Барлық халықаралық стандарттарға сай
Қазақстандағы сайлауға интернет-сайттардың бағасы осындай
Сайлаудың тарихи мәні зор Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өтіп отырған бүгінгі сайлаудың тарихи мәні зор. Осы орайда халықаралық байқаушылар Қазақстандағы президенттік сайлаудың дайындығы мен барысын оң бағалауда. Кезектен тыс президент сайлауы еуропалық стандарттарға сәйкес өтіп жатыр. «Қазақстандағы дауыс беру үдерісін басынан-аяғына дейін бақылаудамыз. Ол еуропалық стандартқа сәйкес өтіп жатыр. Біз дауыс берушілердің белсенділігіне таңданып та, қуанып та тұрмыз» деген сөзді көптеген халықаралық байқаушылар айтуда. Олар ешбір заң бұзушылық байқалмағандығын атап өтті. «Жалғыз ғана кемшілік – ауа райы» «Біздің өзімізде де, учаскелерде кездескен ұлттық байқаушылар да қазіргі таңда дауыс берудің барысына немесе оның нәтижесіне ықпал ететіндей елеулі ескертпелер көріп отырған жоқпыз», деп мәлімдеді Ресей мен Белоруссия Парламент жиналысының депутаты Анатолий Локоть. «Жалғыз ғана кемшілік – ауа райы», деп әзілдеді ол. Алматыда сәуір айы үшін таңданарлық ауа райы орнағаны, таңертеңнен қалың қар жауып тұрғаны рас еді. Сайлаушыларға барлық жағдай жасалған Парламент жиналысының депутаты Николай Мусалимов те сайлау үдерісінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады. Алматыдағы бес сайлау учаскесін аралап шыққан ол «сайлаушыларға барлық жағдай жасалғанын» атап өтті. Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды «Мен бәрі де жақсы өтеді, Қазақстан халқы біз құрметтейтін өз таңдауын жасайды деп сенемін», деді Грекияның байқаушылар миссиясының өкілі Панаетис Фотиадис. Ол Қазақстандағы сайлау бүкіл әлем үшін маңызды деген ойын айтты, өйткені «Қазақстан – әлемдегі ең үлкен елдердің бірі, сондықтан мұнда болып жатқан жайдың бәрі белгілі бір дәрежеде жұрттың бәрін толғандырады». Бүгінгі сайлау ашық өтуде «Бүгінгі сайлау өте ашық өтуде, ол барлық халықаралық стандарттарға сай», деп мәлімдеді түрік байқаушысы Махмуд Ұлыер (сайттағы нұсқасы – Улуэр – ред.). Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлаудың маңыздылығы елдің Орталық Азия өңіріндегі бөлекше рөлімен байланысты. *** Жақсы ұйымдастырылған АҚШ байқаушылары Қазақстан президентін сайлау науқанының жақсы ұйымдастырылғанын атап көрсетеді, деп хабарлады байқаушылар миссиясының мүшесі Дуглас Алан Таунсенд. «Барлық процедуралар нормативтік-құқықтық талаптарға толықтай сәйкес келеді», – деді Таунсенд Алматыдағы алты сайлау учаскесінде болғаннан кейінгі баспасөз мәслихаты кезінде. Атап айтқанда ол сайлау учаскелерінде қажетті ақпараттардың барлығы да қолжетімділігімен ерекшеленді. «Басқа байқаушылармен бірге біз барлық сайлау процедуралары оң ұйымдастырылды деген көзқарасқа келдік». Ол сондай-ақ сайлау учаскелеріне жас сайлаушылардың көп келгенін оң бағалады. Дуглас Алан сонымен қатар дауыс беру осы деңгейде жалғасатын болса, қазақстандықтардың көпшілігі өз таңдауын жасайтыны анық екенін білдірді. Белсенділік қуантты Қазақстандағы президенттік сайлаудың ұйымдастырылуын грекиялық байқаушылар өте жоғары бағалап отыр. «Барлығы нақты және өз деңгейінде ұйымдастырылған. Мен барлығының да көңілдегідей өтетініне сенімдімін. Алдын ала дайындық мәселелерін өз басым өте жоғары бағалаймын. Ал нақты бағаны сайлаудан кейін ғана бере аламын», деді журналистерге миссия мүшесі Инга Абгарова Алматыдағы баспасөз мәслихаты барысында. «Дауыс беру уақыты аяқталуға жақын. Мені қазақстандықтардың дауыс беруге деген белсенділігі қуантты. Себебі, Қазақстан халқы өздерінің болашағына бейжай қарамайтынын анық аңғартты», – деді Грекия байқаушылар миссиясының мүшесі Панаетис Фотиадис. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы сайлаудың бүкіл әлем үшін маңызы зор екенін атап көрсетті. Өйткені, Қазақстан дүние жүзіндегі үлкен мемлекеттердің бірі болып табылады.