Мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқына арнаған Үндеуімен үлкен қызығушылықпен таныстым.
Сіздердің елдеріңізді Президент өз халқына ұсынған маңызды конституциялық реформа бағдарламасына орай құттықтаймын. Арнайы Жұмыс тобы тарапынан ұсынылған, биліктің жалғыз иесі халық деген қағидаға сүйенген барлық ұсыныстар мен ұсынымдар парламенттік басқару жүйесін енгізуге бағытталған. Демократиялық мемлекетте биліктің заң шығарушы және атқарушы органдары нақты өкілеттіктің бөлісу қағидаттарын сақтай отырып, өзара ынтымақтастық аспектілері бар толық тәуелсіздікке ие болуға тиіс.
Парламент пен Үкіметтің қарым-қатынасы өзара тең дәрежеде болуы керек, олардың біреуі екіншісінен басым болмауға тиіс. Бұл Парламент рөлінің нығаюын талап етеді, ал Үкіметтің барлық қызметі Парламенттің бақылауы аясында жүзеге асырылғаны жөн. Осындай конституциялық қатынастар барысында билік тармақтарының арасында қайшылық туындаған жағдайда Президент төреші болады.
Ұлттық Конституцияны қайта қарастыру үдерісінде осы жаңа қағидаттарды жүзеге асыру демократия мен адам құқықтары қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді, сондай-ақ азаматтардың еркіндігіне қосымша қорған болады әрі сіздердің елдеріңізді басқарудың жаңа сапалық деңгейіне көтереді. Бұл – заманауи басқару қағидаларын қолданып, билік жүйесінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылған кез келген ел үшін шешуші шарт.
Мен жаңғыру мақсатына талпынған сіздердің елдеріңізге бар жақсылықты тілеймін. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тағы да менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар.
Тахер ХИКМЕТ
Иордания Конституциялық сотының президенті