Қазақстанның Еңбек Ері, ауылшаруашылық саласының білгір маманы, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Иванович Зенченконың еліміздің қарыштап дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Даңғайыр диқанның алға қойған арман-мақсаттары көп болатын. Оның бірі – желкілдеп өсіп келе жатқан жастар үшін бірегей спорт кешенін тұрғызу еді. Серіктестік есебінен мол қаражат қарастырып, құрылыс жұмыстары бастала бергенде, ажал арамыздан беймезгіл алып кетті. «Орнында бар оңалар» деген. Оның ойын шаруашылық тізгінін ұстаған ұлы Геннадий жүзеге асырды.
Новоникольск елді мекенінде денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтеріп, ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Заманауи құрал-жабдықтар орнатылған мұндай кешен қалалық жерлерде де сирек кездеседі десек, артық айтқандық емес. Волейбол мен баскетболға арналған алаңдар, жаттығу залы, әдістемелік, медициналық кабинеттер, шешінетін, жуынатын бөлмелер, бильярд залы, 4 жолақшасы бар 25 метрлік бассейн жұмыс істейді.
– Геннадий Иванович тұрғындардың өмір сапасын, денсаулығын жақсарту мәселесін әркез басты назарда ұстайтын. Әлеуметтік мәселелерге қаржы аямайтын. Осы ғимаратты салуға 240 миллион теңге бөлгізді, – деді өз сөзінде Ерік Хамзаұлы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО