Ол оқушылар мүддесіне қызмет етеді
Өскеменде жүзеге асырылайын деп жатқан бұл игі бастама ауылдағы алаңсыз күндерді еріксіз еске түсірді. «Әй, ананың қабаған иті бар. Сол маңнан аулақ жүрші», «Ана көршінің ат қорасына жоламашы, жүгірмек. Теуіп жіберіп жүрмесін», дейтін қамқор әже, жанашыр әке-шеше сөздері қырда өскен жұрттың құлағынан кетпеген болар.
Бұл жобаның мақсат-мұраты да осы. Өскемен қалалық прокуратурасы мен білім бөлімі бірлесе әзірлеген «Қауіпсіз бағыт» аталатын жоба аясында арнайы карта дайындалып жатыр екен. Картада оқушының үйден мектепке, мектептен үйге дейін қандай жолдармен, қандай көшелермен жүру керектігі, оқушы тұратын аудан мен білім алатын мектептің аумағы, сол маңайдағы қауіп тудыруы мүмкін деген орындардың барлығы тайға таңба басқандай көрсетілетін болады. Бұл қандай жерлер? Бұлар – сыраханалар, арақ-шарап сатылатын дүкендер, дұрыс жарықтандырылмайтын аумақтар мен көлік тұрақтарының маңайы.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың дені оқушылар сабаққа бара жатқанда немесе келе жатқанда орын алатынын айтады. Сондықтан бұл жобаның оқушылардың қауіпсіздігіне септігі тиетініне сенімді.
2016 жылдың желтоқсан айында қаланың барлық мектептерінде осы мәселені пысықтау мақсатында ата-аналар кеңесі өткізіліп, білім ұйымдарының өкілдері полицейлермен бірге мектепке дейінгі қауіпсіз бағыттардың жобасын әзірлепті. Жоба авторларының сөзіне сенсек, бұл карта шаһардағы әр мектептің оқушысына тапсырылады. Яғни, бірде-бір оқушы назардан тыс қалмайды. Арнайы әзірленген карта қолайлы болу үшін оқушының күнделігіне жапсырылмақ.
Бұл жобаның тағы бір тиімді тұсы бар. Шаһардағы оқушылар үшін қауіпті деген жерлерге қатысты жинақталған деректер негізінде «Қала мектептерінің картасы» әзірленбек. Қала билігі осы карта арқылы кейбір көшелерге жарық орнатып, шаһардың кейбір тұстарындағы қалың ағаштарды кесу секілді жұмыстарды жүргізуді көздеп отыр.
– Балалардың тәрбиесіне неге мектеп қана жауап беруі керек? Бұл мәселеге қоғам болып атсалысуымыз қажет деп жиі айтып жүретін едім. Міне, енді осы мәселеге құзырлы орындармен бірге біздің де атсалысып жатқан жайымыз бар. Қаладағы оқушыларға қолайсыз жерлердің барлығын ата-аналармен бірге мұқият зерттедік. Бейнекамера орнататын орындарды да анықтадық. Қақпағы ашық жатқан люктер мен иесіз үйлерге дейін бірін қалдырмай картаға енгіздік. Өйткені, баланың қауіпсіздігі мәселесіне келгенде ұсақ-түйек, үлкен-кіші деген дүние болмауы керек, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова.
Қалалық білім бөлімінің басшысы картаны әзірлеу барысында Өскеменде жарықтандырылуға тиіс 1362 орынды анықтағандарын айтады. Егер жоба сәтімен жүзеге асатын болса, қаладағы оқушылардың қауіпсіздігімен қатар, кейбір тұрғындарды әуре-сарсаңға салып жүрген көшелерді жарықтандыру, тағы да басқа өзекті мәселелер өз шешімін табатын болады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Өскемен