04 Сәуір, 2011

Ең көп дауыс жинаған кім?

519 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше өткен кезектен тыс президенттік сайлау кезінде әрбір сайлау учаскесінің шыға берісінде дауыс беріп шыққан адамдармен алдын-ала сауалдама жүргізілген болатын. Онда әрбір адамға президенттікке кандидаттардың қайсысына өз дауы­сыңызды бердіңіз деген сұрақ қойылды. Осы сауал­даманы жүргізген «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассо­циациясының жобалар жөніндегі директоры Юлия Кучинская exit-poll нәтижесін хабарлады. Мұндай кең ауқымды зерттеу жүргізу аталған инсти­туттың бастамасы болып табылады және ол институттың өз қаражаты есебінен волонтерлерді тарта отырып жүзеге асы­рылды. Зерттеу барысында Қазақстанның 14 облысынан,  сон­дай-ақ Астана және Алматы қалаларынан 50 мың сай­лау­шыға жоғарыдағыдай бір ғана сауал қойылды. Жалпы, сауалдама 333 сайлау учаскесінде жүргізілді, оның ішінде 193-і қалада, 140-ы ауылда өтті. Мұнда қателік коэф­фиценті, институт атап өткендей, ± 0,44 пайызды құраған. Сауалдама қорытындысы бойынша дауыс беруге келген сайлаушылар 90,5 пайызды құраған. Қорытындылай келгенде сауалдамаға қатысқандардың басым бөлігі, яғни 95,1 пайызы өз дауыстарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевқа берген. Екінші орындағы Ғани Есенгелдіұлы Қа­сы­мов 2,1 пайыз дауыс жинаған. Exit-poll мәліметтері бойынша сай­лаушылардың 1,5 пайызы Мэлс Хамзаұлы Елеусізовке өз дау­ыстарын берген. Ал сауалдамаға қатысқан­дардың 1,3 пайызы Жамбыл Аужанұлы Ахметбековке дауыс бердік деп мәлімдеген.