Арқаның сәби мінезіндей сәт сайын өзгеретін құбылмалы ауа райы бүгін тағы тосын мінез танытып, сәуір таңын аппақ қармен көмкеріп өтті. Сүттей таза ақ қарға малынған ару Астана таң шапағымен ажарлана құлпырып, ақтық пен пәктіктің салтанатын паш еткендей. Ел тілегі бір мақсат, бір мүддеге топтасқан бүгінгідей айтулы саяси оқиға тұсында Табиғат-ана да көп тілегін құптағандай, болашағымыздың баянды да берекелі болатындығын айғақтап, аспаннан ақ нұрын төгіп тұр. Бүгін тәуелсіз Қазақ елінде үлкен саяси оқиға – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы. Күн жексенбі болса да елорда бүгін ерте ояныпты. Таң бозымен таласа қарбаласқан қаладағы барлық сайлау учаскелері есіктерін айқара ашып, қар жамылған қала көшелерімен сықырлай басқан сайлаушыларын қабылдай бастады. Сайлау хроникасы мынандай.
3 сәуір, сағат таңғы 7.00. Орталық сайлау комиссиясындағы баспасөз орталығына асығып, алдын ала дауыс беріп үлгеру ниетімен Астана қаласы күйші Дина атындағы көшеде орналасқан №50 мектептегі өз сайлау учаскеме келдім. Жұмыс бабымен асыққандықтан елдің алды мен боламын-ау деген ойымның қателігіне учаске табалдырығын аттағанда көзім жетті. Көптен білетін Астана қаласының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері, бар өмірін бала тәрбиесімен өткізген ұстаз Еркін Дәуешов ағамыз қарсы жолықты. «Ой, аға, сіз дауыс беріп үлгердіңіз бе?» дедім жөпелдемеде сөз таппағандай. «Ертеден-ақ бойға сіңген дәстүр ғой. Осы ғұмырымда қаншама сайлау өтсе де бірінші болып дауыс беруге асығамын. Оның бер жағында ел болашағы айқындалып, президентіміз сайланып жатқанда қайтіп үйде тыныш жата аламын», деді Еркін ағамыз ағынан жарылып. Абыз ағаның қалтқысыз айтқан ақ тілегі мені де тебірентіп жіберді. Сол толқу үстінде Орталық сайлау комиссиясы орналасқан ғимаратқа келдім.
Орталық сайлау комиссиясы қоныстанған көпқабатты ғимарат іші де қарбаласқа толған. Ғимараттың үлкен залын жайлаған баспасөз орталығының жұмысы да таң бозынан басталып кетіпті. Баспасөз орталығы БАҚ өкілдеріне қажетті техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ғаламтор жүйесіне қосылған ондаған компьютерлер арқылы жүздеген журналист төрткүл дүниенің төрт бұрышына Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы барысы жөнінде хабар таратуда. Елімізде өтіп жатқан сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуге еліміздегі БАҚ-тардың жүздеген өкілдерінен басқа 212 шетелден келген журналистер де жұмылыпты.
Сағат таңертеңгі 9.00. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Болат Мелдешов баспасөз орталығында жұмыс істеп жатқан журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, елімізде 3 сәуір күні таңғы 7.00-ден бастап 9725 сайлау учаскесі өз жұмысын бастаған. Оның ішінде 35 сайлау учаскесі шет мемлекеттерде ашылған. Бұл сайлау учаскелері бойынша қазір шетелдерде жүрген 14 мыңнан астам қазақстандық дауыс береді деп күтілуде. Еліміздегі және шетелдердегі сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалынған.
Сағат таңертегі 9.30. Біз Орталық сайлау комиссиясының мүшесі
Татьяна Охлопкованы әңгімеге тарттық.
– Татьяна Васильевна, елімізде дауыс беру құқы бар қанша сайлаушы тіркелген?
– Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауының дауыс берушілер тізіміне 9181673 сайлаушы тіркелген.
– Сіздің ойыңызша, елімізде өткен 2005 жылғы Президент сайлауы мен бүгінгі өтіп жатқан кезектен тыс сайлаудың қаншалықты айырмашылығы бар?
– Бұл жолғы сайлауға біздің еліміз әлеуметтік-экономикалық үлкен жетістіктермен, саяси тұрақтылық және республика халқының ұйыған береке-бірлігі жағдайында келіп отыр. 2005 жылғы сайлауда 18 кандидат ұсынылса, бұл жолғы президенттік сайлауға 22 кандидат ұсынылды. Биылғы сайлауға қатысып отырған шетелдік байқаушылар қарасы да мол. Қазір сайлау барысын арнайы тіркелген 1059 шетелдік байқаушылар бақылап отыр. Шетелдік байқаушылар Астана, Алматы қалаларында және Павлодар облысында көп шоғырланған. Сонымен бірге биылғы сайлауда біз «Сайлау» электрондық жүйесін қолданғанымыз жоқ.
– Астана қаласындағы сайлау учаскелері туралы не айтасыз?
– Астана қаласында биылғы сайлауда 218 сайлау учаскесі дауыс берушілерге қызмет көрсетуде. Оның ішінде 35 шетелде ашылған сайлау учаскесі Астана қаласының тізіміне кіреді. Бұл сайлау учаскелерінің бәрі жоғары талап тұрғысында жабдықталған.
10.00. Сағат 10.00. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос баспасөз мәслихатын өткізіп, дауыс берудің алғашқы қорытындыларын жариялады. Оның айтуынша, дауыс беру рәсімі басталған үш сағат ішінде еліміз бойынша 1666956 адам дауыс беріп үлгеріпті. Өңірлер бойынша Батыс Қазақстан облысы ерекше белсенділік танытып, алғашқы сағаттарда барлық сайлаушылардың 27,2 пайызы дауыс беріпті. Одан кейінгі кезекте Солтүстік Қазақстан облысы – 26,5, Алматы облысы – 25,2, Қостанай облысы – 24,8 болып жалғасады.
(Еліміздің өңірлері бойынша сағат таңертеңгі 10.00-ден 20.00-ге дейінгі дауыс беру жөніндегі толық ақпаратты газетімізде беріліп отырған кестеден көруге болады).
11.00. Сағат 11.00. Ақпараттар ағыны тасқындап жатқан баспасөз орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының барысын бақылап жүрген байқаушылар легі де толастар емес. Біз ТМД байқаушылар миссиясының өкілі
Александр Бродтың елімізде өтіп жатқан саяси науқан туралы пікірін сұрадық.
– Александр Семенович, сіздің байқаушылық тәжірибеңіз қанша, бұл жолы бақылау тәсілін қалай жүргізіп жатырсыздар?
– Менің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылары құрамындағы миссияда бірінші рет болуым. Таңертеңнен бері Астана қаласының бірқатар сайлау учаскесінде және қалаға жақын қоныстанған Жібек жолы ауылындағы сайлау учаскесінде болдым. Менің бір байқағаным, Қазақстан елінің сайлаушылары бүгін ерекше белсенділік танытуда. Ақиқатын айтсам, мен бұдан бұрын да Ресей Федерациясы аумағында өткен талай сайлау науқандарына қатысып жүрмін. Бірақ, бүгінгідей белсенділікті байқай алмағандығымды ашық айтқым келеді. Біз Жібек жолы ауылында болғанымызда, сайлау науқанының нағыз мереке ретінде ұйымдастырылып жатқанына куә болдық. Ауылдағы орта мектептің үлкен ғимаратында мерекелік ахуал, арнайы ұйымдастырылған жәрмеңке, толассыз төгілген ән әуезі бізді ерекше бір көңілге бөледі.
Сайлау учаскесі мүшелерімен бірге біз жылжымалы дауыс беру жәшігін алып, 89 жастағы Ұлы Отан соғысына қатысушының үйінде болдық. Ардагердің үйінде де Қазақстан Республикасында салтанат құрған бүгінгі мереке ахуалы айрықша білініп тұрды.
– Халықаралық байқаушы ретінде республикамыздағы жас сайлаушылардың бүгінгі саяси шараға қатысуы туралы не айтасыз?
– Осы уақытқа дейін біз Астана қаласында орналасқан екі университеттегі сайлау учаскесінде болдық. Ақиқатын айтсам, Қазақстан Республикасының жастары өте жоғары қоғамдық және саяси белсенділік танытуда. Мен университеттерде болған кезде жастардың өте жоғары белсенділігіне куә болдым. Жоғары оқу орындарының қабырғасында қалыптасқан еркін мәдени музыкалық шаралар адамдарды еріксіз баурап, бүгінгі мерекелік рухқа риясыз баурағандай ахуал қалыптасқан. Тағы бір байқағаным, жоғары оқу орындарының қабырғасында жас сайлаушыларға деген ілтипат пен ерекше көңіл ешкімді де қағыс қалдыра алмайды. Жоғары оқу орындарында алғаш рет дауыс берушілерге арналған мәдени шаралар ұйымдастырылған. Бірінші рет дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар тапсырылып, осы күнді жас буынның есінде қалдыру мақсатында ерекше жағдайлар жасалған.
12.00. Сағат 12.00. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі
Ләззат Сүлейменнің айтуы бойынша, тал түске дейін Қазақстандағы 9181673 сайлаушының 3699978-і дауыс беріп үлгеріпті. Бұл республикамызда тіркелген барлық сайлаушының 40,3 пайызын құрайды. Ақиқатын айтсақ, мұндай белсенділік кешегі көрсеткіштің бәрін қолдан жасайтын кеңестік кезеңде де болып көрмеген. Бес сағаттың ішінде бүкіл сайлаушының 40 пайыздан астамының дауыс беруі, бұл Қазақстан халқының ерекше белсенділігін, болашаққа деген зор сенімін, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» дегендей бірлігін көрсетсе керек! Өңірлер бойынша айтатын болсақ, бұл жолы Алматы облысының жұртшылығы ерекше белсенділік танытты. Тал түске дейін Алматы облысының 60 пайыздан астам халқы ел болашағы үшін дауыс берді. Келесі кезекте 55,4 пайыз көрсеткішпен Қостанай облысы, 50,8 пайыз көрсеткішпен Ақмола облысы мәреден көрінді.
13.30. Сағат 13.30. Көзіқарақты оқырман биылғы кезектен тыс президенттік сайлау қарсаңында елімізде алғаш рет тәуелсіз байқаушылар институты құрылғанынан хабардар болар. Біз Қазақстанда жұмыс істеп жатқан республикалық тәуелсіз байқаушылар комиссиясы тең төрағаларының орынбасары
Досмұхамед Нұр-Ахмет мырзаны әңгімеге тарттық.
– Досмұхамед мырза, биылғы сайлау науқаны қарсаңында саясат сахнасына шыққан тәуелсіз байқаушылар комиссиясы туралы не айтасыз?
– Қалыптасқан тәжірибе бойынша кез келген сайлау науқанының байқаушыларсыз өтпейтіні белгілі. Осыдан бұрын өткен, яғни 2005 жылғы президенттік сайлауда Қуаныш Сұлтанов басқарған тәуелсіз байқаушылар комитеті жұмыс істегенін білесіздер. Биыл біз өтіп жатқан кезектен тыс президенттік сайлаудың маңыздылығын ескере келіп, республикалық тәуелсіз байқаушылар комиссиясын құрдық. Ол алғаш рет республикалық қоғамдық ұйым ретінде тіркеуден өтті. Елімізге белгілі Төрегелді Шарманов және Нұрлан Ерімбетов сияқты азаматтар бұл қоғамның тең төрағасы болып сайланды.
– Тәуелсіз байқаушылық міндеттеріңізді қалай атқарып жатырсыздар, сайлау барысында өрескел қателіктердің алдын алдыңыздар ма?
