар – «Польша-Шығыс» ынтымақтастығы қауымдастығының вице-төрағасы Иозеф Брылльмен және Варшава университетінің профессоры Анджей Вержбицкиймен кездесті.
ОСК басшысы оларды сайлауға әзірлік барысынан хабардар етті. Поляк байқаушылары өз кезегінде Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын байқауға берілген мүмкіндік үшін ризашылықтарын білдірді және республика астанасының өздері болған жекелеген сайлау учаскелерінен алған әсерлерімен бөлісті. «Біз Астана қаласының екі сайлау учаскесінде болдық. Комиссия мүшелері сайлауды әзірлеудің барлық мәселелеріне үлкен жауапкершілікпен және кәсіби тұрғыдан қарайтынын көрдік. Демократиялық рәсімдер сақталған. Учаскелер дауыс беру барысын еш кедергісіз байқау үшін толық мүмкіндік жасауды ескере отырып жабдықталған. Учаскелердің дайындығы бізге жақсы әсер қалдырды», – деп атап өтті Иозеф Брылль.
* * *
Сондай-ақ кеше Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары В.Фоос Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары С.Вавиловпен кездесті.
Делегация мүшелері кезектен тыс президенттік сайлауды әзірлеу және өткізу барысымен жан-жақты танысуға, сондай-ақ сайлау заңнамасының кандидаттарды ұсыну мен тіркеу тәртібін, кандидаттардың сайлауалды үгітін қаржыландыруды реттейтін жекелеген ережелеріне қызығушылық танытты. Ал Владимир Фоос Орталық сайлау комиссиясының кезектен тыс президенттік сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысымен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен таныстырып, олардың бірқатар сұрақтарға жауап қайтарды.
– Біз Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясында болдық. Үлкен жұмыс атқарылған. Осындай маңызды сайлауды ел Конституциясы мен сайлау заңнамасына сәйкес өткізу үшін барлық жағдай жасалған, – деді Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.