Тарихи шегініс
«Талай туды төбесіне қадап, тағдыр мен тарихты ішке бүккен шежірелі қала жайлы нақты деректер аз, – дейді Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев. – Бұл шаһарды Алтын Орданың Кіші Сарайы, діни астанасы, тоғыз жолдың торабындағы сауда қаласы ретінде ғана білеміз. Тіпті, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін осындай асыл мұрамыздың бар екеніне мән бермедік. Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың нақты қай жылы бой көтергені жайлы мәлімет те жоқ. Ең көне мәлімет 1334 жылы арабтың атақты жиһанкезі Ибн Батутаның Сарайшыққа келгенінде жазғаны болса керек, ол кезде қала керуен жолы бойындағы ірі сауда, діни орталық екен, іргесіндегі Ұлысу өзенінде үлкен жүзбелі көпір болыпты». Сарайшыққа алғаш болып зерттеу жүргізгендердің бірі белгілі археолог Әлкей Марғұлан еді. Ол 1950 жылы ескі шаһардың орнына қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде «Қала он екінші ғасырда салынған» деген қорытындыға келген. Кейін бұл пікірді республикалық археология институтының ғалымдары да растады. Азия мен Еуропаның түйіскен тұсында, Жайықтың Каспий теңізіне құяр сағасына жақын маңнан бой көтерген Сарайшықтан сонау Қытай мен Үнді, Хорезм мен Иран, Қарақорымнан шыққан керуен өткен деседі. Ал Қазан мен Орынбор татарлары «Сарайшық Үлкен Сарайдың көшірмесі ретінде бой көтерді, онда қыпшақ хандары жаз бойы демалатын» деп жазған. Көшірме демекші, көне қаланың макеті мен Мәскеудегі Қызыл алаңның ұқсастығы көп. «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешенінің басшысы Молдаш Бердімұратов бір қызық дерек айтады. «Бірде тікұшақпен Ресей елінің азаматтары келді. Оларға Қызыл алаң Сарайшықтың көшірмесі, тіпті бұл жайлы Саратов мұражайында мәлімет бар деп едім, сенбеді. Ұшып кеткен, бір уақытта қолдарында қағаз бар, келіп тұр. Саратов қаласына барып, менің айтқанымның дұрыстығына көз жеткізіп қайтыпты», дейді ол. Молдаш Бердімұратовтың айтуынша, Сарайшық – киелі орындардың бірі. Бұл топырақта есімдері елге жайылған 12 әулие мәңгілік тыныс тапқан. Кезінде Сарайшықта жүзден астам хан билік етіпті. Жеті ханның сүйегі, бір ханның басы жатыр. 1999 жылы Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен мемориалды кешен салынып, хандар пантеоны ашылды. Оған Елбасының өзі келіп, ашылу салтанатына қатысты. Мөңке Темір, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Шейх Мамай, Жүсіп хандарға арналып жеті құлпытас қойылды. Аңыздарда Едіге мен Ер Тарғын батырлардың да осында жерленгені жайлы айтылады. Сәні мен салтанаты жарасып, Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшық 1580 жылы Дон, Еділ казактарының шапқыншылығы кезінде біржола қираған. Кейін бұл жерге Ресей патшалығы отаршылдық бекініс салды. Ол Қазан төңкерісіне дейін сақталып келді. Бүгінде көне қаланың орны облыс орталығынан елу шақырым жерде, Махамбет ауданының аумағында орналасқан. Соңғы жылдары профессор Зейнолла Самашев бастаған археологиялық экспедиция көп жұмыс атқарды. Сарайшықтағы топырақ астынан табылған құнды дүниелер мен жәдігерлер мемориалдық кешен жанындағы мұражайда және облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған. Музей маманы Кәмшат Елеуова Сарайшық қаласының тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады дейді, яғни Х-ХІ ғасыр ірге тасының қалану кезеңі, ХІІІ-XIV ғасыр гүлдену кезеңі, XV-XVI ғасыр құлдырау кезеңі. Бұл қалада көптеген шеберханалар, теңгеханалар жұмыс істеген. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлердің арасында сфероконус деп аталатын қыштан жасалған ыдыстар бар, кейбір деректерде онда дәрі сақталды десе, енді бірінде ішіне парфюмерия құйылған деседі. Мұражайдың аса құнды жәдігерлерінің бірі – сұр түсті қыш құмыра. Сарайшық қаласынан үш метр тереңдіктен табылған. Құмыраның бір ерекшелігі, бүйірін анықтап қарасаңыз, ортазиялық түркі әдеби тілінде Жүсіп Баласағұнның «Кісі көркі жүз, бұл жүз көркі көз, бұл ауыз көркі тіл, бұл тіл көркі сөз, тағы кісіге көрік білім мен өнер, біліктілікке әркім жанын пида етуі тиіс» деген қанатты сөздері жазылған. Ортаңғы бүйірінде «Бұл құмыраның ішіне көз жасын құяр болар» деген сөз бар. Ол зерттеушілердің пайымдауынша, осы құмыраны жасаған шебердің мұң-шері болуы мүмкін.Бүгінгі ахуал
«Сарайшықты Жайық суы шайып барады» деп өткен ғасырдың 50-ші жылдары академик Әлкей Марғұлан дабыл қаққан еді. Арада қанша уақыт өтсе де, өзгергенді көз көрмеді. Өзен суы 1940 жылдардан бастап қалыпты арнасынан ауытқыды. Тарихи орынға кешенді зерттеу жүргізілмеуі, сол баяғы немқұрайлылық пен немкеттілік ақыры бабалар көзі саналатын қасиетті орынның 70 пайызға жуығының су астында қалып, жойылуына әкелді. Әлі де болса Алтын Орда дәуірінің екінші, Қазақ елі мен Ноғай хандығының алғашқы астанасы, Алтын Орда, қазақ хандарының пантеоны болған тарихи орынның көз алдымызда құрып кетпеуіне жол бермеуіміз керек. Қазір Жайық өзенінің суы шайып, ескі қаланың қоршауы құлап жатыр. Құлама жардың әр жерінен адам сүйектері көрінеді. Мемлекет қорғауындағы нысанның бұдан өзге де мәселелері бар. Осы жерді көзінің қарашығындай сақтап, бабалар аманатына адалдық танытып жүрген Молдаш Бердімұратов алдағы күндерден үміт күтеді, «Сарайшық жер бетінен жойылып кетпеуі тиіс», – дейді ол. Бұл мәселені көтергендегі мақсатымыз да осы – қалған аумағын сақтап, қорғау мәселесі шешімін тапса дейміз. Кешен басшысы Молдаш Бердімұратов «Болашаққа сенімсіз қарауға болмайды», деп жақсы әңгіменің шетін шығарды. – Қазба жұмыстары жүргізілген қала орны суға кетіп жатты. Құзырлы орындарға айтылды, жазылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен биыл осы мақсатқа қазынадан қаржы қаралды. Қазір жағаны бекіту жұмысы жүріп жатыр. Бағаналар қағылып, қажетті материалдар алынды. Көктемгі өр суы келгенше біз де жұмысымызды аяқтаймыз, – дейді ол. Солай болса игі.Болашаққа бағдар
Сарайшықтың тарихын бүгінмен бітірмей, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу ісінде әйтеуір қарекетсіз емес екеніміз көңілге жұбаныш. Мысалы, тарихи фильм түсіру жоспарда бар. Айына 700-дей керуен келген қала сол кездің өзінде туристік орталық саналған. Бұл үрдісті бүгінмен де байланыстырған жөн. Сарайшық біздің ұлттық брендіміз болуы тиіс. Атырау аймағы – шетелдік және отандық саяхатшылар үшін тартымды өлке. Әсіресе, ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында туризм саласын дамытудың маңызы зор. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Рүстем Егізбаев та бұл сөзімізді қуаттайды. Оның айтуынша, мұнайлы аймақта туризм саласына инвестиция құюға мүдделілер қатары артып келеді екен. Қазір өңірде 8 туристік база бар. Ал нақты жоспарларға келер болсақ, алдағы жылдары «Ортағасырлық Сарайшық» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Бірегей, қызықты, тарихи нысан ескі қаланың орнында бой көтеретін болады....тағы да
Сарайшықты айтқанда, ұмытылмауы тиіс тағы бір жайт бар. Ол – күні кешеге дейін ескерусіз қалып келген, Сарайшық пен көне Үргеніштің арасына сара жол салған Ұлы Жібек жолының бойындағы Таскешу керуен сарайы. Бұл ортағасырлық ескерткіш Алтын Орда мемлекетіне тиесілі және бір ерекшелігі тұтастай қыш кірпіштен тұрғызылған. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында ғана сең жүріп, сарайдың жартысы топырақ астынан аршылып алын- ды. Мақат, Қызылқоға, Жылыой аудандарының шекаралас қиылысында орналасқан Таскешу – Сарайшық қаласынан шығатын Ноғай жолы бойындағы алғашқы керуен сарай. Кезінде көпестер мен дәулетті саяхатшыларға қонақүй ретінде салынған бұл мекен Сағыз өзенінен өтетін өткелді қамтамасыз етіп, керуен сарай хабаршыларының атын ауыстыратын пошта бекеті де болыпты. Археолог Марат Қасенов қазба жұмыстары кезінде көп жәдігер табылғанын айтады. Облыс орталығынан он шақырым ғана қашықтықта орналасқан тағы бір ескі қала Ақтөбе-Лаэти деп аталады. Оны алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары мұнайшы-геолог Сапар Қарымсақов пен өлкетанушы ғалым Вячеслав Афанасьев анықтаған. Тарихта «шеберлер қалашығы» деген ұғыммен белгілі Ақтөбе-Лаэтиді XIV ғасырдың аяғында Темірдің әскері қиратып кеткен. Бір кездері Каспий теңізі мен Жайық өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан су астында қалған қалашық өткен ғасырдың 50-жылдары жер бетіне қайта шыққан еді. Тоқсаныншы жылдары зерттеу жұмыстары тоқтап қалды. Соңғы кезде ғана атыраулық археологтар назар ауда- рып, қазба жасады. Өкініштісі, мемлекет қорғауына алынғанына қарамастан, қалашықтың тұтастай бір бөлігі телестанса салу кезінде қиратылған. Ал ғасырлар ғаламатын қойнауына бүгіп жатқан ескі қала жанында қазір «Жұлдыз» деген жаңа шағын аудан бой көтеріп, жергілікті халық жарыса үй салып жатыр. Бабалар мұрасына салғырт қарамай, ең болмаса көзге көрініп тұрған жерін аспан асты мұражайы мен археологиялық базаға айналдырсақ, кәне? Заман бір көшкен жел. Шыңғысханның ұрпағы Бату хан сәні мен салтанатына қызығып, Ақсақ Темір қиратуға қимаған Сарайшықты, көненің көзі болған Ақтөбе-Лаэти мен Таскешуді бүгінгі күн талабына сай ұтымды пайдалануға болар еді. Аспанмен таласқан тауы, сылдырай аққан бұлағы жоқ Атыраудың алыс-жақыннан бетке алған меймандарының алдында мейманасы тасып, мақтана көрсетердей қасиетті орындары жоқ емес, бар, тек соны ұқсата алмай жүргеніміз болмаса... Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы