31 Қаңтар, 2017

Мәжіліс депутаттары Жолдауға үн қосты

384 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына байланысты брифинг өтті. Оған Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Гүлмира Есембаева, депутаттар Гүлжан Қарақұсова мен Нұртай Сәбильянов қатысты. Жиында Мәжіліс депутаттары Жолдаудың мәні мен маңызын, оның алға қойған мақсаты мен міндеттерін айтып, өз пікірлерін білдірді.  Онда Г.Есембаева ел ішінде Елбасының Жолдауы дәстүрге айналғанын, оны Қазақстан халқының жыл сайын тағатсыздана күтетінін, өйткені, құжатта еліміздің соңғы жылдары атқарған жұмыстары қорытындыланып, болашаққа бағыт-бағдары көрсетілетінін атап өтті. -Қазіргі кезде, - деді «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі, – елімізде көптеген бағдарламалар қабылданып, жұмыстар жасалып жатыр. Біз тәуелсіздігімізді нығайтуда тарихи кезеңдерден өтіп,  елімізді дамытуда мүмкіндіктің бәрін жасап келеміз. Бүгінде жүздеген ауруханалар мен мектептер, мыңдаған шақырым жолдар, жүз мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер салынуда. Осының бәрі бірлік пен берекенің, Қазақстан халқының Мемлекет басшысының айналасына топтасып, бірігіп жұмыс істегенінің арқасы деп білемін. Осыған байланысты ол еліміздің екі тарихи кезеңнен өткенін, енді алдымызда үшінші жаңғырту кезеңі тұрғанын, бұл жаһандық бәсекеге қабілетті болу кезеңі болатынын айтты. «Өздеріңіз жақсы білесіздер, – деді Г.Есембаева, – Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіріп отыр. Біздің ел мұнымен тоқтамайды. Ендігі кезекте еліміздің мақсаты – 30 елдің қатарына қосылу. Оған Президенттің экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту мен басқа да тапсырмаларын орындасақ қана жете аламыз». Осы жерде халық қалаулысы Елбасының биылғы Жолдаудағы тапсырмаларына, оның маңыздылығына кеңінен тоқталды. –Биылғы Жолдауда еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне баса назар аударылды. Расымен де қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде бәсекелестік күшейіп жатыр. Біздің елге де болашақта иық тіресе жүріп, басқа мемлекеттерге өз өнімдерімізді өткізуге дайын болуы керек. Бәскеге қабілетті болу дегеніміз – бизнестің қарапайым қағидасы, ережесі. Ол үшін әрине, әуелі халыққа кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беріп, шағын бизнесті дамытуға жағдай жасауымыз керек. Елбасы Жолдауда осы жағын жақсы айтты. Бүгінгі таңда жер-жүзінде ІТ технологиясы дамыған, ауыл шаруашылығы шалқыған елдер ғана қара үзіп, алға шығып жатқанын білеміз. Егер мемлекет өз халқын жақсы өніммен қамтамасыз етіп, тағамдарын таза, сапалы жасағысы келсе, алдымен өз елінің ауыл шаруашылығын дамытудан бастау керек. Президент Жолдауда осы жағын қадап айтып, нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамытып, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтты. Мен Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі ретінде партияның Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап, алған қойған мақсат-міндеттерін қолдайтынын айтқым келеді. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік – Жолдаудағы негізгі бағдарламалық құжат. Экономиканың дамуы  кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап, дамытуға байланысты. Біздің бәсекеге қабілетті еліміз, әлем мойындаған Елбасымыз бар, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары. Осыдан кейін жиында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова Президенттің Жолдауда қаржы жүйесі мен банк секторын дамыту, несие алу, оны тиімді пайдалану туралы тапсырмаларына қатысты өз пікірін білдірді. Ол әлемнің барлық елдері кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа несие берумен айналысатынын, оның өз ісін бастаған адамға және банктерге тиімді болу үшін барлық жағдайды жасайтынын айтты. –Біздің елде мемлекет пен кәсіпкерлер арасында әріптестік қалыптасып келеді. Алайда, несие беру ісінің ақсаңдап жатқаны да бар. Сондықтан Мемлекет басшысының шағын бизнесті қолдау туралы ойларымен толық келісемін және қолдаймын. Жалпы, елімізде несие беру, қаржы саласын реттеу жұмысын бақылайтын бір орган болғаны дұрыс. Ол Ұлттық банк болуы керек, – деді Г.Қарақұсова. Брифингте келесі кезекте Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов сөз алды. Ол биылғы Жолдаудың еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жасалғанын, осы құжаттың негізінде кәсіпкерлікті, елді-мекендерде интернет жүйесі мен сандық технологияны дамыту көзделіп отырғанын атап өтті. –Жасыратыны жоқ, қазір шалғай ауылдарда, басқа да жерлерде интернет жүйесінің жылдамдығын жақсарту керек. Жолдауда Президент осы мәселені көтеріп, сандық бағдарлама жасауды ұсынды. Бұл құжатта интернет жүйесінің жылдамдығы артып, сапасын жақсарту көзделген.  Елбасы кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу туралы да тапсырма берді.  Қазір кейбір жерде кәсіпкерлерге кедергі жасалып жатқаны рас. Соның кесірінен шағын бизнеспен айналысып жатқан адамдар ісін дөңгелете алмай келеді. Сондықтан Президент Жолдауда бизнеске кедергі кетірмеу туралы баса  айтты, – деді ол. Сонымен бірге ол кәсіпкерлікті дамыту мәселесінде Елбасының ауыл шаруашылығына қатысты ойларымен толық келісетінін, өйткені, елдің берекесі мен мерекесі, халықтың өсіп-өркендеуі осы саламен тығыз байланысты екенін жеткізді.  Осы орайда Н.Сабильянов несиені ауыл шаруашылығын дамытуға деген ынтасы, жігері бар азаматарға берілу керектігін, солар отандық өнімді көбейтіп, тауарларды экспортқа шығарса елімізге пайда ғана әкелетінін айтты. «Биылғы Жолдауда Нұрсұлтан Әбішұлы бәсекеге қабілеттілік аграрлық секторға байланысты екенін, сол үшін осы саланы дамыту туралы нақтылы тапсырмалар берді. Оны дамытудың бірнеше жолын көрсетіп, мақсат-міндеттер қойды. Мысалы, қазір субсидия мәселесі де өзекті болып тұр. Бүгінде елімізде субсидияны ірі шаруа қожалықтары алса, болашақта оны шағын бизнеске де көбірек беру керек деп ойлаймын. Екінші мәселе, аграрлық сектормен нақты айналысатын құрылымдардың жұмысын бақылауды күшейту керек. Осы мақстата Президент «Бәйтерек» холдингі мен «ҚазАгро» компаниясын біріктіру туралы тапсырма берді. Бұл өте дұрыс шешім болды. Қазір «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның 500-ден аса еншілес компаниялары болса, «ҚазАгрода» 7, «Бәйтеректе» 11 кәсіпорын бар. Солардың бәрі тізе қосып жұмыс істесе аграрлық сектор дамитыны сөзсіз», – деді ол. Жиында Мәжіліс депутаты Жолдауда сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік сатып алу мәселесіне кеңірек тоқталғанын, Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосыламын десе жемқорлық деген жегіқұртпен күресуді тоқтатпай, мемлекеттік сатып алуда қатаң тәртіп пен бақылауды күшейту керектігін айтты. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»