– Біз қазір еліміздің 14 облысында және 2 ірі қаласында орналасқан 5300 сайлау учаскесіне өз байқаушыларымызды тіркедік. Комиссия асығыс құрылып, уақыттың шектеулі болуына байланысты еліміздегі барлық сайлау учаскесін байқаушылармен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз жетпеді. Ал сайлау барысында орын алған олқылықтарға келетін болсақ, заңнан тыс аса бір өрескел оқиғалар әзірге орын алған жоқ. Байқаушылар ретінде біздің әріптестеріміз бірқатар ұсақ-түйек кемшіліктердің бетін ашты. Мәселен, Астана қаласындағы №68, 158 сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің мекен-жайлары дұрыс көрсетілмеген. №173 сайлау учаскесінде 2 адам бір мезгілде дауыс беру кабинасына кіріп кеткен. Міне, осындай олқылықтарды дер кезінде анықтап, алдын-алу шараларын жүргіздік.
Сағат 14.00. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос баспасөз орталығына жиналған БАҚ өкілдері алдында хабарлама жасады. Шаңқай түске дейін елімізде орналасқан барлық сайлау учаскелеріне 6094566 дауыс беруші келіп, өздерінің саяси және азаматтық құқын паш еткен. Бұл Қазақстандағы барлық сайлаушылардың 60,4 пайызын құрайды.
15.00. Сағат 15.00. Баспасөз орталығына Бас прокуратураның өкілі Андрей Кравченко келіп, журналистер алдында өтіп жатқан сайлау науқанының құқықтық негіздерінің қамтамасыз етілуі туралы есеп берді. Оның айтуынша, еліміздегі барлық сайлау учаскелерінде құқықтық тәртіп сақталған. Сайлаушылардың құқығын қамтамасыз ету мақсатындағы барлық шаралар ойластырылған. Осы уақытқа дейін Бас прокуратураға 1004 өтініш келіп түскен. Оның 907-сі өтініш болса, 90-ы шағым, ал 7 хат ұсыныс ретінде түскен. Бұл хат-шағымдарға байланысты Бас прокуратура толық негіздегі жауаптар жөнелткен.
16.00. Сағат 16.00. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі
Татьяна Охлопкова баспасөз орталығына жиналған БАҚ өкілдері алдында еліміздегі кезектен тыс президенттік сайлауға дауыс беру барысы туралы хабарлама жасады. Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің айтуы бойынша, бесінге дейін еліміздегі сайлау қарсаңында тіркелген барлық дауыс берушінің 76,9 пайызы өздерінің азаматтық құқын пайдаланып, өз қалауын білдіріп үлгерген. Яғни, сағат 16.00-ге дейін 7056748 қазақстандық сайлаушы өзінің таңдауын жасаған. Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің, сонымен бірге тәжірибелі байқаушылардың айтуынша, сайлау науқаны барысында қазақстандықтар бұрын-соңды мұндай белсенділік танытып көрмеген екен. Сарапшылардың пікірінше, 3 сәуір күні өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында еліміздің жастары ерен белсенділік танытқан. Бұл еліміздің болашағы үшін жауап беретін жаңа толқынның өсіп келе жатқанын дәлелдесе керек.
17.00-Сағат 17.00-де Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры
Қайрат Саржанов шет мемлекеттерде Қазақстан азаматтарының дауыс беру жайынан хабардар етті. Оның хабардар етуінше, кезектен тыс президент сайлауына шет елдердегі Қазақстан азаматтары да белсенді дауыс беріп жатыр. Дауыс беру еліміздің шет елдердегі 35 дипломатиялық және консулдық өкілдіктерінде жүзеге асырылуда. Сайлаушылардың өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалана отырып, дауыс берулеріне барлық жағдай жасалған.
Дипломатиялық өкілдіктердің жанынан ашылған учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін ашық. Шет елдерге іссапармен, қызмет бабымен, сондай-ақ туристік жолдамамен келген қазақстандықтар өздерінің төл құжаттарын көрсету арқылы учаскелік сайлау комиссияларындағы тізімге енгізілді. Ал учаскелік сайлау комиссиялары орналасқан орын жайларда кандидаттар туралы қажетті ақпараттар орналастырылды. Сыртқы істер министрлігі сайлау бюлеттеньдерін учаскелік сайлау комиссияларына жеткізудің, дауыстарды санау мен оның қорытындысы туралы толтырылған хаттамаларды, басқа да құжаттарды астанаға жіберудің тәртібін жасады.
