Елбасының Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бүкіл елімізде қызу талқыланып жатыр. Бұл халық көптен күткен өзгерістер болмақ.
Еліміз жылдан-жылға зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атануымыздың өзі үлкен жетістік. Универсиада өтіп жатыр. Жазда ЭКСПО қанатын жаяды. Қазақстанның дүниежүзілік маңызы бар істерге араласуы алдыңғы қатарлы дамыған демократиялық құқықтық мемлекет екендігін көрсетеді.
Бұл заң жобасында президенттік өкілеттіктің біраз функциясын Үкіметке беру, Парламент жұмысын жақсарту, сонымен бірге, сот, прокуратура органдарының жұмысын жетілдіру сияқты үлкен ұсыныстар айтылып отыр. Ең бірінші, меншік құқығына заңда, Конституцияда көрсетілген түзетулер енгізілген. Енді қандай да бір жекеменшік мүлік мемлекеттің құқықтық қорғауында болып, оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейді. Бұл адал еңбекпен меншік құқығына ие болған азаматтардың мемлекетті дамытуға деген үлесін құқықтық актілер арқылы жетілдіру болып табылады.
Сонымен қатар, мұрагерлік құқық мәселесі де тұңғыш рет көрсетіліп отыр. Осы заң жобасына сәйкес, Парламент Мәжілісіне бұрын болмаған жаңа заңдар енгізілген екен. Мысалы, бізде бірнеше саяси партия бар. Заң бойынша, қай партия сайлауда жеңеді, сол партияның үкімет құруға деген құқығы көрсетіліп отыр. Партияның үкімет құруы, премьер-министрдің кандидатына ұсыныс
жасауы, бұрынғы үкіметтің орнынан кетуі, осының бәрі көрсетілген. Тағы бір ерекше мәселе, үкімет бір премьер-министрдің орынтағынан тұрмайды ғой. Оның ішінде Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі деген екі министрлікті мемлекеттің мүддесіне сәйкес тек қана Президент сайлайды. Үкімет бұл мәселеге араласпайтын болады.
Содан кейін азаматтардың құқығы, бостандығы, қауіпсіздік мәселелерінің бәрі Конституциялық Кеңестің, Үкіметтің құқықтық функцияларында белгіленген. Мемлекет басшысы өзінің әлеуметтік-экономикалық қызметтерінің көпшілігін Үкіметке тапсырып отыр, бұл Үкіметтің жауапкершілігін арттыра түспек. Үкімет мүшелері белгілеген қызметтерін атқарып, Парламент алдында жауап береді. Егер ондай жауапкершілікті атқара алмаса, Парламент депутаттарының көпшілік дауысымен жаңа жоба бойынша оларды қызметтерінен алып немесе ауыстырып жіберуге қақысы бар.
Біз – президенттік мемлекетпіз. Өйткені, Үкімет қай уақытта да Президенттің саяси бағытын, экономикалық-әлеуметтік реформаларын реттеп, атқарып отырады. Сондықтан Президент биліктен ығысып қалады деген мәселе тумайды. Президент өзіне тиесілі қызметтердің біразын Үкіметке тапсыру арқылы, олардың функциялық қабілеттерін тексеріп, олардың халық алдында қалай жұмыс істеп отырғандығына баға беру жүйесін арттырады.
25 жылда біз өзіміздің тәуелсіз мемлекет екенімізді, жеке заң қабылдауға қабілетті екенімізді көрсеттік. Конституция бойынша біз зайырлы құқықтық-демократиялық мемлекет болып табылатындықтан, шыққан заңдарға Парламент дер кезінде түсініктеме беріп, неге өзгертілді, қандай жаңалықтары бар, соны халыққа жеткізіп, кеңірек таныстырып, мағынасын ашып көрсетіп отыруы керек. Екіншіден, Парламенттің өзі Мәжіліс және Сенат деген екі палатадан тұрады ғой. Олардың әрқайсысының Конституцияда көрсетілген өз өкілеттіктері бар. Ал заң қабылдағанда да осындай терминдерге абай болу керек. Мысалы, мына заң жобасындағы 77-баптың екінші тармағында және 64-баптың екінші тармағында былай деп көрсетілген:
«Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты». Бұл жерде «Президенттің алдында» дегені түсінікті, бірақ «Парламент мәжілісі мен Парламенттің алдында жауапты» деген сөз маған түсініксіз болып тұр. Өйткені, Парламент біреу-ақ. Оның палатасы екеу: Мәжіліс және Сенат. Сондықтан бұл жерде «Парламент алдында жауапты» десе жетіп жатыр. Немесе бөліп, анықтап жазса болар еді. Міне, осындай заң шығару органдарында терминологиялық қателіктерге жол бермеу керек.
Содан кейін соттардың, прокуратура органдарының функцияларына да біраз өзгерістер енген. Енді қазір біздің сот жүйемізде үш сатылы сот құрылды. Ондай соттар сирек кездеседі. Үш сатылы сот тез әрі әділетті түрде шешім қабылдауға жағдай жасайды. Дегенмен де, Жоғарғы сотта бұрын қадағалау функциясы деген бар еді. Оны алып тастап жатырмыз. Мұнда бірінші саты апелляциялық-кассациялық сот болып тұр. Ал қадағалау функциясы Жоғарғы сотта қалу керек еді. Өйткені, кассациялық тәртіппен қаралмайтын істер бар, қаралатын істер бар. Олар заңды күшіне енген сот үкімдері, жарлықтарының бәрін Жоғарғы соттың қадағалау сатысы ретінде қарау құқығы сақталар еді. Қадағалау сатысын алып тастасақ, кассациялық инстанциядан өткеннен кейін ешқандай іс қаралмай ма деген сұрақ туындайды.
Содан соң прокуратура органдарының да функциясын арттыру керек. Қазір сотта қаралатын көп істерге прокурорлар қатыспайтын болды. Меніңше, прокурорлардың сотта қаралатын істерге заңдылықтың сақталуын қадағалаушы мемлекеттік орган өкілі ретінде қатысуы дұрыс болар еді. Егер олар қатыспаса, заңдылықтың бұзылғандығын қалай анықтайды деген ой туады. Бұл – менің жеке пікірім. Ол жағына тиісті органдар пікірін айта жатар.
Конституция жыл сайын өзгермейді ғой. Бұл – сирек орын алатын құбылыс. Жалпы, бұл конституциялық өзгерістер мен толықтырулар біздің еліміздің демократиялық жолмен дамығандығын, заңдылықты бетке ұстайтындығымызды көрсетеді. Және Президенттің осы мәселеге саналы түрде назар аударып отырғандығын айғақтайды. Келешекте халықтың ғылыми, экономикалық, құқықтық сауатының арта түсуіне үлкен жол ашылады.
Билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жайында жарияланған Үндеу Қазақстан халқы Ассамблеясында, министрліктерде, барлық еңбек ұжымдарында кеңінен талқылану үстінде. Және тиісті конституциялық өзгерістер мен толықтырулар туралы ұсыныс-пікірлер Президент Әкімшілігіне жіберілуі керек. Бұл да оңай жұмыс емес. Осы талқылаулардың нәтижесін қорытындылайтын Конституциялық Кеңеске де үлкен жұмыс істеу керек болады. Қысқасы, еліміздің барлық азаматтары өзінің конституциялық құқығын жүзеге асыру мақсатында осы өзгерістер мен толықтыруларға пікірлерін білдірсе, құп болар еді.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
заң ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