Көп пәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі электр энергиясы үшін ақы алу мақсатында «үйдің жалпы шығыны үшін» деген атауды түбіртекке кіргізіп қойған жекеменшік пәтер иелері кооперативтері өздеріне тиесілі жауапкершілікті тұрғындардың мойнына артып қойғысы келеді. Осы мәселе туралы шағымданған тұрғындардың арызы «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының отырысында қаралды.
Дәл осы іспетті жүктемені 20 шақты жекеменшік пәтер иелері кооперативтері енгізген. Ал партияға арызданған тұрғындар ПИК-тердің келісім жасамағанын айтады. Жиынға ТҮКШ бөлімінің мамандары, тұрғын үй инспекциясы, «Шығысэнерготрейд» компаниясының, ПИК қауымдастығы мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Түбіртекке «үйдің жалпы шығыны үшін» деп жазылғандықтан энергетика мамандары тұрғындарды артығымен ақы төлеуге мәжбүр еткен. Тіпті, электр энергиясымен қамтушы мекеме, кейбір тұрғындарға үйдің кіреберісіндегі жарық үшін, яғни жеделсаты жұмыстарымен жарықтандыруға қатысты да есеп жібере бастады. Бұл түбіртектегі жазбаны энергетиктер қарыздары үшін жарық көзінен ажырата бастағанда, өздері ақы төлемеген үйлердің кооперативтері ойлап тапқаны белгілі болды. Осындай айлакерлікпен ПИК-тер өз шығындарын тұрғындар мойнына артпақ болған.
– Бізге түбіртектегі қосымшаны ПИК қауымдастығының өкілдері, осы мәселені шешудің бірден-бір бағыты деп ұсынды, – дейді «Шығысэнерготрейд» ЖШС Семей өңірі бойынша өндіру басқармасының директоры Светлана Винтер. – Сондықтан да тұрғын үй қатынастары туралы заңға қарап, ПИК-тердің хаттамаларына арқа сүйей келе, көп пәтерлі үйлердегі немесе жеке үйлер, яки ПИК-тері жоқ үйлердегі шаршы метрлерді есептей келе, шыққан шығынды бүкіл үйге бөліп беріп, «үйдің жалпы шығыны үшін» деген жазбаны түбіртекке енгізіп қойған болатынбыз.
Қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің жетекшісі Николай Исаевтың айтуынша, бұл үшін тұрғындардың барлығы бірауыздан келісуі керек болған. Ал «Нұр Отан» партиясына арызданған тұрғындардың айтуынша, ешкім келісім бермеген. Сондықтан да тұрғындардың арызданбаған жерлері жоқ. Бір қызығы, 20 ПИК-тің әрқайсысы қаладағы ең ірі жекеменшік пәтер иелері кооперативтері, оларға қаладағы ең көп пәтерлі тұрғын үйлер қарайды. Тұрғындардың айтуынша, «үйдің жалпы шығыны үшін» дегенге ақша төлегенмен, қосымша кіреберістегі жарық, жеделсаты ақысын бұрынғыдай тағы да төлеп отырған. Яғни, бірде-бір пәтер иелері кооперативі жалпы үй қызметі мен жеделсаты үшін электр жарығына жүктеген төлемнен, не пайдаланылған қажеттіліктер құнынан, не жеделсаты ақысының құнынан бұл ақшаны шегермеген.
– Мен ПИК қауымдастығының заңгерлеріне бір ауыз сөз айтқым келеді, – деді «Нұр Отанның» Семейдегі филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалтдинова, – ПИК-тер әу баста сіздерден құқық саласы бойынша қалай істеу, не істеу керектігі жөнінде көмек сұраған шығар? Сіздер неге ПИК басшыларына бұлай істеу заңға қайшы әрекет болады деп түсіндірмедіңіздер. Адамдар қол қоймаса, жиналысқа қатыспаса мұндай шешім шығару заңға қайшы әрекет.
Жиынға қатысушылар да өз пікірлерлерін жеткізді. Айталық, бір саладан екіншіге ауысқанда, төлемнің ауысу тәртібін тексеру керек. Пәтер иелері кооперативі өздеріне жүктелген сенімді ақтамады. Оған таусылмайтын келеңсіздіктер дәлел. Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастарын реттеуге мемлекеттің мүлде қатыспауы мәселені ушықтыра түсті.
Заңгер Қайрат Тастекеев ПИК-терді қайта құру немесе жергілікті әкімшіліктің қарауына беру керектігін айтты. Яғни, бақылаусыз қалғандықтан аталған проблемалар орын алды. Қаржылық жағдайын тексеретін аудиторлық компания жоқ. ПИК жетекшілері жертөледе су, жылу құбырлары істен шықса артық ақша жоқ деуге үйреніп алған.
Жиын соңында партия өкілдері Мәжіліс депутаттарына ПИК-тер туралы заңнаманы қайта қарастыру жөнінде өтініш жолдауға шешім қабылдады. ПИК-тердің Семейде ойлап тапқан «жаңа түбіртегімен» прокуратура айналысатын болды.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