Кеше
Батыс Қазақстан облысы кеңестік Қазақстанның өндірісті өңірінен саналатын. Жеңіл өнеркәсіп саласында Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасының атағы Одаққа дәуірлеп тұрді. Ерлер костюмін, күрте мен әйелдердің қыстық киімдерін тігетін кәсіпорын 1989 жылы Жапония, АҚШ, Италия және Францияның өнімділігі жоғары құрал-жабдығымен жасақталып, жылына 1 млн 230 мың дана тігін өнімдерін шығарған. Сондай-ақ, 1924 жылы байпақ-киіз басу фабрикасы ретінде құрылған «Аяз» кәсіпорны да жылына 240 мың жұп байпақ пен 240 тонна техникалық киіз басу қуатына ие болған. Халықаралық көрмелерде аса жоғары бағаланған қаракөл елтірісін айтпағанда, Орал қаласының өзінде мал терісін өңдейтін «Землячка», «Тері-шикізат зауыты», «Мех комбинаты» секілді кәсіпорындар болған. Жоғарыда аталғандардан қазір қалғаны – «Аяз» ЖШС ғана. Пима, резеңке табанды байпақ, металл сүйекті киіз үй, т.б. өнім шығаратын кәсіпорын әзір банкроттықтан аман. Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, «Аяз» ЖШС-да 2016 жылдың қорытындысы бойынша жүннен басылған аяқ киім өндірісі 2015 жылға қарағанда 2 есеге ұлғайған. Ал кезінде 1300 адамға дейін қызмет еткен тігін фабрикасының ізі де жоқ. Оралдың орталық көшесінде тұрған фабрика ғимараты бүгінде сауда орталығына айналған...Бүгін
Батыс Қазақстан облысының статистика департаментінің деректеріне қарағанда, өңірде өткен жылы 1620,0 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бірақ мұның негізгі бөлігі, яғни 1437,5 млрд теңгесі кен игеруге тиесілі. Өңдеу өнеркәсібінде барлығы 128,8 млрд теңгенің өнімі алынған. Ет және ұқсас өнімдер өндірісінің көлемі 19,5 пайызға өсіп, жыл ішінде 42,2 млрд теңгенің тамақ өнімдері, 1,5 млрд теңгенің сусыны өндіріліпті. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінің 34 пайызы дәл осы тамақ өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Дегенмен, жеңіл өнеркәсіптің жағдайы жақсы емес. Бұл салада 2016 жылдың өндіріс көлемі 845,8 млн теңгеге бағаланған. 2015 жылмен салыстырғанның өзінде тоқыма бұйымдарын өндіру 62,4 пайызды, киім өндіру 83,7 пайызды ғана құрады. Батыс Қазақстан облысы әуелден мал шаруашылығы басымдыққа ие өңір саналады. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ірі қара мал басының саны 496,2 мың, қой – 960,3 мың, ешкі – 191,6 мың, жылқы – 146,5 мың, шошқа – 25,4 мың, түйе – 2,7 мың, құс 934,1 мың болған. Көріп отырғанымыздай, негізгі түліктердің өсуі байқалады. Дегенмен, тұрғындар бағып отырған малының етін ғана саудалайды. Малдың терісі, қойдың жүні ондаған жылдан бері керексіз та- уар болып қалған. Ауылдағы мал баққан ағайын жылына екі рет қырқып алатын қойының жүнін далаға тастайды. Себеп біреу – жүн алатын орындар жоқ, болса да жүн бағасы өте арзан. Қалаға алып келіп, тапсырған уақытың мен шығыныңа тұрмайды. Мал терісі де солай – соғым науқанында сиыр терісі саудаланатыны болмаса, қалған терінің қызығын ит пен күйе-көбелек көріп жатыр...Ертең
