Бүгін таңертеңгі сағат 10.00-де Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов 3 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауының алдын-ала қорытындыларын жариялады. Алдын ала анықталған осы қорытындылардың нәтижесі көрсетіп отырғандай, қазақстандықтардың таңдауы анық та айқын. Барлық облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы бүкіл сайлау комиссияларынан алынған жедел мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы хабарлаған мәліметтер төмендегідей.
Президенттікке кандидаттар Ж.А.Ахметбековке сайлаушылардың 1,4 пайызы, М.Х.Елеусізовке сайлаушылардың 1,2 пайызы, Ғ.Е.Қасымовқа сайлаушылардың 1,9 пайызы, Н.Ә.Назарбаевқа сайлаушылардың 95,5 пайызы дауыс берген.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов бұл әлі сайлаудың түпкілікті қорытындысы емес екенін баса айтты. Хаттамалар толық жинақталып, алғашқы нақты қорытынды шығару үшін сайлау заңнамасы бойынша 2 күн уақыт беріледі. Ал 3 сәуір күні өткен кезектен тыс Президент сайлауының түпкілікті қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялары хаттамаларының негізінде сайлау өткен күннен 7 күн өткен соң, яғни 2011 жылғы 9 сәуірден кешіктірмей хабарлайтын болады.
Алғашқы қорытындылардың өзі айқындап отырғандай, Қазақстан халқының қалауы паш етілді. Әрине, түпкілікті қорытындылар бойынша пайыздық көрсеткіштерде шамалы ауытқулар болатындығы даусыз. Бірақ, тарих алдында өз қалауын айқындаған осынау халық таңдауының енді өзгермейтіні анық. Таңдауынан таймаған халқымызды осынау айтулы оқиғамен құттықтай отырып, болашағымыздың баянды да берекелі болатындығына зор сенім артамыз.
P.S. Бет қатталып жатқанда, яғни бүгін түскі 12-де Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлауда жарқын жеңіске жетуіне арналған жеңімпаздар форумы басталды. Форум жайындағы материалды газеттің ертеңгі нөмірінен оқи аласыздар.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.