– Сайлау бюллетеньдері учаскелік сайлау комиссияларына сайлау болатын күннен бір күн бұрын жеткізілді, – деді Қайрат Саржанов. – Бюллетеньдер салынған қапшықтар мөрленіп, сайлау комиссияларына тапсырылды.
Департамент директорының айтуынша, шет елдерде дауыс беретін Қазақстан азаматтарының саны 12 мыңнан асады. Олардың ішінде ҚХР-дағы учаскелік сайлау комиссиясына 2600, Ресейде – 2500, Түркияда – 1200 қазақстандық сайлаушы тізімге енгізілген. Астана уақытымен сағат 16.00-дегі жағдай бойынша 5527 адам дауыс берген. Бұл тізімдегі сайлаушылардың 44,2 пайызын құрайды. Ал Астана уақытымен сағат 17.00-де Қазақстанның Жапония мен Кореядағы елшіліктерінде дауыс беру аяқталады. Енді бір сағаттан соң Қазақстанның ҚХР мен Малайзиядағы елшіліктерінде де дауыс беру мәресіне жетеді.
Сағат 18.30-да Орталық сайлау комиссиясының мүшесі
Үсен Жетенов БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, кезектен тыс президент сайлауында сайлушылардың сағат 18.00-ге дейінгі дауыс беру жөніндегі мәліметтерімен таныстырды. Оның келтірген мәліметтері бойынша, сағат 18.00-ге дейін 7709159 сайлаушы сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасаған. Бұл сайлаушылар тізіміндегі адамдардың 84,0 пайызын құрайды. Саяси науқанда, әсіресе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы сайлаушылар ерекше белсенділік танытқаны байқалады. Ал Астана мен Алматы қалаларының сайлаушылары белсенділік таныта алмай келеді. Бұл қалалардың дауыс беру көрсеткіштері тиісінше 54,9 және 55,4 пайыз ғана.
19.00. Сағат 19.00. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы
Бақыт Мелдешов кезектен тыс президенттік сайлауды ашық қамтамасыз ету жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының жұмысы туралы айтып берді. Оның хабардар еткеніндей, ОСК Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына жалпы саны 1059 халықаралық байқаушыны тіркеген. Оның ішінде 42 мемлекеттен 357 байқаушы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан, 426-сы ТМД миссиясынан төрт халықаралық ұйымнан 100 байқаушы, ШЫҰ миссиясынан 13 және 25 мемлекеттен 163 байқаушы бар.
Бұлардан басқа ҚР Сыртқы істер министрлігі 212 шет елдік БАҚ-тардың өкілін байқаушы ретінде тіркеді. Осыларды қоса алғанда, тіркелген халықаралық байқаушылар мен шет елдік БАҚ өкілдерінің саны 1271-ді құрап отыр. Сонымен қатар, қазақстандық саяси партиялардың 1909 өкілі аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамында кеңесуші дауыс құқығына ие ретінде жұмыс істеуде. Барлық сайлау комиссияларында президенттікке кандидаттардың сенім білдірілген адамдары дауыс беру үдерістерін бақылауда. Олардың жалпы саны – 31 511 адам.
– Осыған қарағанда, кезектен тыс президенттік сайлауда ашықтық, жариялылық қамтамасыз етілген деп айтуымызға болады, – деді Бақыт Мелдешов. – Дауыс беру белсенді және қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Сағат 20.00-де Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары
Владимир Фоос кезектен тыс президенттік сайлауда дауыс берудің аяқталғаны және дауыстарды санаудың басталғаны туралы хабарлама жасады. Төраға орынбасарының мәлім етуінше, қазіргі кезде еліміздің көпшілік өңірлерінде дауыс беру аяқталып, ондағы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлаушылар дауыстарын санауға кірісті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 43-бабы 3-тармағына сәйкес дауыстарды санау әр кандидат бойынша жеке-жеке жүргізіледі.
– Учаскелік сайлау комиссияларында дауыстарды санау уақыты дауыс санау басталғаннан кейін 12 сағаттан аспауы тиіс, – деді В.Фоос осы туралы. – Батыстағы өңірлер – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 21.00-ге дейін жалғасады. Сондай-ақ шет елдерде ұйымдастырылған көпшілік учаскелік сайлау комиссияларында да дауыс беру әлі аяқталған жоқ.
21.00-Сағат 21.00-де Бас прокуратураның департамент бастығы
Андрей Кравченко брифинг өткізіп, сайлау науқаны барысында азаматтардан түскен арыз-шағымдар жөнінде мәліметтер келтірді. Осы уақытқа дейін барлық мемлекеттік органдарға азаматтардан 1017 арыз түскен. Оның 909-ы арыз, 101-і шағым және 7-еуі ұсыныс. Бұл түскен арыз-шағымдардың саны төмен екендігін көрсетеді. 909 арыздың басым көпшілігі, яғни 425-і дауыс беруден бас тартқандыққа, 225-і сайлаушылар тізімінен тыс қалғандығына байланысты. Бұл деректер өзгеріп қалуы мүмкін.
Департамент басшысының айтуынша, түскен шағымдардың ішінде сайлау комиссияларының шешімдеріне қатысты шағымдар да бар. Прокуратура органдары тарапынан 84 ұсыным қаралды. Оның 29-ы тиісті органдардың қарауына жолданды, 13-і қанағаттандырылды. 32 өтінішке қатысты түсіндіру шаралары жүзеге асырылды. Қазіргі кезде бірқатар өтініштер қарастырылу үстінде. Ал соттарға дауыс беру күнін қосқанда, сайлау кезеңінде 23 арыз түскен. Соттар сол арыздардың 8-ін қараудан бас тарту туралы қаулы қабылдаған, 5 арыз уақыты өтіп кетуіне байланысты шағымданушыға қайтарылды. Сотта қаралып жатқан арыздар да бар. Оларды Астана және Орал қалаларының соттары қарап жатыр.
Бас прокуратураның өкілі, сондай-ақ дауыс беру күні түскен өтініштерге де тоқтала кетті. Оның хабардар етуінше, түрлі мемлекеттік органдарға 15 өтініш түскен, олардың 9-ы прокуратура органдарына, 5-еуі Орталық сайлау комиссиясына, 1-еуі сотқа жолданды. Сөзінің соңында А.Кравченко ЖСДП-ның Қарағанды қалалық филиалының төрағасы Рахымбердиннің прокуратураға түсірген арызының мән-жайына тоқталды. Прокуратура өкілінің айтуынша, Рахымбердиннің ұялы телефонына СМС арқылы оның және осы партияға мүше бірнеше адамның учаскелік сайлау комиссиясына қатысудан бас тарту жөнінде белгісіз біреулер қоқан-лоқы жасаған. Бұл қазіргі кезде прокуратура тарапынан тексеріліп жатыр.
Сағат 22.30-да Орталық сайлау комиссиясының төрағасы
Қуандық Тұрғанқұлов сайлаушылардың дауыс беруге келуінің қорытындыларына арналған брифинг өткізді. Қ.Тұрғанқұловтың атап өткеніндей, Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауында дауыс беру аяқталды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, еліміздің шалғайдағы қатынасу қиын аудандары мен Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінде құрылған учаскелік сайлау комиссияларынан дауыс берудің қорытындысы кейін келіп түседі. Облыстардың, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларынан түскен мәліметтер бойынша, еліміздегі сайлаушылардың дауыс беруге келуі 89,9 пайызды құрады. Әрі қарай ОСК басшысы облыстардағы және Астана мен Алматы қалаларындағы сайлаушылардың дауыс беру көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып өтті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.