31 Қаңтар, 2017

«Зергерлік бұйымдардан бренд жасағым келеді»

527 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
зергер Абзал2Зергерлік өнері ісмер­лікпен қоса, асқан табан­дылықты, ыждағат­тылық­ты қажет етеді. Бұл – ауқы­мы жағынан шағын болып көрінгенімен, өте нәзік те күрделі өнер. Осы өнердің қиындығына мойы­май, елге зергерлігімен танылған Абзал Молда­бековпен күр­делі өнердің қыр-сыры тө­ңі­ре­гінде әңгіме­лес­кен едік. – Неліктен зергерлікті таң­дадыңыз және осы өнерге қай кезден бастап қызықтыңыз? – Жалпы, зергерлік өнерге оқушы кезімнен бет бұрдым. Кіш­кентай күнімнен қолдан бір нәр­се жасауға, құрас­тыруға, сурет са­­луға жақын тұр­дым. Үлкен ағам Серік сурет, қолөнер жа­ғы­на бейім болды, атақты Дәр­­кенбай Шоқ­пар­­­ұлынан тә­лім алды. Оқу­шы кезімнен ағам­­ның жанына еріп жүріп, қызығушы­лы­ғым арта бас­тады. Сөйтіп, ағам­ның арқа­сында зер­герлікке біржола бет бұр­дым. – Алтын, күмістерді қайдан алдырасыз, олардың сапасын қалай тексересіз? – Алтын мен күмісті алтын сататын жерден сенімді адамнан аламын. Кейде өзіміз де қоспасы көп металдарды өңдеп жасаймыз. Сапасын арнайы қышқылдармен, әдіс-тәсілдермен тексеремін. – Қазіргі таңда тапсырыс қаншалықты көп? – Тапсырыс әрқашанда бар, үлгермей жататын кездер көп кездеседі. Сол үшін тапсырысты бір ай бұрын немесе он бес күн бұрын қабылдаймын. Қазақы ою-өрнектермен көмкерілген неке жүзіктеріне деген сұраныс өте көп. – Бұйым бағасын қалай анықтайсыз, өз жұмысыңызды лайықты деңгейде бағалаймын деп ойлайсыз ба? – Бұйымның бағасын жасал­ған материалына, уақыты мен ізденісіне және жұмысының қиындығына қарай бағалаймын. Өз жұмысымды жақсы білгендіктен дұрыс бағалайтыныма сенімдімін. Жақсы дүние жасау үшін қолы­мыз не көрмейді, кейде қанайды, күйеді, саусақтың терісі бірге егеледі. Бірақ, ісің біткенде берекесін көресің, рахат сезімге бөленесің. Әділ саудагердің дәрежесі биік болады дейді ғой, біреуге желінсек те, ешкімнің ақысын жеген емеспіз. – Зергерлік бұйымдарыңызға тапсырыс берушілердің барлы­ғының көңілі тола ма? – Көп жұрттың көңілінен шығады деп ойлаймын. Рах­метін айтып, ризашылығын білдіретіндер шоғыры қалың. Алыс қалалардан да арнайы келіп тапсырыс беретіндер де аз емес. – Осы кәсібіңіз сізді асырап отыр ма, яғни өмір бойы осы іс­пен айналысамын деген ние­тіңіз бар ма? – Негізі, пәтер жалдап тұр­масам, кәсібім өзіме жетіп артылар еді деп ойлаймын. Өмір бойы осы кәсіппен айналысу әрі алдағы уақытта шәкірттер тәрбиелеу де ойда бар. Бірақ, материалдық қиындықтар көп нәрсеге қол­байлау. Талай рет басқа салаға ке­тіп қала жаздағанмын... Алайда, жа­нымның қалауы әрі рахаты осы кәсібім деп білемін. – Ұлттық ою-өрнектермен бедерленген бұйымдарыңыз жо­ғары сұранысқа ие ме, әлде басқа стильде жасағаныңыз өтімді ме? – Басты мақсатым – қазақтың зергерлік бұйымдарын әлемдік брендке айналдыру, қазақтарға ғана емес, шетелдіктерге де сұра­ныс туғызатын дүние жасау. Менің бұйымдарым арқылы басқа жұрттар Қазақ елін танитындай дәрежеге жетсем деймін. Сол себепті көбіне ұлттық стиль­дегі бұйымдарды ұсынамын. Тапсырыс берушілер арасында шетелдегі қандастарымыз, сонымен қатар, шетел азаматтары да бар. Түрік, неміс, орыс, амери­калықтарға да тапсырыспен бұйымдар жасағанбыз. – Бір тапсырысты орындауға қанша уақыт жұмсайсыз? – Бірден көз тартар дүние жасау мүмкін емес, күні-түні алтын уақытыңды сарп етесің, бір бұйымды 5-6 рет жасауың мүмкін. Жұмысқа тиянақтылық, тазалық, қайтпас жігер және сабыр керек. Зергерлік – шаңның тозаңындай салмаққа дейін мән беруді талап етеді. Жасап отырған бұйымды жүрекпен, шын ниетпен істесең ғана ерекше шығады. Сондықтан әрқайсысына әртүрлі уақыт жұмсалады. – Алда қандай жоспарла­рыңыз бар? – Келешек жоспарым – бас­пана салу, баспанасыз бизнесің бизнес емес, тапқаныңды далаға шашу. Онсыз жұмысқа толық берілу қиын. Кәсібімдегі басты мақ­сатым – шәкірт тәрбиелеу, үйрен­геніммен бөлісу, алдағы жылы магистратураға оқуға түсіп, оқу орындарында ұстаздық ету де ойымда бар. Сонымен бірге, шебер­хананы үлкейтіп, зергерлік салонымен бірге ашқым келеді. Мүм­кіндігім болса, зергерлік өнер­дің қыр-сырын үйретуге ар­нал­­ған оқулық шығару ойымда бар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Фариза БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»