Әрине, жеңіл өнеркәсіптің мұншалық ауыр халі мамандар мен сала басшыларын ойландырмай қоймайды. – 2016 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы сомасы 845,9 млн теңгенің өнімі өндірілді. Аталған саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі небәрі 0,6 пайызды құрайды, – дейді Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өнеркәсіп бөлімінің жетекшісі Тұрсын Өтебаева. Дегенмен, бұл салада қазір қызмет етіп жүрген негізгі кәсіпорындар өндіріс көлемін арттырған. Жоғарыда айтқандай,«Аяз» ЖШС негізінде өндірілетін жүннен басылған аяқ киім өндірісі 2 есеге ұлғайса, «Надежда» ТТФ» ЖШС-да жұмыс киімін шығару көлемі 10,2 пайызға өсіпті. Соңғысы шығаратын өнім түрін көбейтпек көрінеді. Осы мақсатта алда уақытта Ресей елінің жабдықтарын тасымалдап, қайта жаңғырту жүргізуді жоспарлауда. Осымен бірге, кәсіпорын дуалды жүйе бойында шет елдердің мамандарын тарта отырып, кадрларды даярлауға атсалыспақ. Аталған сала кәсіпорындарына мемлекеттік бағдарламалар аясында төмендегідей қолдау көрсетілуде. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 2016 жылы екі жеке кәсіпкер – «Молдашева» ЖК «Қой жүнін қайта өңдеу», «Жанаргуль» ЖК «Сувенирлер даярлау» жобаларын ұсынып, грантқа ие болды. – Жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар қазіргі таңда қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Өнімділік-2020» бағдарламасы шеңберінде өндірісті қайта жаңғыртуға дайын. Алайда, сала кәсіпорындары үшін бағдарлама шарттары тым күрделі, өйткені сала негізін шағын және орта кәсіпорындар құрайды ғой, – дейді тағы Тұрсын Фазылғалиқызы. Өңірдегі өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорындарының мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында облыста инвестициялық шаралар: форумдар, көрмелер, конференциялар ұйымдастырылады. 2016 жылдың қыркүйек айында өткен «WESTKAZ INVEST» халықаралық форумына Ресейдің шекаралас аймақтар кәсіпкерлері де белсенді қатысты. Осы жұмыстардың нәтижесінде аталған сала кәсіпорындарымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мысалы, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында «Пош РУНО» компаниясы 2016 жылдың аяғында тері өңдеу бойынша тың жобаны іске қосты. Испан компаниясының жабдықтары орнатылатын бұл кәсіпорын жылына 182 мың дана ірі қара мал терісін, 624 шағын қара мал терісін өңдемек. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар кездесетін негізгі қиындық мынау: отандық кәсіпорын өнімдері бағасы арзан, сапасы төмен шетелдік, соның ішінде қытайлық тауарлармен бәсекелесе алмайды. «Бұл мәселені шешу және отандық жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту үшін мұндай кәсіпорындарды кемінде 3 жылдық кепілдендірілген мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ету қажет. Соның ішінде күштік құрылымдар, денсаулық сақтау объектілері және білім беру саласы сияқты құрылымдардың тапсырысы отандық кәсіпорындарға берілуі тиіс. Өйткені, біздің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары әзірге әлсіз, өзіндік бос қаражаты болмағандықтан, несие тарту қиындық туғызады», дейді Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Сапарғалиев.Түйін
Биыл кәсіпкерлік саласындағы азаматтар үшін мүмкіндік көп. 2017 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Даму» қоры 1,5 млрд теңге қаржы бөліп, ол сома қала мен аудандарға 8,5 пайызбен несие ретінде берілмек. Әр кәсіпорынның 50 млн теңгеге дейін шекті мөлшерде қаржы алуына мүмкіндік туады. Ал облыс әкімдігі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы 600 млн теңге бөліп, аудандарға 7 пайызбен несие қарастырмақ. Аудандық кәсіпорындарға берілетін қаржының көлемі – 18 млн теңгеге дейін.Сондай-ақ, биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдауға 1,6 млрд теңге қаржы қарастырылған. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы