01 Ақпан, 2017

Аяулымның алғашқы асуы

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Францияның курортты шаһары Альбиезден Алтайға жағымды жаңалық жетті. Он бес жастағы өскемендік бойжеткен Аяулым Әміренова фристайлдың могул түрінен өткен Еуропа кубогының бірінші кезеңінде 3-ші, жұптасып өнер көрсетуден сайысқа түскен екінші кезеңде 2-орынды иеленді. Қазір екі кезең бойынша сәтті сырғанаған қазақ қызы рейтингте көш бастап, үздіктерге берілетін сары жейдені киіпті. Шаңғы жастанып, коньки төсеніп өскен Еуропаның азулы спортшыларының арасынан суырылып шығып, үздік үштікке іліну үлкен жетістік, әрине. Шет елде жүрген Аяулымның өзімен тілдесуге мүмкіндік болмағаннан кейін Өскеменде тұратын ата-анасының үйіне арнайы барып, құттықтап, сұхбаттасып қайттық. – Бұл – Аяулымның спорттағы алғашқы үлкен жетістігі. Қуаныш­тан жүрегіміз жарылардай болып тұр. Әрине, ел ішіндегі жарыстарда топ жарып жүргенімен, шетелде өтетін үлкен дүбірлі додаларда жүлдеге іліну оңай шаруа емес. Бұған дейін қызымыз екі-үш мәрте Еуропа кубогына қаты­сып, бірде 10, бірде 8-орындарды иеленіп жүрді. Ең жоғарғы жетістігі – 6-орын. Бұл жолғы жарыстың бірінші кезеңінде 1-орынды Норвегия, 2-орынды Британия спортшылары алған екен. Он алты мемлекеттен қатысқан жиырма төрт қыздың ішінен 3-орыннан көріну үлкен жетістік деп ойлаймын. Болашағы әлі алда ғой, – дейді анасы Гаухария Сабилдина. Кәрі құрлықта өткен бұл дүбірлі додаға Өскеменнен Аяулыммен бірге екі спортшы қатысқан көрінеді. 18 жастағы Олег Цинн бірінші кезеңде 6-орынға табан тірепті. Гаухария Сабилдинаның айтуынша, Еуропа кубогына қа­тыс­қан спортшылардың ішіндегі ең жасы кішісі Аяулым екен. Қазақ баласына жалынан сипатпай жүрген қысқы спорт түрлерінде соңғы кездері қандастарымыздың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Аяулымның әкесі Серік Әміренов қызын алғаш осы спорт түріне жетелеп апарғанда 80 баланың төртеуі ғана қаракөздеріміз болған екен. Өскеменде қазақ қыздары арасынан фристайлдың могул түрімен алғаш болып шұғылданып жүрген Аяулым Әміренова қазір қаладағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде 10-сыныпта оқиды. Бапкері – есімі елімізге кеңінен танымал, талай саңлақтарды түлеткен Виктор Рейхард. – Қызымызды осы спорт түріне жібергенімізге еш өкінбейміз. Аяулымның да ең үлкен арманы – ақ Олимпиа­даға қатысу. Бапкерлері бұған дейін: «Аяулым әлі жас қой. Асықтырмаймыз», деп жүретін. Осы жолы шет елге жүрер алдында:«Қайтсек те Еуропада бестікке ілінуіміз керек. Ал Азиадада міндетті түрде орын алуың қажет», деп жатты бапкерлері, – дейді анасы. Шаңғыны ұршықша иіріп жүрген қазақтың қайсар қызының әкесі Серік Әміренов Аяулымды бұл спорт түріне төрт жасында бергенін айтады. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, жастар арасындағы спартакиаданың жеңім­пазы атанған өскемендік бойжеткен қазір ақпан айында Жапонияның Саппоро қаласында өтетін Азиада ойындарына қатысуға әзірленіп жатқан көрінеді. Бір айта кетерлігі, бұл сайыста фристайлдың могул түрінен қазақ қыздары арасынан жалғыз Аяулым ғана ел намысын қорғайтын болады. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН